Жәнібекте бомба жарылған

0 117

Өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін Ұлы Отан соғысы жылдарында Батыс Қазақстан облысының майдан шебі болғаны туралы жергілікті халықтан басқа көп ешкім біле бермеген. Орал педагогикалық институты тарих пәнінің мұғалімі Павел Букаткин ауылға студенттерді қабылдауға келгенде Жәнібектің соғыс жылдарындағы қиын тағдыры туралы кездейсоқ біліп, Оралға келген соң конференцияда баяндама жасайды. Сондай-ақ Букаткин КСРО Ғылым академиясына елдің Қорғаныс министрлігінің мұрағатында жұмыс істеуге рұқсат алу үшін барған кезінде де атақты тарихшылардың Батыс Қазақстанның соғыс жылдарында майдан шебі болғанын білмегені туралы айтады.Батыс Қазақстанның төрт ауданы Сталинград облысының 300 шақырымға жуық аумағымен шектеседі, соғыс басталғанда күрделі майдан тактикасына байланысты осы аудандар Сталинград майданының ең жақын тылына айналды. Ресми деректерге сүйенсек, 1942 жылғы қараша айының ортасынан 1943 жылғы қаңтар айының басына дейін Жәнібек және Орда аудандарының аумақтарына гитлерлік авиация 538 рет бомба тас­таған. Жәнібек ауданының солтүстік-шығыс бетіндегі бауырластар зиратында Ұлы Отан соғысы жылдары Жәнібек жерінде қаза тапқан 93 жауынгер (офицерлер, медбикелер) жатыр.

Майдан шебіндегі Батыс Қазақстан

Немістер Орал-Рязань темір жолы бойын (бұған Жәнібек, Сайхин, Шұғай стансалары кіретін) қиратса, Сталинградтың оқ-дәрісіз, азық-түліксіз қалып, Кеңес әскері жеңіліске ұшырайтынын болжады. Сондықтан шабуылды Жәнібек және Орда аудандарының елді мекендерін, әсіресе Орал-Урбах-­Астрахань теміржол желісіндегі стансаны бомбалаумен бастады, ал бұл біздің әскерлеріміздің Сталинградты қорғайтын жалғыз артериясы еді. КСРО Қорғаныс Халық Комиссары Иосиф Сталиннің 1941 жылғы 26 қарашадағы бұйрығына сәйкес, Жәнібек, Орда, Казталов және Фурманов аудандары Сталинград майданының қарамағына енгізілді. Соған орай БҚО-да «соғыс жағдайы» жарияланды. Бұған дәлел ретіндегі құжаттар өлкетану музейінде сақталған.
Жау самолеттері Орал арқылы өтетін теміржол желілеріне – 20 рейд, Шұғай стансасында – 24, Сайхинда – 36, Жәнібекке 40 рейд жасаған. Тек бір ғана Сайхин стансасына 70 бомба тас­таған. Революцияға дейін және соғыс жылдарында тұрғызылған, стратегия­лық маңызы зор нысан болған Жәнібек су мұнарасына бес жүз келі салмақты бомба тастап, су сорғысы жарылып, пойыздар сусыз қалады. Жәнібектен алыс емес жерде әйгілі Гатчина дивизиясы болған. Ол да үлкен шығынға ұшырап, бұл бөлімшенің сарбаздары дәл сол жердегі молада жерленген. Соғыстан кейін олардың туыстары Жәнібек аудандық комитетіне қабірді күту туралы өтінішпен хат жазған екен, бүгінде ол жерде ескерткіш бар. Олар қасық қаны қалғанша жау­ға қарсы күрескен. Деректерге қарағанда, фашистер осы маңда 30-ға жуық самолетінен айырылған. Ал бізде қарапайым тұрғындардың шығыны көп болған, бірақ сол кезде арнайы есеп жүргізілмеген.
Оралда екі аэродром, Сайхинде бір әскери аэродром, кейіннен облыстың басқа аудандарында он аэродром салынып, қыста ұшу-қону жолдарынан қар үнемі қолмен тазартылып отырған. П.Букаткиннің жазуынша, бұл жұмыстар негізінен батысқазақстандықтардың иығына түскен.

