ЖАҢҒЫРҒАН ЖIБЕК ЖОЛЫ

0 222

Түйе қомындағы түсіністік
Асқар Алатау аясындағы ару Алматыда Ұлы Жібек жолы жөніндегі халықаралық форум өтті. Онда жиырмадан астам мемлекеттен келген оқымыстылар үш күн бойы үндесіп, осы мәселе төңірегіндегі көрген-білгендері мен көңілге түйгендерін ортаға салды. ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша ұлттық комиссияның төрағасы Иманғали Тасмағамбетов өзінің алқалы жиынға қатысушыларға арналған құттықтау хатында тереңнен тартып, тебірене ой толғапты: «Ұлы Жібек жолы – адамзат тарихы мен әлемдік өркениет дамуындағы ең айтулы жетістіктердің бірі. Жерорта теңізінен Қытайға дейінгі аралықта Европа мен Азияны айқыш-ұйқыш кесіп өтетін сан тарау керуен жолдары ежелден-ақ Батыс пен Шығыстың сауда-саттығын арттырып, мәдени байланыстарын барынша нығайтуға қызмет етті. Тарихи пешенеміз алдын ала айғақтап бергеніндей Евразия жүрегінде қоныс тепкен Қазақстан әртүрлі мәдениеттер әлемін түйістіретін алтын көпірге айналды. Бүгінде ол полиэтносты, көп конфессиялы мемлекет ретінде түрлі ұлт пен дін өкілдерінің жарасымды өмір сүруінің жарқын үлгісін көрсетуде. Сондай-ақ, кейінгі жылдарда біздің еліміз төрінде төрткүл дүниенің толып жатқан толғақты проблемалары талқыланатын ақылдастар алаңы атанғанын атап өткеніміз абзал. Мұның бәрі ЮНЕСКО мұраттары мен Қазақстан бастамасымен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы жариялаған Халықаралық мәдениеттер жақындасуының он жылдығы (2013-2022 ж.ж.) рухымен астасып жатыр».
Ұлы Жібек жолының тағлымдық мән-маңызы зор тарихи-мәдени, саяси-экономикалық құндылықтарын қайта жаңғырту жобасында Қазақстанның айрықша орын алатыны әмбеге аян. Өйткені бұл республикамыз аумағындағы атам заманғы ескерткіш атаулыны жер-жаһанға танытудың тамаша бір жолы.
Жеті ықылымнан жеткен Жібек жо­лы біздің эрамызға дейінгі ІІ ғасырдың ортасында қытайлық Чжан Цзяньның саяхатымен басталған көрінеді. Оның отанынан жырақтап сапарлауы әрине тегін емес. Хань императоры У-дидің тапсырмасымен жан-жақтағы жауласушы көршілерін барлауға аттанған. Обалы нешік, ойдағы ісін орындауға құлшына кіріскенімен, байғұстың бағы жанбай, ғұндардың тұтқынына түседі. Одан он жылдан соң қашып шығып, одан әрі Орта Азияны шарлайды. Содан ол талай жұрттың дәмін татып, еліне орасан олжамен оралады. Қоржынын қампитып алыстағы жат жұрттар жайында мәнді мәліметтер ала келеді. Соларды пайдаланған патшасы бұған дейін беймәлім болып келген Бактрия, Парфия, Ферғана және басқа да аймақтармен байланыс орнатады. Әлгілерге жібек маталарын әкеліп, олардан жегенге таптырмайтын жеміс-жидек алып қайту дәстүрін қалыптастырады. Қиыспас қиырларды жалғаған керуен жолдары келе-келе кеңейіп, Еуразия ендіктерін еркін аралап кетті.
Барыс-келіс көбейіп, алыс-беріс артқан соң ұлыстардың рухани ұғынысуы да тереңдей түсері талас тудырмаса керек. Ат жалында ақылдасып, түйе қомында түсініскен арғы аталарымыз аралас-құраластықтың артықшылықтарын сол кезде-ақ білген. Жібек жолының бойында сауда көрігі ғана қызып қоймай, салт-сана, әдет-ғұрып, ілім-білім ықпалдастығы да өз ыңғайын тауып отырған.

