«ЖАНСУСАРДАН» ҚАЛЫҚТАЙДЫ НӘЗІК ЖЫР

0 100

Әз наурызда елордада Ертістің сылдыры естілген. Шығысқазақстандық жас ақындар Құралай Омар мен Азамат Тасқара астаналықтарды әсем жырларымен сүйсінтіп, бөлекше сазымен тербеткен-тін. Сәуірде сонау Тараздың шайырлары бас шаһардың табалдырығын жасқанбай аттап, жырсүйер қауымды дүлдүл өлеңнің буына малған. Көркем лириканың тұңғиығына сүңгітіп, мейірлерін қандырған. Енді түу батыстан атыраулық жас ақындар, сосын Алматының сөз зергерлері әсем қалаға ат басын бұрмақ. Бұл шараларды ұйымдастырушы – ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы жанынан құрылған «Жансусар» жас қаламгерлер клубы. Жұртшылық ойынан шыққан игі істің жалғасын білмекке клуб жетекшісі Азамат Есалыны әңгімеге тарттық.

– Жоғарыда аталған шаралар легі қандай мақсатта қолға алынды?
– Биыл, бәрімізге белгілі, «Астана – түркітілдес елдер мәдениетінің астанасы» жылы. Осы жыл аясында еліміздің барлық облысындағы жас ақындардың үнін елордалықтарға естірту, тыңдату мақсатында олардың кештерін ұйымдастырудамыз. Бастамамыздың бағыты қуантады. Әрбір ақын үлкен дайындықпен келіп, астаналық ағайынды жыр кәусарына бөлеуде.

– Өзіңіз жетекшілік етіп отырған клуб осыған дейін нендей істерді атқарып үлгерді?
– Ашылғанымызға көп те болған жоқ. Бар-жоғы бір жыл. Клуб мүшелері жиі бас қосып, шығармаларын талдауды жүйелі жолға қойған. Ең бастысы, біздің ұйытқы болуымызбен жақында «Алтын қыран» халықаралық қоры Құлтөлеу Мұқаш, Танагөз Толқынқызы, Асылзат Арыстанбек, Ерлан Жүніс, Мирас Асан, Серік Сағынтай сынды жас ақын-жазушылар кітаптарын шығарды. Салтанатты түрде олардың тұсаукесерін өткіздік. Мұнымен тоқталмай, талдау кештерін ұйымдастырдық. Мәселен, Е.Жүністің шығармашылығын белгілі ақын Ж.Әскербекқызы, М.Асанның кітабын әдебиет сыншысы А.Кеңшілікұлы, А.Арыстанбектің өлеңдерін Б.Берікұлы талдады.

– Ендігі жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
Негізінен, жоспар көп. Белдісін айтсам, жақын арада үлкен мүшайра өткізбекпіз. Жүлдесі де қомақты болмақ. Әзірге демеушілермен келіссөздер жүргізілуде. Бұл да ақындарымыздың шабытын шарықтатып, жазарларын көбейтеді деген ойдамыз. Осы орайда, кітапхана директоры Жанна Шаймұхамбетова мен оның орынбасары Ғалия Бөкейқызына жас қаламгерлердің атынан үлкен алғысымды білдіргім келеді. Жанашыр апаларымыз әркез ісіміздің оң шешімін табуына күштерін аяған емес.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − one =