«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жәнібек КӘРІБЖАНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері: Астананы ауыстыру батыл шешім болды

0 333

«Арғымақ атқа міндім деп, артқы топтан адаспа!» деген Асан қайғы бабамыз. Жәнібек Сәлімұлы Кәрібжанов – түрлі лауазымды қызмет атқарса да, азаматтығы мен әділдігінен таймаған тұлға. Байыппен жүріп, парасатты іс бітірген. Оны біреу білер, біреу білмес. Мәселе онда емес. Жақсылар жүрген жолды ешқашан арам шөп баспайды. Ел құрметтеген қайраткердің саналы ғұмырында талай белесті бағындыр­ған өз сүрлеуі бар. Оған үңілген жан қызығып қарайды. Біз де бір сәт соған назар аударып, ағамен кең отырып көпке ой салар, жастарға бағыт берер әңгіме өрбіттік.

ОТЫЗ КӨШЕНІҢ АТЫ ӨЗГЕРДІ

– Сөздің басын елдің төрі – елордадан өрбітсек. 1997 жылы Ақмола облысына әкім болып келдіңіз. Сол кездегі аймақтың экономикасы мен тұрмыс-тіршілігі қандай еді?
– Жасыратын несі бар, ол уақыттағы республикадағы жалпы жағдай жұртшылыққа жақсы таныс. Нарықтық қатынастарға көшкеннен кейінгі қиыншылықтан ел еңсесін енді тіктеп, алға ұмтылып жатқан шақ. Ақмола да өзі қатарлы аймақтардан артық та емес, кем де емес, орта деңгейдегі облыс болатын. Өңірдің экономикалық-әлеуметтік көрсеткіші де сол уақытқа сай. Шындығында, сол бір жылдар түйіні тарқатылмаған күрделі кезең еді. Мәселен, облысқа басшы болып келгеннен бастап күнде ертемен бюджетке түскен қаржыны қарап, соны қайда жіберуді ойлаймын. Зейнетақымен қалт-құлт күн көріп отырған зейнеткерлерге ме, әлде күндіз-түні сабылып еңбек етіп жүрген мұғалімдер мен дәрігерлерге ме не болмаса бюджеттік мекемелер тұтынып отырған электр қуатын төлеуге ме, міне, осындай сан сауал мәселелерді шешу жолымызда тұрды. Елдегі тіршіліктің көрінісі солай болды ғой.
Елбасы Астананы Ақмолаға бекер көшірген жоқ. Оның түрлі себептері бар. Ақмола – тоғыз жолдың торабында, еліміздің географиялық орталығында орналасқан шаһар. Әрине, оған геосаяси, демографиялық және этномәдени жағдайлардың әсері де тиді деп ойлаймын. Бұл жа­йында көп жазылды. Тереңдемей-ақ қояйық. Алайда сондай қым-қуыт шақта түрлі қиындық пен кедергіге қарамастан, астананы ауыстыру өте батыл шешім болды. Құлагерді таныған Күреңбай сыншыдай, келешекті көре білген көрегенділікпен жүзеге асқан игілікті іс. Басқасын былай қойғанда, мемлекетімізде сауырына қамшы салдырмайтын тұлпар уақытпен санасқан заманауи көркем қала салынды. Ол ел экономикасын алға сүйреген локомотивке айналды. Есіліп аққан Есілдің жағасында бой көтерген елорданың аз мерзім арасында қыран құстай түлеп, әлем таныған әсем шаһарға айналғанын көзбен көріп, көңіліміз сүйсініп отырады. Арқа төсінде айдай сұлу болып, бойжеткен астананың болашағы жарқын, одан әрі құлашын кең жазып дамиды. Бұған кәміл сенемін.
– Жұртшылық сізді сол кезде қалаға қазақы жылы леп әкелді деп айтады. Жұмысты неден бастадыңыз?
– Рақмет! Әуелі алдыма Елбасының берген тапсырмасын тиянақты орындауды мақсат етіп қойдым. Ол үшін білікті, білімді кадрлар қажет еді. Сондықтан өзіме сенімді, жауапты мамандарды іріктеп алдым. Олардың ішінде Ақмола қаласының әкімі болған марқұм Аманжол Бөлекбаев, қазір жоғарғы лауазымды қызметте жүрген Әділбек Жақсыбеков, Асқар Мамин және Сансызбай Есілов секілді азаматтар болды.
