Жанғали Жүзбаев: Күйшінің беделі бимен бірдей еді

0 522

Адам ата пайғамбар (с.ғ.с.) дүниеге келгенде көктен бұрын-соңды бірде-бір жаратылыстың құлағы шалып көрмеген, ақылы танып білмеген мың есе құдіретті саздар ілесе түскен деседі. Саз, әуен, күй сол себептен де құдіретке ие. Ал саздан күй шығарып, оны сан құбылтқан қазақ атамыз одан бетер құдіретке ие болса керек. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші Жанғали Жүзбаевпен әңгімелескенде, осынау өнердің бүгіні мен ертеңі жайлы ой-толғаныстар ортаға өрнектеліп түсті.

848488484

ШЕРТПЕ КҮЙ СЫНЫПТАРЫН АШУ ҚАЖЕТ

– Сіздің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі жеке парағыңыздан шертпе күйді зерттеуші, ғалым Біләл Ысқақов, Дәниел Хамзин, Мұхаметжан Тілеуханов, Фазыл Тұтқабеков, Жарқын Шәкә­рімдермен түскен суреттеріңізді көрдік, күйшілер өзара жақсы араласып тұрады екен. Арқаның күйшілік мәдениеті қазір қандай жағдайда?

– Былтыр күй тәңірі – Тәттімбеттің туғанына 200 жыл толды.  Ел болып тойладық деп айта алмаймыз. Дегенмен, атап өтуге тиісті іс-шаралар,  конкурс­тар мен концерттер Астана, Қарағанды қалаларында өтті. Одан кейін осы дүрмекпен атақты күйші-композитор Аққыз Ахметқызы атындағы күйшілер байқауы ұйымдастырылды. Әрине, науқандық жұмыстарды жіпке тізгенмен, Арқа жеріндегі дәстүрлі күйшілік мектепті жаңғырту үшін жасалған осынау бір жұмыстарды жеткілікті деп айту қиын. Сарыарқада дәстүрдің ізімен Тәттімбет шертісін сақтап жүрген көкіректері көмбе, көз көрген кісілер бар, бірақ олар қоңыр күй деген ұлы керуеннің соңғы бозтайлақтары екенін бажайлауға тура келеді, яғни, енді олардың қолындағы күйді алып қалатын жас буын болмаса, арты өкінішке толарын іштей сезіп тұрасыз, жалғанда сол жаман. Ендігі жерде Тәттімбеттің, Сайдалы Сары Тоқаның, Аққыздың  кәсіби машығын, жалпы дәстүрлі шертпе күйдің ордалы мектебін оқыту саласын шұғыл түрде қолға алмаса болмайды. Ол үшін мәдениет ошақтарында, музыка колледжі, өнер мектептерінде арнайы шертпе күй сыныптарын ашу керек деп санаймын. Әйтпесе мыңжылдық тарихы бар шертпе күй жойылып кете қоймағанмен, оркестрлік жадағай  деңгейге түсіп, қор болуы мүмкін. Осы күні кешегі Мағауия Хамзин, Дәулетбек Садуақасов, Орал Исатаев сияқты дүлдүлдермен бірге Тәттімбет мектебін дамыту үшін тер төгіп жүрген аға буыннан – Фазыл Тұтқабеков, Мұхаметжан Тілеуханов, Дәниел Хамзин, Біләл Ысқақов, Қайролла Садуақасов, Қалкен Қасымов, орта буыннан – Болат Тәкішев, Саян Ақмолда, Мұрат Әбуғазы, жас буыннан – Қайрат Айтбаев, Арман Қадірбек, Мәдияр Сүлейменов, Манап Анықбеков, Ақжусан Иманғазы  сияқты күйшілеріміздің есімдерін ілтипатпен атап өте аламыз. Бір жақсы бастаманың жариясы анық, келесі жылы белгілі ақын Қуаныш Мақсұтов шертпе күйдің республикалық фестивалін өткізуді жоспарлап отыр, осы шара аясында ғылыми-тәжірибелік конференция, шеберлік сабақтары өтетіні де белгілі болды.