Батырлары көп өңір

Бомбаланған Жәнібек және Орда аудандары басқаларға қарағанда көп зардап шекті. Жаудың назарын нақты әуе базалары мен басқа да әскери нысандардан алыстату үшін Сайхин стансасы мен Конституция ауылы маңында екі жалған аэродромның құрылысы, ангарлар, ұшақтардың макеттері, ұшу-қону жолағы салынған, оған жергілікті тұрғындар қатысқан. Жуыр­да Жәнібек ауданында Кеңес Одағының Батырлары Ерденбек Ниетқалиевке, Николай Чуриковке және Кеңес Одағының ұшқышы Хиуаз Доспанованың мүсіндері қойылатынын естідік. Доспанова майданға Жәнібек аудандық комиссариатынан шақыртылған.
Бір ғана Бөкей ордасы ауданынан үш бірдей Кеңес Одағының Батыры – Темір Масин, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова және Ахмедияр Хұсайынов шыққаны белгілі.

1539 ұшқыш оқып шыққан

Соғыс жылдары Орал әскери мамандарды даярлау орталықтарының біріне айналды. 1941 жылы Ворошиловград әскери ұшқыштар училищесі, Одесса Қызыл Тулы атқыштар училищесі, Ленинград әскери байланыс мектебі, 22-кіші авиациялық мамандар мектебі – барлығы 14 өнеркәсіптік кәсіпорын Оралға көшірілді. Ворошиловград әскери авиациялық училищесінен 1539 ұшқыш оқып шыққан, олардың ішінде К.Малин Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды, Л.Беда екі рет Батыр атағына ие болды, сол жерде алғашқы қазақ ұшқышы Хиуаз Дос­панова оқыды.

Атақты Ворошилов зауыты

1941 жылы Орал қаласына К.Ворошилов атындағы мотор зауытының және арнайы техникалық бюроның Ленинград зауыты көшірілді. Екі зауыт бір-біріне қосылып, 231 нөмірін алып, К.Ворошилов зауыты деп аталды. Ленинград, Мәскеу, Феодосия, Каспийск және басқа қалалардан келген кеме жасау саласының мамандары осы зауытта жұмыс істеп, снаряд, мина, торпеда жасап шығарды. Ворошилов зауыты тұңғыш электрсіз торпеданың өндірісін игергені үшін бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлыққа ие болды. Кейін соғыс аяқталғаннан кейін №231 зауыт Ұлы Отан соғысы жылдарында армия мен флотты оқ-дәрілер, әскери-теңіз флоты үшін қорғаныс өнімдері және танкке қарсы жанғыш сұйықтықтармен қамтамасыз етудегі қызметтері үшін бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.

Әскери мамандар даярланды

Орал педагогикалық ­институтының бас ғимаратында Ленинград әскери байланыс мектебі орналасқан. Оған мыңдаған жоғары білікті радио офицерлер келген. 1942 жылдың басында Оралда пулеметшілердің 4-батальоны, құрылыс және авто-ба­тальондар, 152-атқыштар бригадасы, сондай-ақ жеке арнайы жасақтар құрылып, майданға жіберілді. Кейін 152 бригада 47 және 90-гвардиялық атқыштар дивизия­сының құрамына кіріп, Прибалтика елдерінде соғысқан. Батыс Қазақстан облысының кәсіпорындары оқ-дәрілер, қару-жарақтар, қосалқы бөлшектер шығарды және әскери техниканы – ұшақтарды, цистерналарды, моторларды, көліктерді жөндеуді жүзеге асырды. Орал қаласының жанында және Жәнібек, Орда, Чапаев аудандарында аэродромдар салынды. Батыс Қазақстанға Сталинград майданының 120-дан астам бөлімшелері, оның ішінде 8-әуе армиясы жіберілді. Сайхин, Жәнібек және Шұғай стансаларында авиациялық бөлімдерден басқа, 1-танк пен 57-армия қоймалары орналасқан. Адам шығындары айтарлықтай болса да, жау оғы Орал-Урбах-Астрахань жалғыз теміржол қатынасын тоқтата алмаған.

Әскери госпитальдар

1942 жылғы 16 қазандағы Сталинград майданы Әскери кеңесінің шешімімен Орал майдан шебі және елдің әуе қорғанысы бекетіне айналған кезде 14 өндірістік кәсіпорын көшірілгенін айттық, сонымен бірге 20 әскери аурухана да орталықтан эвакуацияланған. 1942 жылдың қараша айының соңында Сталинград маңындағы қарсы шабуылға байланыс­ты жаралылар күрт өскен. Осы уақытқа дейін Оралдағы 11 эвакуациялық ауруханаларда көптеген жұмыс­тарды Орал педагогикалық институтының студенттері мен педагогикалық топтары жүргізді.

Сталиннен алғыс

Орал өлкетану мұражайы деректеріне қарағанда, 591 мың облыс тұрғыны 441,5 мың рубльді (11 мыңнан астам жұмыс күні), 11 тонна астық пен 50 тонна металл сынықтарын үш жексенбіде резервуар бағанасының құрылысына, ал қарт тұрғындардың жинаған 370 мың рубльді Оралдағы мешіт пен шіркеу арқылы өткізді. 1943 жылдың 14 сәуірінде Оралға И.Сталиннен келген жеделхатта «Авиация жасағына 102500 рубль жинағаны үшін Орал халқына шын жүректен алғыс» айтылған.

Бір үйден төрт адам…

Кез келген қазақтың үйін­де бір үйден төрт адам соғысқа аттанған мысал көп. Арнайы дереккөзге қарағанда, Батыс Қазақстан облысында соғыс қарсаңында 395631 адам тұрған екен, 1938-1945 жж. аралығында 76635 адам соғысқа алынған. 1942 жылы 23 қарашада батысқазақстандықтар Сталинградтағы фашистер әскерлерін коршауға алып, 1943 жылы 2 ақпанда барлық жау топтарын талқандап шығады. Бұл Жеңіс жерлестеріміз үшін өте қымбатқа түскенін мынадан көруге болады: 4 мыңнан астам адам сол Сталинград жерінде қаза болды. Бір ғана даңқты 62-армияның құрамында 4 мыңға жуық қазақ болғанын еске саламыз. Жалпы алғанда, Батыс Қазақстан облысы бойынша 39 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.

Мамай қорғаны – батырлар рухына тағзым

1942 жылы 22 желтоқсанда «Сталинградты қорғағаны үшін» медалі тағайындалып, онымен 750 мың солдат пен офицер марапатталды. 112 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Мамай қорғанында 40 мыңдай әскер қаза тапқан. Соның ішінде Кеңес Одағының батыры Нүркен Әбдіров, маршал Чуйков бар. Қарағандылық Нүркен Әбдіров 1942 жылдың 19 желтоқсанында Боковская-Пономаревка ауданындағы әуе шайқасында өзінің отқа оранған ұшағын шоғырланған жау танкілерінің ортасына апарып құлатып, ерлікпен қаза тапты. Сталинградты қорғаушы батыр, екі «Даңқ» орденінің кавалері Ізғұтты Айтықовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Жа­йық пен Еділ жағалауында жау бөлімдерін қоршауға алу операциялары кезінде тағы бір қазақстандық Кеңес Одағының Батыры, подполковник Тимофей Позолотин (Ақмола облысынан) қолбасшылығындағы 17-гвардиялық танк полкі ерекше көзге түскен. Сталинград шайқасы батыр­ларының ерлігін мәңгі есте сақтау үшін 1963-1967 жылы Мамай қорғанында мемо­риалды кешен салынып, 1982 жылы «Сталинград шайқасы» музей-панорамасы ашылды. Жәнібек ауданының тұрғындары әлі күнге Волгоград облысындағы осы Мамай қорғанынан барып, жерлестер рухына тағзым етіп тұрады.
Осыдан екі жыл бұрын Сталинград шайқасының жеңісіне орай осы Нұр-Сұлтан қаласынан бір топ генерал Волгоградқа барып, Мамай қорғанында жерленген біздің батырларға тағзым етіп қайтқанын білеміз. Қазақстанның топырағын жіберейік деп, Бауыржан батыр ескерткішінің жанында шара өткізіп, капсулаға салып, атамекеннің топырағын жөнелткен еді. Біз Сталинград шайқасына Қазақстанда жасақталған 27, 72, 73-гв. атқыштар дивизиялары, 292 және 387-атқыштар дивизиялары, 81-атты әскер дивизиясы, 74-теңіз атқыштар бригадасы, 152-атқыштар бригадасы, 129-миномет полкі және 156-жеке көпір құрылысы батальоны қатысқанын естен шығар­мауымыз керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 20 =