 

Қазақстанның ортағасырлық қалалары 

Байыпты басқосу барысындағы алуан тақырыптар аясында ашық пікір алмасқан сарапшылар Ұлы Жібек жолында орналасқан Қазақстанның ортағасырлық қалалары туралы көптеген деректерді көлденең тартып, көкейге қонымды қорытынды жасады. Кореядағы мәртебелі симпозиумға кеткен археология ақтаңгері Карл Байпақов ағамыздың орны әрине ойсырап тұрды. Ол кісінің баяндамасын осындағы шәкірттері оқып берді. Ғұлама ғалымның «Великий шелковый путь на территорий Казахстана» атты кірпіштей қалың кітабын ілгеріректе парақтап шыққандықтан болар өткен сабақтың өте қызық тұстарын қайталаған өрендей өзгеше әсерге бөлендік.
Академиктің айтқандарына сүйенсек, қазақтар европалықтар ойлайтындай, ойлы-қырлы даламызда оңды-солды көшіп-қонып қана қоймай, самаладай қалалар салған. Арғы бабаларымыз алтын тақта отырып, алыс-жақынға айбат шегіп, билік жүргізген. Тіпті, тірісі түгіл өлісіне дейін алтынмен апталып, күміспен күптелген көрінеді. Анау сақ қорғандарынан табылған айғақтық заттар соны дәлелдейді. Есік пен Берелден қазылып алынған дүниелер айды аспанға шығарғандай жаңалықтардың қатарына жатады. Бұдан біраз бұрын аяқ астынан Америка ашқандай алақайлап 150 жылдығын тойлай жаздаған Алматымыздың іргесі қаланғанына кемінде 2000 жыл болған. Археологиялық аршу жұмыстары кезінде қолға іліккен қола монеталардағы мөртаңбалар мұны бұлтартпай мойындатады.
Ал, қазір құм құрсауында қалғанына қарамастан «Мәдени мұра» бағдарламасы арқасында тарихы қайта таңбалана бастаған Отырар, Сарайшық, Құлан, Испиджаб, Талғар, Тараз, Сұяб, Қойлық, Навакет секілді көне шаһарларымыздың даңқы ша­ртарапты кезіп кеткені кеудемізде мақта­ныш сезімін ұялатады.
Мәселен, мына мәжілістің мінберінен сөз сөйлеген Жапониядағы Васеда университетіне қарасты Орталық Евразия тарихы мен мәдениеті институтының профессоры Йоккайчи Ясухиро бізден жалынып-жалпайып Түркістан мен Отырардың жөнін білетін жолсерік тауып беруімізді өтініп, қыр соңымыздан қалмай қиылғанын қайтерсің. Әйтеуір Шымкенттен келген мәдениет қызметкерлерінің бірімен таныстырып әрең құтылған жайымыз бар. Сөйтсек, бұл «самурайың» номадтар тарихын нобайлап жүрген сабаз екен. Әттең уақыты жоқ, әйтпесе Жанкентке, Берелге, Сығанаққа, Сауранға сапарламақ ниетін байқатады. Кейін бір келермін дейді. Біз болсақ, іргеміздегі ескінің елесін іздегеннен гөрі алыс шетелдердегі атақты мұражайларды аралағанды жақсы көреміз. Өзіміздегі барымызды бағалай білмейміз.

Рухы биік Рубрук
Жатжерлік жиһангерлер қасиетті қазақтың киелі қиырларына баяғыда-ақ көз қиығын тастаған. Сонау ХІІІ ғасырда Франция королі Тоғызыншы Людовиктің тапсырмасымен Моңғол ханының Қарақорымдағы ордасына 16000 шақырым жол жүріп, шаршап-шалдығып жеткен Вильгельм Рубрук солардың сойынан. Ол жөнінде франциялық ғалым, ҚР Бейбітшілік және Рухани келісім сыйлығының лауреаты Альбер Фишлер әдемі әңгімелеп берді. Қазақстанға қатысты тұстарын келтіре кетсек сірә, артықтық етпес. Межелі нысанға табан тірегенше алған бетінен айнымаған Рубрук өзіміздің Отырардың, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінің маңына аялдапты. Талас өзенінің жағасындағы Айша бибі жерленген Таразды көріпті. Тамғалы петроглифтерін тамашалап, Алтын адам табылған Есікті жанамалай, Балқаш көлін жағалап, жаяулап тартқан тәрізді.
Ұзын-ырғасы 38 тараудан тұратын күнделігінде Вильгельм Рубрук қазіргі Қазақстан картасындағы біраз жер-су аттарын жазып қалдырыпты. Мысал үшін үзінділер ұсынайық. «… Үлкен өзен (Талас) ортасын қақ жаратын елді мекеннен жүзім бағын көріп, екі рет Ла-Рошельдегідей (Францияның батысындағы қала) қызыл шарап іштім. Содан соң биік тауды бөктерлеп, етектегі бау-бақшадай бапталған суармалы егістікке түстік…»
«… Олардың үйлерінің керегесі торкөздене тоқылған ағаштардан құрастырылған. Төбесінде дөңгелек тесігі бар. Жан-жағы киізбен жабылған. Іші-сырты әдемі өрнектермен әшекейленген». «Оның (қымыз) қышқыл дәмі жаңадан ашытылған шараптай тіліңді тыз еткізеді. Ішкенде аузыңа сүттің дәмі келіп, қаныңды қыздырады». (Айтып тұрғаны бір аяқ қымыздың, екі аяқ желігі ғой). «…Біз Қойлық аталатын үлкен қалаға соқтық. Мұнда көпестер бас қосатын базар бар». Одан әрі мұнда айырбастан басқа саудаға қағаз ақша жүретінін айтады. Батыс елдерінде қағаз ақшаның көп ғасырлардан кейін пайда болғанын ескерсек, бұл деректің тарихи маңызы өте зор.