– Атақты Сүгірдің, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаровтардың ізін басушы ретінде үлкен білім ордасында сабақ беріп келесіз, алдыңызға келіп жатқан жастардың арасында күй өнеріне алабөтен ерекше махаббаты барлары көп пе?

– Жастар арасында дарынды күйшілер өте көп. Ал енді «Жастардың күйге деген ынтасы мен табиғаты құштарлықтарынан ересен еді» десек, осы күні ешкім илана қоймайтыны да рас. Себебі, әрбір талапкер домбырашының ата дәстүрге деген ішкі рухани сүйіспеншілігі зор болғанмен, ол қоғамдағы кезеңдік сұранысқа сай келе бермейді. Сондықтан көптеген дарынды жас өнерпаздар күй сыны, домбыра сертін көтеріп жүре алмайды, қанша дәстүршіл болса да, нарық пен тұрмысқа жеңіліп, пұшайман күй кешіп қала береді. Осы күні шоу-бизнес­те жүрген әртүрлі аспапшыларымыздың көбі кезінде ұлттық күйшілік мәдениетті бойына сіңірген, кәсіби білім алған дарын иелері болатын, бұл күнде олар «халтураға» амалсыз көнген қауым өкілдері санатында жүр. Әншілеріміз де сондай халде. Солай бола тұра шертпе күйге ғұмырын арнауға белін бекем буған, ат кекілінің астына жасырынған төбелдей аз ғана жастарымыз бар, олар осы күндері аттары қалың бұқараға болмаса да, мәдени ортаға танымал боп қалған күйшілер екенін білеміз. Қазіргі күйшіліктің жалпы аужайы осы.

КҮЙ – КІРМЕ ӨНЕР ЕМЕС, ТӨЛ ӨНЕР

– Кеңес заманында елден ерек маңдайыңыз жарқырап, бүкіл­одақтық «Мелодия» фирмасынан күйтабақ шығарған екенсіз, «Kitap.kz» сайтында сіздің шерткен күйлеріңіз берілген екен. «El.kz» сайтынан Сүгірдің «Кертолғауын» тыңдадық. Жалпы, бүгінгі күйдің насихатына, күйді  тыңдаушыларға көңіліңіз тола ма?

– Кеңес заманында Сүгірдің үлкен граммпластинкасын жаздырғаным рас. Ол кездегі талап басқа болатын. Сол граммпластинкадан кейін өз орындауымда жеке күйтабақ шыққан емес, «Қазақтың 1000 күйі», «Мәңгілік сарын» сияқты күй антологиялары мен кейбір жинақтарға ғана кіргенмін. Франциядан шыққан бір дискіге үш-төрт күйім жазылған. Бірақ Аллаға мың тәубе, анда-санда телеарналардан көрініп тұрам, отандық сайттар да тартқан күйлерімді ғаламтор арқылы насихаттап тұрады. Жеке концерттерімді жыл сайын Қазақ ұлттық өнер университеті залында өткізіп тұрамын.

Күй насихатына көңілдің толуы немесе толмауы деген сұрағыңызға келейік. Әрине, қанағаттанарлық жағдай жоқ. Күйдің насихаты бұқаралық мәдениеттен, жеңіл музыка, шоу сияқты жалпыхалықтық өнер түрлерінен биік болуы керек. Себебі күй – кірме өнер емес, төл өнер. Күй мен жердің қасиеті бірдей, сондықтан қазақ әманда күйден аласа, домбырадан кішік халық болып қалыптасқан, қандай жағдай болса да, қандай заман болса да, ата өнердің алдында астамсуға ешкімнің құқы жоқ. Осы жағдайды еске алғанда ғана қазақтың жаны «Кертолғауға» тебіренеді, «Көкейкестіге» елжірейді, «Қосбасармен» қанаттанады.

