Жаңашыл ұстаз

0 296

«Астана таңдауы» байқауына №15 мектеп-лицей ұжымы өздерінің құрмет тұтатын ұстазы Гүлзада Бердиярованы ұсынып отыр.

Гүлзада Қиянтайқызы отыз жылдан астам уақыт бойы педагогика саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатыр екен. Гео­графия пәнінен сабақ беретін мұғалім мамандықты жүрек қалауымен таңдаған дейді әріптестері. Жетісай Педагогикалық университетін тәмамдаған ол соңғы бес жылдан бері №15 мектепте еңбек жолын жал­ғастырып келеді. Аз уақыттың ішінде Гүл­за­да Қиян­тайқызы оқушыларды білімге, шы­ғармашылыққа, еңбек­сүйгіш­тікке баули отырып, оқыту үрдісінде жаңа тех­но­ло­гияларды қолдану арқылы шығар­ма­шылықпен жұмыс іс­тейтін дарынды ұстаз екенін көрсете білді. Мұғалім сабақ берудің дәстүрлі және дәс­түрлі емес түрлерін еркін меңгерген. Ол кіріктірілген және стандартты емес сабақ түрлерін кеңі­нен қолданып, информатика және жаратылыстану пәндерімен байланыстыра отырып, жаңашыл технология элементтерін енгізді. Жаңашыл педагогтың еңбегі еш кеткен жоқ. Шығармашыл мұға­лім­дер­дің арасында өткізілген байқауда «Із­де­німпаз ұстаз» номинациясын жеңіп алды.
«Психологиялық ғылымдар ака­де­мия­сының құрметті мүшесі» дипломымен марапатталды.

Білімін үнемі жетілдіріп отыруды жөн көретін маман ғылыми-практикалық жұ­мыстарға да белсене атсалысады. Со­ның бір мысалы ретінде мұғалімнің орта мектептерге арналған оқу бағдар­ламасына эксперттік жұмыс жүр­гіз­­генін атап өтуге болады. Сондай-ақ, 7-сынып бағдарламасына лайық­талып жа­салған «Материктер мен мұхиттар гео­гра­фиясы», «Жалпы жер атаулары және есептер жинағы» атты шығармашыл мұға­­лімдердің іс-тәжірибелер жинағы да Гүл­зада Бердиярованың ұйымдастыруымен жинақталып, баспаға әзірленді. Бұған қоса, шығармашыл мұғалімдердің іс-тәжі­рибесінен жинақталған «Ойынмен оқу­­шы ойын дамыту» әдістемелік нұсқау еңбегі топтастырылды.

Ұстаздың шәкірттері де көптеген бай­­қаулардан бәйге әкеліп жүр. Атап айт­қанда, жалпы білім беретін пәндерден рес­­публикалық ғылыми жобалар конкурсы мен конференцияларда Айнара Сәлім­ге­реева, Айымторы Шаймерденова, Сәрсен Эльдар, Данагүл Қабдуллина сынды оқу­шылары жүлделі оралды.

Оқытуда көрнекі құралдарды қолданып, оқытудың ғылыми-педагогикалық негіз­делген әдіс-тәсілдерін таңдап, оқушылар­дың теориялық және практикалық білік­тілігі мен дағдыларына ден қоятын мұғалім білім сапасы мен оқу деңгейінің көтері­луіне септігін тигізуде.

Бүгінгі күні Гүлзада Қиянтайқызы – мектептің «Табиғи ғылым» жаратылыстану әдістеме бірлестігінің жетекшісі, білікті маман, өз кәсібінің шебері, шәкірттерінің сүйікті ұстазы. Мінезге бай, ашық-жарқын, кеңпейілді ұстаз әр оқушының жүрегіне жол тауып, жылы сөзімен баурап, еліміздің болашақ азаматтарын оқытып, тәрбиелеу жолында еселі еңбек етуде.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 5 =