БАСЫМЫЗДЫ ҚАТЫРҒАН БАЛАСАҒҰН
Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі археология және этнология кафедрасының доценті Сәбира Құлсариева аталмыш оқу ордасының қатысуымен қазылған ортағасырлық қалалар хақында сөз қозғады. Жамбыл облысындағы Түймекенттің іргесін су шайып жатыр екен. Талайғы Тамдыдан құс сүйегінен жасалған сыбызғы табылыпты. 1974 жылдан бері зерттелу үстіндегі Ақтөбенің құрылысына күйдірілген кірпіштер пайдаланылыпты. Керемет керамикалық ыдыстар көздің жауын алады. Профессор Уахит Шалекенов бұл араны байырғы Баласағұн қаласына балайды. Ал, Карл Байпақовтың байламы мүлдем басқаша.
Біздің білуімізше, қыр астындағы қырғыз бауырларымыз баяғыда-ақ Баласағұнды басыбайлы иемденіп, Тоқмақ түбіндегі бетегелі белдердің біреуін белгілеп қойған.

 

ТЫҢ ДЕРЕКТЕР
ТАБЫЛДЫ
Ұлықтауға лайық ұлттық тарихымыздағы тың деректерді алға тартқан Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы ЮНЕСКО-ның ғылым және руханият кафедрасының меңгерушісі Меруерт Әбусейітованың баяндамасы тыңдаушыларды еріксіз елең еткізді. Өйткені ол соңғы уақыттарда шетел мұрағаттарынан көшірмелері алынған көне жәдігерлерді экраннан көрсетіп, оларға жан-жақты ғылыми түсінік берді. Қытайдың Сиань қаласынан табылған саркофак қабырғасына салынған суреттер көшпенділер өмірінің қырларына қанықтырады. Соғдалық көпестер, аңшылықтағы түркілер кескіні ертедегі һәм ешкі жүні бөртедегі бабалардың тыныс-тіршілігінен шежіре сыр шертеді. Үндістанда сақталған Рашид ад-Дин жарықтықтың әйгілі «Жами ат-тауарих» кітабын көркемдеген 9 миниатюраның көне түркілердің көмескі елестерін көз алдыңызда қайта тірілтеді. Қытай императорының сарай суретшісі болған Джузеппе Кастильонидің 1757 жылы жазған картинасында қазақтардың Цин патшасына асыл тұқымды арғымақтарды тарту етіп тұрғаны бейнеленген. Ал, енді бір картинада қазақ елшілерінің достық сапары көрініс тапқан. Сондай-ақ, Швейцариядағы Берн мұражайының экспонатына айналған «Қазақ жауынгері» суреті, ХІХ ғасырда қолдан тоқылған түкті кілем мен тұскиіз көз тойдырып, көңіл толқытады. Санкт-Петербургтегі Ресей ұлттық кітапханасы қорында жатқан 1889 жылы С.Александровский салған Баймағанбет сұлтанның суреті де орыс отаршылдығы тұсында ел билеген ұлықтарымыздың сән-салтанатын паш еткендей.
Таяуда ғана 300 жылдығын тойлаған Абылай ханның Цин патшасы Цяньлунға ойрат тілінде жазған хаты да халқымыз тарихындағы ақтаңдақ беттердің бірін ашқандай болды.