Қазіргі кездегі күйдің қадірі кетуі­нің бірнеше себептері бар. Қазақ мәде­ниеті тамырынан ажырамаса да, төлтумалылығынан алшақтады. Поппуришыл, әсіресе, эстрадашылдық  домбырашылардан құралған мазмұнсыз концерттер тыйылмай отыр, керісінше оларға деген қоғамдық сұраныс күн өткен сайын артып келе жатқан секілді. Сосын республикалық, аймақтық конкурстар өткізу жұмыстарының нашарлығы, конкурс бағдарламаларының мақсатсыздығы және мазмұнсыздығы, байқаулардың әуесқойлық деңгейде өтуі де жас өнерпаздарымыздың күйшілік мұраттарына белгілі деңгейде зиянын тигізіп жүргенін білеміз.

Оқыту саласында да қиыншылықтар көп. Методикалық оқулықтар, күй жинақтары, электрондық оқу құралдары сияқты еңбек жазған мұғалімдер әлі күнге дейін демеушіге зәру.

Мұның бәрі әлгі айтылған сауалыңызға қатысы болмаса да, қыстыра кетейін деген ем, себебі тыңдаушы бабы келіскен күйшіге ғана қол соғады. Тыңдаушының талғамына сай өнер табылады, күйшінің талғамына сай тыңдарман табыла бермейді. Бұл –  бүгінгі ахуал.

– «Күй өнерінің табиғаты еуропалық өңдеуге мұқтаж емес» дегеніңізді білеміз, бірақ қазір халық, өсіп келе жатқан жастар да күйді өзге еуро­па­лық өңдеумен, поппури ретінде тың­дап жүр. Бұл уақытша жағдай ма?

– Қазіргі кезде күйді жалқы шерту дәстүрі мүлде тоқтады десек те болады. Себебі аспаптық шығарма ретінде компьютермен өңдеу, аспаптық топтардың сүйемелімен орындау сияқты тәсілдер алға озды, телеарналар мен радиотолқындар жеке күйшілік өнерді насихаттауды сиретті. Күй табиғатының әлдеқалай сыртқары көркемделуге, өңделуге мұқтаж болатындай жағдайы жоқ, себебі ол – кемел өнер. Жетілген шығарманы өңдеудің не қажеті бар?

Эстрадалық өнер саласы, оның ішінде этнофольклор, этномодерн бағыты жеке жанр ретінде өмір сүруге ерікті. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар құбылыс. Бірақ бұған аса сақтықпен қарау керек, әсіресе, халық музыкасына екшеп пайдаланған абзал. Домбыраға арналған арнайы эстрадалық-аспаптық шығармалар жазылсын, бірақ халық композиторларының күйлерін жұтаңдатудың мүлде қажеті жоқ деп есептеймін. Бізде эстрада өнерін де кәсіби жолға қою керек, егер эстрадалық жанрды жақсы меңгерген арнайы білімі бар маман болса, мұндай әрекеттер тыйылар ма еді, кім біледі?! Кезінде композитор-өңдеуші Тасқын Оқапов домбыра мен вокалды-эстрадалық аспаптар тобының синтезін сәтті пайдаланғаны есімізде. «Халықтың сұранысы өзгерді, домбыраны ешкім тыңдамайды» дегенге сенбеймін, керісінше әлеуметті төлтума музыканы мол тұтынуынан себепсіз шектемеуіміз керек. Бұл жағдай уақытша ғана деп өзімізді жұбатуға болады, егерде ұлттық мәдени үрдіс қайта жаңғыратын заман туса, мұндай «халтуралар» тасада қалатын заман орнайтын шығар.

САБАҚТАСТЫҚТАН СӘЛ АДАСЫП ЖҮРМІЗ

– Бізде тәуелсіздік алғалы бері поэ­­зияға мынадай жаңалық келді, проза­да соны леп бар деген сияқты ай­тылады, күйге қатысты осылай айтыла ма? Әлде күй өнеріне дамудан гөрі жалғастық пен сабақтастық тән бе?