Турасын айтқан жөн ғой, сол кездегі қаланың көшелерінен кеңестік империяның иісі аңқып тұратын. Сонда маған: «Ақмола бас қалаға айналды, сырттан келген қонақтар өзге ұғымдарды беретін көше атауларын көріп: «мынау қай елдің астанасы» деп айтуы ғажап емес ғой» деген ой келді. Сондықтан көшелердің атын өзгертуді қолға алдық. Президентпен ақылдасып, тура бір мезетте отыз көшенің атын ауыстырдық. Бұл бір жағынан қария тарихтың ұзақ жыл аңсап, тілеп жатқан тілегі болатын. Мәселен, бұрынғы Студенттер даңғылын – Абылай хан бабамызға, ал оның жалғасын Карл Маркс көшесін ұлы Абылайдың немересі Кенесары ханға бердік. Біз ұлы Абылай ханның атымен ұзыннан сұлап жатқан көшені толық атаймыз деп те ойлап едік, оның қисыны келмеді. Көпірдің арғы жағы даңғыл, бергі беті көше болды. Оның тағы бір сыры бар. Бұрынғы Карл Маркс көшесімен жоғары өрлесеңіз, қазіргі Қажымұқан стадионы тұрған жерде Ресей патшалығының бекінісі болған. Кенесары хан серіктерімен соған шабуыл жасаған. Енді қараңыз, бір заманда өзі азаттық деп атойлап кірген бекініс тұрған жерге ғасырлар өтіп, елі тәуелсіздік алғаннан ке­йін Кене ханның есімі көше болып оралды. Тарихи әділдік де­­ген осы.
– Облысты көп басқарған жоқсыз. Бірақ дәл сол уақытта Алматыдан Ақмолаға ұлы көштің керуені бет түзеді. Алғаш қандай ғимараттардың іргетасы қаланды?
– Рас, бір жылдың айналасында ғана басшылық қызметте болдым. Содан кейін Үкімет басшысының орынбасарлығына тағайындалдым. Көштің басы Ақмолаға бұрылмастан бұрын да­йындықты бастап кеттік. Алдымен Президент отыратын бүгінгі қала әкімдігінің ғимараты қайта жаңғырып, кеңейтілді. Одан кейін он алты қабатты бұрынғы жобалау институтын Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттарына дайындадық. Тыңгерлер сарайы қайта жаңарды. Опера және балет театрына Теміржолшылар сарайын ла­йықтадық. Оның сахнасына заманауи жөндеу жүргіздік, көп қабатты үйлер салынды. Жылу орталықтарына күрделі жөндеу жұмыстары атқарылды. Әуежайды қайта құрып, кеңейттік. Көп­теген көшелердің асфальты жа­ңартылып, қала сипаты өзгере бас­тады. Әрине, ондағы құрылыс­ты бүгінгі қарқынмен салыстыра алмайсыз. Қанша дегенмен қаржы тапшы болатын, уақыт та қысқа еді. Бірақ соны ұтымды пайдалана білдік деп ойлаймын.

ШАЯХМЕТОВТІҢ ШЫНДЫҒЫ ӘЛІ АШЫЛҒАН ЖОҚ
– Сіз халқымыздың ардақты азаматтары – Жұмабай Шаяхметов, Қошке Кемеңгерұлы, Фазыл Кәрібжанов туған Омбы жеріндегі Шарбақкөл ауданында өмірге келдіңіз. Туған жеріңізге жиі барып тұрасыз ба?