АРНАЙЫ ПОРТАЛ
АШЫЛДЫ
Астын сызып айтарлық тағы бір жаңалық, ЮНЕСКО-ның Жібек жолы жөніндегі онлайн порталының тұсауы кесілді. Үлкен жобаның үйлестірушісі Мехрдад Шабаханг алғашында тек ағылшынша кейін орысша, қытайша және қазақшадан басқа тілдердің біразында қараған жанды ақпараттың астында қалдыратын аса ірі порталдың ертеңі жарқын екендігін ерекше екпінмен жеткізді. Мұндағы мәліметтер базасы барынша дәлдігімен ерекшеленбек екен. Жібек жолына кіретін кез келген мемлекет пен ондағы ірі қалалар, тарихи орындар туралы керек деректерді бірден табасыз. «Мәселен, біз ғой қазір Алматының төрінде мәслихат құрып отырмыз. Ендеше осы қала туралы ақпар алып көрелік» деген Мехрдад мырзаның сөзінен кейін сайтыңыз сайрай жөнелсін. Бірақ, біздің көңілімізді су сепкендей басқан бір жайтты айтпай кете алмаймыз. Әсем шаһарымызды әлемге танытатын көрініс ретінде панфиловшылар паркіндегі кафедралды собор беріліпті. Көпшілік күбірлесіп кетті. Көңілімізді күпті қылған көкейдегі күмәнді көмекейде ірке алмай сауалды төтесінен қойдық. «Біздің білгіміз келетіні мынау. Портал авторлары неліктен Алматыны танытуға лайық айшық кафедралды собор деп ойлайды екен?» Алайда, секемденген көңілімізді сейілткендей жартымды жауап ала алмадық. «Біздің бөтен ойымыз жоқ. Кафедралды собор да Алматыдағы елеулі ескерткіштердің бірі емес пе» дегендей бірдеңе айтқан болды әлгі жігітіміз.
Жә, осы арада тоқтай қалалық. Ұлттық санасы сәл-пәл қалғып кеткен әлдебір қандастарымыз айтпақшы, түкке тұрмайтын ауыл арасының «әңгімесін» айтып кеттік білем…
Келешекте бұл порталдың керегесі кеңейе бермек. Әрбір ел жайындағы материалдар мүмкіндігінше сол мемлекеттегі ЮНЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссиялардың сараптауынан өтіп барып салынбақ.

КӨК АСПАН
АСТЫНДАҒЫ КӨРМЕ
Таңданып, таңдай қақпай көр!..
ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енген «Тамғалы петроглифтерін» көргенде ерекше күйді бастан кешпеуіңіз мүмкін емес. Қараптан-қарап қайран қаласың. Біздің дәуірімізге дейінгі ХIV-XIII ғасырларда таңғажайып туындыларды тасқа қашап тастап кеткен керемет дарын иелері кімдер болды екен? Уақыт уытына бой бермейтіндей не құдіреті бар бұл көненің көзіндей көркем жәдігерлердің…
Конференция аяқталар күні «Тамғалы» тарихи-мәдени қорығына ат басын бұрған мәртебелі меймандар көк аспан астындағы галереяны армансыз аралады. Бәрімізді құшақ жайып, қуана қарсы алған елгезек экскурсовод Бақыт Әбдіхалықов қазақша, орысша, ара-арасында ағылшынша барын салып бақты. Талай туристердің «қалпағын қайырған» тарланбоз екені көрініп тұр. Жан-жақтан қойылған сұрақтарға жағы талмай жауап беріп жатыр. Айтуынша, Тамғалы шатқалының тастағы таңбаларын алғаш ашқан Анна Георгиевна Максимова жетекшілік еткен Тарих және археология институтының экспедициясы екен.

Одан бергі мезгілде мұнда көптеген көрнекті ғалымдар жұмыс істепті. Таңбалыдағы петроглифтердің жалпы саны 5000-ға жетіп жығылады. Аяғымыз ауырғанша аралап, көзіміз талғанша көрдік ақыр келген соң асықпай жүріп. Скифтердің жануарлар стиліндегі суреттер түртіп қалсаң сөйлеп қоя беретіндей. Адырнасын аңырата тартқан аңшылар …Күнбасты кейіпкерлер… Некелескен ер мен әйел… Баласын бауырына басқан ана… Қазіргі Қазақстанда кездеспейтін буйвол мен мүйізтұмсық… Ежелден етене таныс төрт түлік, еліктер, бұғылар, тағысын тағы хайуанаттар суретінен көз сүрінеді. Көбісі анық көрінеді. Өкінішке қарай, кейбірі өше бастаған. Оларды бәдізшілер қайта қалпына келтіріп жатқан сыңайлы. Сол кездегі адамдардың тұрмыс салттары, діни әдет-ғұрыптары, аңшылық амал-әдістері қара тасқа қапысыз қашалған.
Қасыма қапталдаса келген Кембридж университетінің аға ғылыми қызметкері Шырын Акинер апай жан толқынысын жасыра алмай, ағынан жарылды. «Құдайым-ау фантастика ғой бұл» деп қайта-қайта басын шайқай береді. Ата мекеніміздегі адамзат игілігіне айналған осынау мәдени мұраның маңызын малданып біз жүрдік мақтаныштан жүрегіміз жарыла жаздап.

…Сонымен Ұлы Жібек жолының кешегісі мен бүгінгісін саралауға арналған форум аяқталды. Биік мінбелерге білікті мамандар келелі кеңес құрды. Талай сұрақтардың жауабы табылды. Алдағы уақыттарда айналысар шаруалар шаш-етектен.
Өркениет өрісі іспетті тарихи Жібек жолы Еуразия кеңістігіндегі елдер арасын одан әрі жақындата түсуге септігін тигізеріне сенгіміз келеді.

 

Талғат БАТЫРХАН

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + twelve =