– Күйді поэзиямен, прозамен өнер саласы ретінде қарастырғанда ғана салыстыруға болады, онда да табиғаты мен көркемдігін салғастыра қаузай алмаймыз. Тілдің жөні бір бөлек, тіл өнері тоқтаусыз даму керек, дамымаса өледі, сондықтан қазақ әдебиеті Күлтегін заманынан осы уақытқа дейін өз жолымен даму үстінде. Қашанда сөз өнерінің жолы ұлық. Ал қазіргі уақытта күй өнерінің әдебиет өнерімен шендесе алмай отырғаны рас. Поэзиядағы тазалық, прозадағы сурет күйден кеткелі көп болды. Күй жаппай шоуға айналды, заманауи сүйемелсіз орындалмайтын жағдайға жетті. Мысалы, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Серік Ақсұңқарұлы сияқты ақын ағалар барабанның сүйемелінсіз сахнада өлең оқымайтын болса не болар еді? Ақберен Елгезек, Бауыржан Қарағызұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Қалқаман Сарин өз лирикаларын рэп үлгісінде оқитын болса не опа табады? Қалам ұстаған қыздарымыз блюз ырғағы баяу ыңырсып тұрмайтын болса,  өлеңдерін жұрт алдына оқудан бас тартатын деңгейге жетсе ше? (арнайы көркем режиссерлық роликтің жөні бір басқа). Міне, салыстырмалы түрде поэзияның күй өнеріне қарағанда бекзаттығының бұзылмағанын осылай сипаттауға болады. Керісінше күйдің өзге өнерлердің алдында соншалықты артта қалғанын аңғара аламыз. Домбырадағы даму тоқтаған жоқ, егер «тоқтады» десек, онда ұлт өз аспабын жатырқайтын болады, бірақ жалғастық пен дәстүр сабақтастығынан беймезгіл адасқандаймыз.

– «Күй нарықтың бағалауы бо­йынша тауар болып тұр», – депсіз, бір жағынан күйлердің тойларда тартылғанын онша қаламасақ та, оның насихаты жүретін жердің бірі сол жер сияқты, ел күйдің атын біліп, бір-бірінен айыратын дәрежеге жетеді емес пе?

Күй – тауар екені рас, нарықтағы әр күйшінің бағасы бар, біреу өтімді, біреу өтімсіз дегендей. Қазіргі кезде нарықтық көзқарас күйшілік өнерді кәсіп көзіне айналдырды. Бұрынғы «киелім» деп қастерлейтін ұғым да көмескіленіп бара жатыр. Әрине, арнайы білім алған соң, оны растайтын куәлігі болған соң, домбырашы белгілі бір мамандықтың иесі болатыны, сол арқылы күнкөріс нанын табатыны белгілі, бірақ халық санасындағы күйшінің тұлғасы «малтабардан» бұрын ел мұңын жоқтайтын абыз деп бағалайтын салт алыстап кетті. Бұған жалпы қоғамды, мәдениет саясатын күстаналаудың өзі артық, өнер иелерінің өздерінің де белгілі деңгейде табансыздығы себеп болып отырғанын айту – парызым болсын.

Ертедегі күйшілеріміз де «малтабар» болған. Бірақ олардың жөні басқа, олар ешкімге алақан жайған емес, өнерін пұлдаған емес, несібесі Алладан еді. Халықпен жаны да, малы да бір болған соң, байырғы күйшінің беделі биден төмен бола қоймаған. Байырғы демей-ақ қояйын, кешегі Кеңес дәуірінде Нұрғиса Тілендиев, Төлеген Момбеков, Мағауия Хамзин, Әбдімомын Желдібаев, Секен Тұрысбектердің қоғамдағы орны бөлек болатын, оларды ел ардақтап, төрге шығаратын, босағада тойға қызмет еткен біреуі жоқ.