– «Әркімге туған жері – Мысыр шәрі» дейді ғой. Мен де жыл сайын кіндік кесіп, қаным тамған еліме ат басын бұрып тұрамын. Ол жер – ұлтымыздың дәстүрін сақтаған, құйқалы, қазақы өңір. Тарихы өткен дәуірлерден сыр тартады. 18-ғасырда Әжімбет би деген ұлы атамыз бастаған көш Айыртау, Сырымбет маңайынан жылжып, сол жерге барған. Ресейдің тарихи деректерінде жазады, оң бес мың түтін барып қоныстанды деп. Ол деген – жүз мыңнан астам адам деген сөз. Ресейдің мұрағатындағы мәліметтерге жүгінсек, бұл ұлы көш Уәли сұлтанмен келіспеушіліктен болған көрінеді. Бір жағынан Абылай ханның саясаты да болуы мүмкін. Жаңа жерлерге қазақтарды отырғызып, оны игеріп, ел өрісін кеңейтуді ойластырған.
Әжімбет атамыз елге беделді, аузы дуалы, өз дәуірінің тұғырлы тұлғасы атанған. Сондықтан ұлы атамыз дүние салғанда, қазақтың жақсылары жатқан Түркістанға апарып жерлеген. Биыл Түркістанға барып, бабамызға ас беріп, дұға бағыштадық.
– Қазір өскен еліңіздің жағ­дайы қалай?
– Бұрынғыдай. Көп өзгеріс жоқ. Ол жерлерде қазақтар әлі көп тұрады. Ұлттық атаулардың да мұрты бұзылмаған. Мәселен, Шарбақкөл, Есілкөл деген аудандардың аты сол кү­йінде сақталған. Тарихын қозғап қалсаңыз, сыр шерте жөнелетін ауылдар да жетерлік. Ағайындар жаман тұрмайды, тұрмыстары тәуір. Құнарлы жер. Табиғаты өте көркем, жағалай көз тартатын орман, көлдер.
– Қиын-қыстау жылдары республиканы басқарған жерлесіңіз Жұмабай Шаяхметов туралы не айтар едіңіз? Айтулы азаматқа толық тарихи баға берілді деп ойлайсыз ба?
– Мен ол кісіні көрген жоқпын. Ол жайында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Фазыл Кәрібжанов ағамыз көп айтатын. Жұмабай ағаның туған жері біздің ауылдан алыс емес. Жерлестері қатты құрмет тұтып, «белгілі қайраткер» деп қадірлейді.
Меніңше, Жұмабай Шаяхме­тов­тің шындығы әлі ашылған жоқ. Толық зерттеп, тарихи ақи­қатты айтуымыз керек. Білетін мәліметім бойынша ол кісінің ұйымдастыру, басқару қабілеті өте жоғары болған. Оны Дінмұхамед Қонаев өз кітабында нақты дәлелдермен жазған. Қатардағы жай адам сегіз жыл республиканы басқара ма? Және қандай уақыт?! Сұрапыл соғыс өрті өшіп, содан кейінгі тұралап қалған экономика мен өндірісті аяғынан тік тұрғызу үшін жан салып, жан берген, қым-қиғаш уақыт. Бүгінде Шаяхметов туралы жұрт арасында ұнамды да, ұнамсыз да пікірлер айтылады. Әрине, әркімнің аузына қақпақ бола алмайсыз, өз ойын айтуға құқы бар. Бірақ ол нысананы дәл көздеген мергендей фактімен сөйлеп, орнымен айтса бір жөн. Қолына алғаш мылтық ұстап, аңға шығып, оғын бей-берекет ата беретін кісідей ешқандай дәлелі жоқ, сылдыр су секілді сөйлейтіндерді байқаймын. Маған осы мінез ұнамайды. Айтасыз ба, жазасыз ба – өз еркіңіз, бірақ тарихи деректерді темірқазық етіп ұстаңыз. Тосыннан, бостекі пікір айта беруге болмайды.

МЕНШІК АДАМҒА ҚАНМЕН БЕРІЛЕДІ
– Егемендіктің елең-алаңында Мемлекеттік мүлік комитетін басқардыңыз. Сол кезде елімізде жекешелендіру процесі қалай жүргізілді?
