Жаңғырудың негізі

Санат КӨШКІМБАЕВ, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары

0 31

– Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясындағы сөйлеген сөзі бағдарламалық сипатқа ие және алдағы реформалардың қарқыны мен ырғағын айқындайды. Мәжілістің нақты осы жаңа құрамы экономикалық және саяси салаларда заңнамалық деңгейде маңызды реформаларды қамтамасыз етуі керек. Президент бұған дейін айтқанындай, бұл жаңартулар бір мезгілде қатар жүргізілуі тиіс. Маңызды мәселелердің бірі – Үкімет пен Парламенттің тиімді өзара әрекеттестігі. Мәжілістің қазіргі шақырылымы Үкіметтің құрамын бекіту және одан әрі бақылау бойынша кеңейтілген өкілеттіктерін күшейтуі керек. Президенттің «қоғамның барлық өзекті мәселелері Парламентте талқылануы керек» деп атап өткені кездейсоқ емес. Алдағы жаңартулардың маңызды құрамдас бөлігі – саяси реформалар болмақ, әсіресе, бұл жағдайда өткен парламенттік сайлаудың тәжірибесін ескеру маңызды. Тәжірибе көрсеткендей, дауыс беру бюллетеньдеріне «бәріне қарсы» бағанын қосу қажет. Бұл әлемнің көптеген елдерінде кең таралған тәжірибе және сая­си сахнадағы күштерге қатысты тікелей көзқарас мен бағалауды алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайыз­ға дейін төмендету демократияландыру жолындағы маңызды қадам болады. Өздеріңіз білетіндей, партиялардың бірін сайлаушылардың 5 пайыздан астамы қолдады, шектен өтуге аз ғана дауыс жетпей қалды. Бірақ сонымен қатар бұл партия 400 мыңға тарта дауысқа ие болды – бұл біздің сайлаушыларымыздың айтарлықтай бөлігі. Жергілікті өкілетті органдарда – мәслихаттарға сайлауға қатысқан барлық бес партияның өтуі өте маңызды жағдай. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жүйелерін жетілдіру – реформалардың тағы бір маңызды бағыты. Президент «Біз жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін төменнен бастап күшейтуге ниеттіміз. Бұл өте маңызды сұрақ. Сондықтан алдағы ауыл әкімдерін сайлаудан кейін, аудан әкімдерін сайлауға да кірісуге болады» деді.
Осы қайта құрулардың барлығы мемлекет пен қоғам арасындағы кері байланыс механизмін жаңартуға бағытталған және «азаматтардың саяси жүйені нығайтуға, шешім қабылдау процесіне ықпал етуін арттыруға жаңа серпін беруі» керек. Мемлекет басшысы жариялаған реформалардың өзі, шын мәнінде, Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуындағы жаңа кезеңнің бастамасы болып табылады.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы елдің 2025 жылға дейінгі жаңартылған Ұлттық даму жоспарын қамтитын мемлекеттік жоспарлаудың қағидаттық жаңа жүйесін, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың жаңа тұжырымдамасын мақұлдамақ. Осылайша, Үкіметтің алдында үлкен міндет тұр – бірінші жартыжылдықтың соңына қарай күрделі мемлекеттік бағдарламалардан нақты және шынайы міндеттері бар, жинақы ұлттық жобаларға көшуді қамтамасыз ету. Әлеуметтік-экономикалық саладағы дағдарысқа қарсы шаралар үдерістердің үдемелі динамикасы мен қазіргі коронавирустық дағдарыстың аясында жедел жүргізілуді талап етеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − nine =