Жаңғырған сарайдың жаңалығы

0 35

Былтыр елорданың Сарыарқа ауданында табысты жүзеге асырылған «Бюджетке қатысу» жобасы қайтадан қолға алынды. Жақында ашық дауыс беру қорытындысы бойынша аталмыш ауданда биыл абаттандырылатын 13 аула анықталды.Аудан әкімдігінің мамандары мен мердігерлік ұйым өкілдері карантин жағдайында барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, осы аулалардың тұрғындарымен кездесуді бастады. Осындай кездесулер Ә.Жангелдин, 3, К.Байсейітова, 122 көшелері және Абай даңғылы, 8 мекенжайларында ұйымдастырылды. Соның барысында аулаларда бой көтеретін балалар алаңдарының жобалары таныстырылып, талқыланды. Бір атап өтерлігі, осы жылы «Бюджетке қатысу» жобасын бас қаланың бүкіл аудандарында жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Сарыарқа ауданының әкімдігі «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтымен бірге бірқатар орамдарды дамыту мен абаттандыру жобаларын да әзірледі. Бұл Ш.Бейсекова мен Ш.Қосшығұлұлы көшелерінен басталып, Есіл өзені арнасына дейін созылатын орам және Ш.Қосшығұлұлы көшесін, Бөгенбай батыр даңғылын қосатын аумақ. Аталған жобалар тұрғындар талқылауына шығарылды.
Айта кетерлігі, аталмыш жоба бірнеше жылға есептелген және кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Негізгі мақсат – аталған аумақтарда тұрғындарға қажет нысандар мен қызмет көрсету орындарын орналастыру. Бірінші кезекте білім беру мекемелері, емханалар, бос уақытты өткізу орталықтары, қоғамдық кеңістіктер мен сауда орындары жақын маңда болуы керек. Балалардың қауіпсіздігі де ерекше назарға алынған. Яғни, көлік ағыны қатты жалпықалалық магистральдар ол жерлерден өтпеуі тиіс.
Алғашқы кезеңде әр орамда орналасатын нысандар мен қызмет көрсету орындары жайлы бастапқы деректер жиналады. Екінші кезеңде жоспарлау секторындағы тұрғындар саны ескеріліп, қолданыстағы және алда ашылатын нысандардың нормативтік қажеттіліктері анықталады. Үшінші кезеңде әр секторда орналасатын нысандар мен қызмет көрсету орындары нақты қайда орналасатыны белгіленеді.
Қазіргі кезде Алматы ауданы аумағындағы «Толқын» және «Қазақстан» спорт кешендерін күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жақында «Президенттік», «Триатлон» және Есіл өзені жағалауындағы саябақтарды біріктіру басталмақ. Бұл жаяу жүргіншілер алаңын, жүгіруге және велосипедтерге арналған арнайы жолақтарды салу жолымен жүзеге асырылады. Саябақтардың жарықтандырылуы мен оларда арнайы спорт құралдарының болуы да есепке алынған.
Бүгіндері «Жастар» сарайын жаңғырту жұмысы да жүргізіліп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, жөндеу жұмыстары осы жылдың желтоқсан айында аяқталып, жаңарған нысан есігін айқара ашуы тиіс. Қазір онда концерттік зал, кітапхана, спортзал және бассейн бар. Жаңғыртылған соң нысанда жаңа коворкинг орталығы ашылады. Орталықта балалар мен жастарға арналған үйірмелер, семинарлар, тренингтер, мәдени және спорттық шаралар ұйым­да­с­­тырылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − one =