– Көкшетау облысының басшысы болып жүрген жерден 1993 жылы Президент мені Мемлекеттік мүлік комитетінің басшысы етіп тағайындады. Жалпы, елдің экономикасына көш ілгері сүйреу үшін ауқымды реформалар қажет. Онсыз даму болмайды. Біз жетпіс жыл бойы социалистік қоғамда өмір сүрдік. Тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық қатынасқа көштік. Нарықтық қатынаста меншік мәселесі шешілмей, басқа мәселелердің түйіні тарқатылмайды. Әуелі комитет мамандары мен шетелдік кеңесшілердің басын қосып, ауқымды бағдарлама әзірледік. Оны Мемлекет басшысы мақұлдап, бекітіп берді. Содан соң бағдарламаны орындаудың нұсқасын жаздық. Өйткені, менің ойымша, жұмыс­тың бәрі жүйелі болу керек. Соған дағдыланғанмын. Бағдарламаны қалай жүзеге асырамыз, ол үшін не істеу керек деген секілді әр пунктке тоқталып, үш том кітап жазылды. Жұртшылыққа ұғынықты болу үшін. Әрине, жасалған істің бәрі «бес» болды деп тағы айта алмаймын.
– Реформа қалай жүзеге асты, асығыс болған жоқ па?
– Асығыс болған жоқ. Бірақ қиын болды. Түрлі пікірлер айтылды. Біреулер жылдам жүргізуді қалады. Менің ойымша, реформа өз байыбымен жүргізілді. Оның күрделі болатын себебі бар. Біз жекеменшік деген ұғымға үйренген емеспіз. Санамыздан оны Қазан төңкерісінен кейін сүйреп тастағанбыз. Меншік деген не? Мысалмен айтайын. Мәселен, еңбектеп жүрген сәбидің алдына бір зат қойшы, ол оны кері итермейді, қайта өзіне тартады. Демек, меншік адамға қанмен беріледі. Сондықтан біз меншік иесін іздеп, табуымыз қажет болды. Бірақ оңайға түспеді. «Ананы былай істеу керек, мынаны бүйткен жөн» деген ақылмандар көбейді. Сол кезде бір академик: «Кәрібжанов кезінде совхоз директоры болған, содан колхоз-совхоздарды таратпай отыр» деп сынады. Ал мен совхоздарды жекешелендіруді ақылмен, байыпты істейік дедім. Біраз уақыттан кейін, яғни 1994-1995 жылдары елімізде фермерлік, жекеменшік шаруа қожалықтары пайда болғанда, сол академик тағы қарсы шықты, «мынау дұрыс емес, колхоз, совхоздарды қайта құру керек» деп. Адам баласының мінезі қызық қой. Шындықты қайдан іздеу керек? Күрт ананы да істемеу керек, күрт мынаны да жасамау қажет. Ақиқат – осының ортасында. Қазірге дейін де ауыл шаруашылығы саласында жекешелендіру мәселесін түбегейлі шеше алдық деп айта алмаймыз. «Мен меншік иесімін, маған ешкім керек емес» деп кекірейетіндер бар. Біз, өкінішке қарай, қиындыққа келгенде жұдырық болып, жұмыла кетпедік. Басымыз бірікпеді. Мәселе сонда. Бірақ өмір бәрін орнына келтіреді. Уақыттан ұлы ешкім жоқ.
– Аға, өз ауылымнан бір мысал айтайын. Сол жылдары біздің кеңшарда едәуір мал басы бар еді. Соның бәрі екі-үш жылда талан-таражға түсті. Ауыл адамдары одан жарытып өз үлесін де ала алмады.
– Мен оның бәрін білемін. Кеңес өкіметі кезінде колхоз-совхоздар жоспарлы экономика саясатында жұмыс істегендіктен, нарық экономикасының талаптарына сай келмеді. Сондықтан ауылымыз көптеген қиындыққа ұшырады. Сол кездегі олардың өнімдерді өңдейтін ет, сүт комбинаттары, тері және қант зауыттары акцияларының елу пайызын жекешелендіру кезінде ауылдағы адамдарға бердік. Кейін оларды сатты ма, әлде алдап алып қойды ма, белгісіз. Маған ел адамдары келіп: «Элеваторға астығымызды өткізейік деп келсек, бағасын көтеріп жіберген немесе қызылша алатын қант зауытының бағасы қымбат» деп сұрағандар болды. «Айналайындар-ау, осы дау болмау үшін акцияның елу пайызын сіздерге бердік қой, сол қайда? Сонымен неге басқармайсыздар? Бағаны көтеретін болса, өз акцияларыңызды талап етіңіздер» деп айтсам, үндемейді. Осындай мәселелер алдымыздан кездесіп отырды. «Көш жүре түзеледі» дейді қазақ. Бірақ бір нәрсені ұмытпауымыз керек. Барлық істің негізі еңбекте жатыр. Өкінішке қарай, қазір аяқты аспанға атып, жұмыс істегісі келмейтін жалқаулар да бар. Еткен еңбек, төккен тер ешқашан бос кетпейді. Елімізде жұмыс істеймін деген адамға кәсіп жетеді.
