«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жануарларға – жанашырлық

0 360

Елордадағы «Keruen city» сауда және ойын-сауық орталығында адамдардан зәбір көрген үй жануарларының жағдайын өзек еткен «Мен сеземін» атты ерекше көрме ашылды. Қайырымдылық шараны өткізуге қала әкімдігі қолдау көрсеткен.

Көрмеге Руслан Хасанов, Тимур Жұматов, Анар Майкопова, Елена Полякова, Елена Сычева, Ирина Ахмадиева, Лилия Батреева, Сәния Құдайқұлова секілді қалаға есімдері жақсы таныс суретшілердің жұмыстары қойылған. Әр суреттен бір оқиғаны көруге болады. Көздері жаутаңдаған жануарлардың ішкі әлемін сезгендей күй кешесіз. Шараны ұйымдас­тырушылар бұл көрмені көрген жанның титтей болса да жануарларға деген жанашырлығы оянады деген сенімде екендіктерін жасырмады.
«Біз көрмені осымен екінші жыл өткізіп отырмыз. Былтыр шараға 60-қа тарта адам қатысса, биыл оның саны 250-ге жетіп отыр. Бұл бізді қуантады. Біз адамдардың өз «достарын» сатып алғанын емес, оларды жануарлар үйінен алғанын қалаймыз. Көрмедегі әр суретте терең сыр жатыр. Құтқарушы адам ғана емес, жануар да бола алады. Мысалы, күйеуі өмірден озғанда, әйелдің күйзелістен шығуына көмектескен иттің суреті тұр осында. Қазір олар – ажырамас достар» деді қайырымдылар клубының негізін қалаған Гүлмира Әбдірашева.
Келушілер көрмедегі туындыларды тегін тамашалайды. Ал ерікті түрде қайырымдылық шараға қол ұшын созғысы келетіндерге арнайы жәшік қойылған. Жиналған қаражат «Ковчег» жануарлар үйі мен оларға арналған екпелерге, зарарсыздандыру шараларына, жануарлар азығына жұмсалады.
Әлемде үй жануарларын қор­ғауға арналған шаралар жиі өткізіледі. Онда адамдарды жануарларға мейрімді қарауға шақырады. Елорда әкімдігі осы мәселені ескере отырып, үйсіз-күйсіз жүрген жануарлардың санын азайту мақсатында бірқатар игілікті істерді қолға алған. «Астана жастары» орталығының директоры Мұхамеджан Болысбектің айтуынша, қазіргі күнде бас шаһарда 4 га жерге байланыс зообағы бар жануарларға арналған үйді орналастыру жобасы әзірленуде. Осы жобаның жүзеге асуының нәтижесінде елордалықтар зообақта серуендеп жүріп, өзіне ұнаған жануарды асырай алады.
Айта кетейік, көрме 6 сәуірге дейін жалғасады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды