«Жанұя» жәрдемдеседі

0 145

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының жұмысымен танысты. Ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналармен жүздесіп, әлеу­меттік саладағы түйткілді мәселелерді талқылады. Шараға депутаттар Алтыншаш Табулдина, Динара Байсеркина мен Назгүл Мақжан қатысты.

– Бүгін елордадағы «Жанұя» отбасы институтының жұмысына куә болдық. Сонымен қатар жиынға көпбалалы, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар да қатысты. Баспана алуды жеңілдету, мүгедек арбасының сапасын арттыру, әлеуметтік көмек түрлерін көбейту мәселелері айтылды. Осы мақсатта тиісті жұмыстар атқарылады. Бүгінгі шараның да мақсаты сол – әлеуметтік саладағы өткір мәселелерді анықтап, олардың шешімін табу. Қазіргі таңда барлық мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға болады. Алайда оны пайдаланып, электронды порталдарға өз бетімен кіруге баршаның сауаттылығы жетіңкіремейді. Осы мақсатта орталық мамандары кез келген сұрақпен жүгінген азаматтарға қолдау көрсетеді. Осындай қоғамға қажетті орталықтардың санын арттыру қажет. Алдағы уақытта ауыл-аймақтардан да «Жанұя» бөлімшелері ашылса, нұр үстіне нұр болар еді, – деді депутат Н.Мақжан.
«Жанұяда» халыққа керек қызмет түрлері түгелімен шоғырланған. Атап айтқанда, Білім басқармасы, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, Халықты жұмыспен қамту орталығы, Тұрғын үй қоры, «Отбасы банкі» мен «Кәсіпкер ана» бизнесті қолдау және дамыту орталығы орналасқан. Орталықта көпбалалы, толық емес, аз қамтылған, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар өздерін мазалаған сұрақтар бойынша кәсіби мамандардан кеңес алады.
Сонымен қатар орталықта қиын жағдайға тап болған отбасыларға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетіледі. Қала әкімі және оның орынбасарлары көпбалалы аналарды осы жерде қабылдайды. Тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында өзіне-өзі қызмет көрсету бөлімі ұйымдастырылған. Компьютер, интернетпен жабдықталған сектор техникалық мүмкіндігі жоқ азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсету порталдарында жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мұнда балаларын үнемі ертіп жүретін ата-аналардың жағдайы ескерілген. Олар үшін ойын алаңы ұйымдас­тырылған.
– «Жанұя» әкімдіктің қолдауымен 2019 жылы 26 тамызда әлеуметтік топтар арасындағы қарым-қатынасты қолдап, қоғам мүшелерінің әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында ашылды. Содан бері 68061 сұрақ бойынша 48501 адам жүгінді. Өтініш білдіргендердің 60 пайызы – АӘК алу, 8 пайызы – тұрғын үй, 7 пайызы – заңгер көмегі, 4 пайызы – жұмысқа орналасу және басқа да санаттарды құрайды. Ал жыл басынан бері орталықтан 6539 сұрақ бойынша 7 мыңға жуық азамат көмек алды. Оның ішінде 5209-ына кеңес беріліп, 1694 мәселені шешуге тиісті шаралар қабылданды, – дейді орталық директоры Әсемгүл Садыр.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 − 4 =