– Қайбір жылдары Премьер-министрдің орынбасары болып тұрғанда сіздің қызметтен кетуіңізге шегірткенің салқыны тиді дейді. Сол рас па?
– Шегіртке шапқыншылығы – табиғи апат. Бұл апат тек шығын ғана емес, кейбір жағдайда аштыққа да ұрындыруы мүмкін. 1999 жылы шегіртке даланы буған шіркейдей қаптап кетті. Бірақ содан егістікті қорғау үшін бар күшімізді салдық. Бұл тактикамыз ақыры дұрыс болды. Статистика деректеріне сүйенсек, сол шегіртке қаптаған 1999 жылы елімізде 14,3 млн тонна астық жиналды. Бұл көрсеткіш шегірткесі жоқ 1997 жылы (12,3 млн тонна) және 2000 жылдағы (11,6 млн тонна) өнімдерден әлдеқайда асып түсті. Осындай нақты санды басқа дәнді дақылдар мен жеміс-жидектерден де көресіз.

АЙТУ ОҢАЙ, АТҚАРУ ҚИЫН
– Жаңа ғасырдың басында Қа­зақстанның Қытайдағы және өзге де бірқатар елдер­дегі елшісі болдыңыз. Дипломатиялық қызметтің қыр-сыры туралы не айтасыз?
– Дипломат – cыртқы саясаттың солдаты. Еліміз қандай саясат жүргізеді, соны аккредитация жасаған мемлекетте жүзеге асырады. Оған жүктелген жауапкершілік диірменнің тасындай ауыр.
Жалпы, Қытай – құрылымы жағынан болсын, психология­лық ерекшелік тұрғысынан болсын, болмысы бөлек ел. Бүгінде әлемдегі төрт құбыласы түгел алпауыт мемлекеттердің бірегейі. Қазір Қытай елімен қарым-қатынасымыз тәуір, бір арнаға түскен. Өз басым сол елге елші болған жылдары екі мемлекеттің байланысын бір жүйеге келтіруге күш салдым. Мәселен, екі елдің арасындағы мәңгілік достық декларация­сына қол қойылды. Оның бәрі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында жүзеге асты. Мәңгі дос болу деген – басқа категория. Үлкен ұғымды білдіреді. Қытай мемлекеті бұрын Кеңес Одағымен осындай маңызды құжатқа қол жеткізген. Одақ құлаған соң, оның құқығын жалғастырушы ретінде Ресеймен ғана мәңгі дос болуға шарт байласқан. Екінші, екі ел арасындағы экономикалық, саяси, мәдени, басқа да қатынастарға байланыс­ты бағдарлама әзірледік. Әуелде оған қытайлардың өзі таңғалды. Екі мемлекеттің арасында қандай бағдарлама болады деп. Кейін бір-бірімізбен түсіністік тауып, келісімге келдік. Ақыры сол шешім дұрысқа шықты. Жүретін жолымызды жүйелеп алдық. Бұрын үкіметаралық, сау­да-экономикалық, ғылыми-мәдени және әскери техникалық қарым-қатынасты іске асыратын үш комиссия жұмыс істейтін. Осындай комиссияларды басқа салалар бойынша да құрып, санын онға жеткіздік. Екі тараптан Үкімет басшысының орынбасары басқаратын комитет құрылды. Алғашында бір миллиард долларға жетпейтін экономикалық байланыс бес жылдан кейін 10 миллиардқа ұлғайды.
– Ол жердегі ағайындармен де байланыс болған шығар?