Қорыта айтқанда, күйшілік өнерімізді өзіміз құрмет тұтуымыз керек. ЮНЕСКО тізіміне енген күй өнерін әлем «адамзат маңдайына біткен материалдық емес игілік» деп биік бағалап отырғанда, күй жарықтық өз топырағында түлемесе, несіне қазақпыз деп кеуде соғамыз? ЮНЕСКО тізіміне домбыра күйлерінің енгеніне екі жылдан асты, осы бір ұйымның мөрін пайдаланып күйді шетелде де насихаттайтын жағдай оң жамбасымызға келіп тұр, соны пайдаланып қалсақ кәнекей?

– Сіздің домбыраңыз аса бағалы музыкалық аспапқа жата ма, кім жасаған, мықты домбыра жасаушылар бар ма өзі?

– Менің домбырамды Айхат шебер жасаған, Азат Өзенбаевтың да домбырасы бар. Ақшасы тұрғысынан аса бағалы деп айту қиын, бір қараның құнына барабар мүлік. Жақсы шеберлер көп. Қымбат ағаштан шабылған домбыраларды алуға жағдайым жетеді, бірақ бұрыннан ылғи арзан домбырамен күй тартқан соң ба, әйтеуір саусағым мың долларлық домбыраның пернесін жатырқап тұратыны бар. Шертпе күй тарту үшін арқаның иықты домбырасы керек. Мұндай домбыра жасаушыларымыз да бар. Болашақта мүмкіндікке қарай сатып алу ниетімде бар. Қазіргі концерттерге шығып жүрген аспабым – қымбат, өткен ғасырдың сексенінші жылдары атақты Жақсылық шебер жасаған домбыра. Оны уақытша шертіп жүруге Мырзатай аға Жолдасбековтен алғам. Мырзатай ағаның қолында он шақты құнды домбыралардан тұратын мықты коллекция бар. Өзі домбыра шертетін болған соң, жақсы шеберлерге арнайы тапсырыс беріп жасатқан екен.

«МЕН» ДЕГЕН АЗАМАТ ТА АРЗАНҒА ҮЙІР

– Кейде жеке парағыңызға бүгінгі эстрададағы сөздері әлем-тапырық әндерді, мағынасыз тексттерді жазып қояды екенсіз. Бұл соңғы кезде еркін жайлаған талғамсыздыққа елдің назарын аудару екенін түсінеміз. Шынында да, біз осы шоу-бизнестің қарқынына қарсы тұра алмаймыз ба? Ұлттық таза өнер  соның тасасында қала бермеуі үшін нақты әрекеттер жасауға бола ма өзі?

– Ол рас. Бір күні ағайынның тойына бардым. Жақсы мен жайсаң жиналды. Сосын әншілер ән айтты, ығы-жығы би басталды. Тойға жиналған қауым әлгі әншілермен суретке түсуге ұмтылып, бір-бірін таптап кетердей әбігерге түсті. Өздерін ұлт рухының абызы санайтын бір-екі ағаларымыз елге жариялап, әлгілерге ақша лақтырды, ұлық басы кішік боп бір «халтурашылдың» алдында бір топ қаламгерлеріміз де жік-жапар болды. Мен көп ойландым, шынында біз сөз танымайтын халге жеткенбіз бе? Аллаға шүкір, дарынды ақындарымыз бар, неге сөзге сонша зәруміз? Әлгі мен жариялап жүрген әндердің мәтіндері сол қалпында біздің ұлттық арналардан беріліп жүр, ешкім шектемейді, «Гәкку» арнасы, қаптаған радиотолқындар осындай сыны жоқ дүниелерді талмай жарнамалаумен жүр. Бұрынғыдай көркемдік кеңестің қолында құдірет қалмады, өзбектер болса мұндай әншілердің лицензиясын тартып алып, өздерін елден қуып жатыр. Ең ауыры – «менмін» деген ұлтқа белгілі азаматтардың өзі арзанға үйірсектеуі, қазақ әнінің азғындаған трагедиясын сезбеуі.

Менің ойым – жеке адамның ойы болғандықтан, обьектілік көзқарас болмайды, сонда да халық әнінің тазалығы үшін әлеуметтік желіде үн қосайын деген әрекетімнің бір көрінісі болатын.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + eighteen =