ЖАҢАЖОЛ КӨШЕСІНІҢ «ЖЫРЫ» ҚАШАН БІТЕДІ?

0 1

Елорда шеткі аймақтарының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға қала бюджетінен келесі жылы 3 млрд 225 млн теңге қарастырылған. Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында кезекті мәрте өткен шаһардың 2021-2023 жылдарға арналған бюджеті жобасын талқылау кезінде бұл туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев мәлімдеді. Отырыста Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, Құрылыс, Қалалық орта сапасы және бақылау, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармаларына үш жылдық кезеңге бюджеттен бөлінген қаржы туралы баяндалды.

Соның ішінде, басқа басқармалармен салыстырғанда, қаржының ең қомақты бөлігі Құрылыс басқармасына бөлініп отыр. Аталмыш басқармаға үш жылға 98,8 млрд теңге қарастырылған. 2021 жылы бұл басқармаға қала бюджетінен әртүрлі жұмыстарға 35,6 млрд теңге бөлінбек. Мұның сыртында келесі жылы коммуналдық тұрғын үй қорына кіретін баспаналарды сатып алуға республикалық бюджеттен 13,6 млрд теңге қарастырылған.
Ал қала бюджетінен әлеуметтік тұрғын үйлерді жобалауға және салуға үш жылға 17 млрд теңге қарастырылып отыр. 2021 жылы бұл қаржыдан осы жұмысқа 5 млрд 865 млн теңге жұмсалмақ. Сондай-ақ бастапқы білім және орта білім беру нысандарын салу мен жаңғыртуға, басқаша айтқанда балабақшалар мен мектептер құрылысы мен жаңғыр­тылуына 2021-2023 жылдарға 29 млрд 68 млн теңге қарастырылса, бұл сомадан келесі жылы 11 млрд 112 млн теңге бөлінбек. Денсаулық сақтау нысандары бойынша осындай жұмыстарды жүргізуге үш жылға 1 млрд 253 млн теңге қарастырылған.
Қаланы абаттандыруға үш жылға 1 млрд 391 млн теңге қарастырылып отыр. Соның ішінде келесі жылы Есіл және Сарыбұлақ өзендері арналарын қайта салуға 140 млн теңге бөлінбек. Ал шаһардың инженерлік инфрақұрылымын жобалау мен салуға 2021-2023 жылдарға 3 млрд 264 млн теңге бөлу жоспарланған.
Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының үш жылдық бюджеті 9 млрд 760 млн теңгені құрап отыр. Соның ішінде бұл басқармаға ескі және апатты үйлерді сүруге 160 млн теңге бөлінген. Келесі жылы тұрғын үй сертификаттарын беру жалғасады. Бұл жұмысқа 700 млн теңге қарастырылған. Соның аясында баспанаға мұқтаж 466 адамның әрқайсысына пәтер сатып алуға 1,5 млн теңгеден берілмек.
Көлік және жол-көлік инфра­құрылымын дамыту басқармасына үш жылға 30,2 млрд теңге қарас­тырылған. Атап айтқанда, 2021 жылы – 11,8 млрд, 2022 жылы – 10,1 млрд, 2023 жылы 8,3 млрд теңге бөлінбек. Соның ішінде негізгі қаржы жол инфрақұрылымын дамытуға, жолдарда қатынасты қамтамасыз етуге және әлеуметтік санаттарға жататын жолаушыларды тасымалдауды субсидиялауға жұмсалады. Ал Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына 2021-2023 жылдарға 6 млрд 321 млн теңге бөлінген.
Жаңажол көшесінің жолын кеңейту «жыры» бірнеше жылдан бері бітпей жатыр. Бұл мәселені қалалық мәслихат депутаты Зейнолла Шібкенов қайта жаңғыр­тып, оның жайын Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жансұлтан Сапарбаевтан сұрады.
– Келесі жылдың жоспарына бұл көшені енгізейік. Егер қаржыландыру болса, онда қолға аламыз. Біз көшелерді жөндеу бойынша тапсырысты аудандардың әкімдіктерінен қабылдаймыз, – деп жауап берді бұл сауалға Ж.Сапарбаев.
Оның жауабын толықтыра кеткен Қ.Маңқараев белгілі бір жолдың құрылысы қаржыландыруына қарай бірнеше жылға созылуы мүмкіндігін айта келе, бұл өте ауқымды жұмыс екенін атап өтті.
– Жаңажол көшесіне келсек, алдымен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу керек. Себебі бұл көшеде жолды кеңейту үшін алдымен инженерлік желілерді жылжыту қажет, – деді Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.
Депутаттар бұл мәселені мәслихаттың тұрақты комиссия­ларының бірлескен отырысына шығарып, пысықтауға келісті.
Депутат Аман Аюпов «Железнодорожный» тұрғын алабының мәселелерін көтерді. «Бұл кентте жолдар мен кәріз жүйесі жоқ. Елді мекен дұрыстап жарықтандырылмаған. Онда 11 мың адам тұрады» деді депутат.
Ж.Сапарбаевтың айтуынша, «Железнодорожныйда» атқарылатын жұмыстар үш кезеңге бөлінген. Бұл жұмыстар шамамен алғанда 8,7 миллиард теңгеге бағаланған. Жобалық-сметалық құжаттама дайын.
Депутат Илья Мещеряков 2019-2023 жылдарға арналған елорданы дамытудың кешенді жоспарына сәйкес 530 мың шаршы метр тұрғын үй, 9 мың пәтер салу жоспарланғанын айтты. Бұған қоса, 37 мектеп, мектептерге арналған 63 мың орындық 10 жапсаржай, 6 мың балаға шақталған 25 балабақша, 15 денсаулық сақтау нысаны, 4 өрт сөндіру депосы, 13 саябақ пен шағын бақ, 1371 шақырым веложол құрылысын жүргізу жоспарланған.
– Қазір жалға берілетін баспана мен мектептер, балабақшалар құрылысының жайы не болып жатыр? – деп сұрады И.Мещеряков.
Құрылыс басқармасының басшысы Самат Сәрсенғалиевтің мәлімдеуінше, қолжетімді баспана бойынша 5 мың пәтер салынбақ. Барлық жұмыстар тиісті жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Пәтерлерді пайдалануға беру биылғы тамыз айында басталды.
– Жақында Ш.Айтматов көшесіндегі тұрғын үйді пайдалануға бердік. Қазір Е30 және Е250 көшелеріндегі үйлерді тапсырып жатырмыз. Желтоқсан айына қарай «Метро» гипермаркеті маңайындағы үйлер тапсырылады, – деді басқарма басшысы.
Мәслихат депутаттары басқа да көптеген өзекті сауалдарды қойды. Олардың бұл сұрақтарына Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Светлана Пивоварова мен Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов жауап берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − four =