– Әлбетте. Қытайда тұратын қандастарымыз бірқауым ел. Әсіресе, олардың арасында әлемнің озық білімін игерген, өнерлі, парасатты азаматтардың қарасы көп. Солармен жиі сөйлесіп, хал-жағдай сұрасып, араласып тұрдық. Жергілікті қазақ зиялылары елшілік тапсыр­масымен Кытай императорлар мұрағатындағы (Ханнамадағы) мәліметтерге сүйеніп «Ұлы түрік қағанаты» және «Ежелгі үйсін елі» туралы жан-жақты ғылыми зерттеу жүргізді. Нәтижесінде ол толымды еңбек қазақ тілінде «Синьцзян» баспаханасынан екі тарихи кітап болып жарық көрді.
Мен Қытаймен бірге Моңғолия, Вьетнам және Солтүстік Корея мемлекеттерінде елшілік қызметті атқардым. Шамам келгенше жұмысты ілгері жүргізуге бар қуатымды жұмсадым. Қазір Моңғолия мен Вьетнамда бөлек елшілік құрылды. Өте дұрыс. Қытайда отырып басқа елдерді қамту оңай болмайтын. Моңғолияда да бауырларымыз көп қоныстанған. Вьетнам – өз жолымен жедел дамып келе жатқан мемлекет.
– Ұзақ жылдар бойы басшы­лық қызмет атқардыңыз. Тәжі­рибеңіз мол, көп нәрсені ойға түйіп жүресіз. Бүгінгі ат үстінде жүрген інілеріңізге көңіліңіз тола ма?
– Оны кесіп айту қиын. Әр уақыттың өз батыры мен басшысы бар. Оларға бағаны мен емес, уақыт береді. Бастысы, басшылық қызметте жүрген азамат туған елге жанашыр болып, шыр-пыры шығып адал жұмыс істеу қажет. Дегенмен айту оңай, атқару қиын ғой. Сөз жоқ, халыққа жағып жүрген азаматтар да жетерлік, керісінше, жұрттың қырына ілігіп жүргендер де баршылық. Қара басының қамын ойлаған адамның аты алысқа шаппайды.
– Көңіліңіз неге алаңдайды?
– Адами асыл қасиеттер қай қоғамда да құнды болған ғой. Дәл қазір жұмыр басты пенде бойындағы инабаттылық, сүйіс­пеншілік секілді ізгі ұғымдар суы сарқылып бара жатқан құдықтай сиреп барады. Соның кесірінен жүректі мұңға қамайтын түрлі келеңсіз жағдайларды естиміз. Сондықтан әрбір азамат өзінің ішкі мәдениеті мен парасатын алға жетелеп, биікке көтерген жөн. Қысқасы, адалдықтан айнымағанның ақылы азбайды.
Сондай-ақ, жалғыз бізде ғана емес, әлемде жемқорлық дерті өршіп барады. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Әсіресе, жастарға тигізетін жағымсыз әсері күшті. Сол дендеп кетпесе екен деп ойлаймын. Әлем бойынша күрес жүргізіліп жатыр. Елімізде де қатаң шаралар қолға алынған.
Өмір жолы тақтайдай тегіс емес. Қиындық қай уақытта да тамақ дәметкен жетім күшік секілді аяғымызға оратылып жүреді. Соны жеңіп, алға ұмты­лу, ұтымды мақсат қоя білу адамның азаматтық борышы деп есептеймін.
– Жұрт жиылған жиындардан өзіңізді көрмейміз, неге бұйығы жүресіз?
– Қызмет істеп жүрген жылдары ел алдына шығып сөйледік, пікірімізді айттық. Әр дүниенің өз орны бар. Қазір де ойыңыз, пікіріңіз қажет деп жатса, қарсы болмаймын, халық үшін қашанда әзірмін.
– Өмірде өкінішіңіз бар ма?
– Ешқандай өкінішім жоқ. Отбасым, бала-шағам, жанымды қоршап жүрген жора-жолдас, туыстарым аман. Немерелерім жігіт болып келе жатыр. Ендігі тілегім – тәуелсіздігіміз мәңгілік баянды болып, ел үшін қызмет істеп жүрген азаматтардың еңбектері жемісті бола берсін!
– Сырлы әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды