Жантүршігерлік суреттер шылымқорларға қалай әсер етті?

0 225

Естеріңізде болса, осыдан бірер ай бұрын Үкімет тарапынан темекіге әуес жандарды зиянды ғадеттен тыю мақсатында темекі қорапшаларының сыртына жантүршігерлік суреттер жапсыру туралы қаулы қабылданған болатын. Олар сатылымға шығып та үлгерді. Шын мәнінде, шылымқорлар оны қалай қабылдап жатыр? Аз-кем тексеріс жүргізіп көрдік.

Әуелі супермаркеттерді, үлкенді-кішілі дүкендерді адақтап шықтық. «Кулинария» азық-түлік дүкенінің меңгерушісі Гүлнар Әмірғалиқызы:

– Шынымды айтсам, осы қорапшалардың сатылымға түскені біз ойлағандай нәтиже берген жоқ. Өнімнің өтуі баяғыдай. Тұтынушылар сатып аларда суретке мән бермеуге тырысады. Бірақ, әр адамға әртүрлі әсер етіп жатыр. Бірі суретті назары ауып, бір сәт ойланып қалса, бірі керісінше күлкіге айналдырып жатады. Тіпті, «Маған суреті жоқ темекіні беріңізші» деп сұрайтындар да жетерлік. Суретін жұлып алып тастайтындарды да көрдік. Бір сөзбен айтқанда, темекіге деген әуестіктерін басуға әсер етіп жатқаны шамалы, – дейді. Біз бас сұққан «Қазақстан», «Бахус» супермаркеттерінде осы тектес жауап берді.

Ол сұрақты шылымқорлардың өзіне де қойдық. Он адамның жетеуі «Қорапшалардағы сүреңсіз суреттерді көргенде, қорқыныш, жиіркеніш сезімі билеген жоқ» дейді. Ал екеуі тіпті де байқамағанын айтады. Ал шылымды жиі шегетін заты әйел өз әріптесіміз:

– Ондай темекіні сатып алсам да, үңіліп қарауға тырыспаймын, дереу бұрын босаған суреті жоқ қорапшаға салып аламын. Көңілім алаңдамас үшін. Бара-бара бәрі сондай болса, портсигар сатып алуға тура келеді. Тіпті, кейбір компаниялар портсигар шығаруды қолға алды деп естідім, – деп жауап берді. Яғни, қандай да бір әсері бар деген сөз.

«Қазақ тұтынушылар құқығын қорғау одағының» төрағасы Сергей Акимов:
– Мұндай шаралар белгілі бір дәрежеде әсер етуі мүмкін, бірақ, шы­лымқорлықпен күрестің бірден-бір тиімді жолы деп айтпас едім. Басқа елдер де осылай жасап көрген, бәрібір оны айналып өтудің амалын тапты. Мысалы, темекінің сыртына әдемі суреттері бар қаптама шығаруды жолға қоюы мүмкін, – дейді.
Темекі өндірушілерге мұндай тәртіпті 12 мамырда бізбен қатар Ресей де енгізді. Шамалы болса да шылым шегуді ауыздықтау үшін. Колумб Америка құрлығын ашқаннан бері шылым шегуден ең кемі 1 миллиардтан астам адам көз жұмыпты. Олардың саны есірткіден өлгендерден 13 есе көп. Күніне 1 қорап темекі тартатын адамның денесінде 20 жылда 7 кг күйе мен қарамай жиналады екен. Ал Қазақстанда қазіргі уақытта 5 миллионға жуық адам темекі шегеді.

Сағым МАТҚАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 7 =