«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаңашыл медиаменеджер еді…

0 33

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі журналист, медиаменеджер Батыр Қазыбаевтың дүниеден өтуіне байланысты оның анасы танымал қаламгер, ұстаз Орынша Қарабалинаға көңіл айту жеделхатын жолдады.

photo_392364

«Ардақты ұлыңыз Батыр Кәкімжанұлы ақпарат саласында табысты қызмет етіп, ірі медиажобаларды жүзеге асырды. Отандық ақпараттық порталдар, радио мен телеарналардың негізін қалап, еліміздің журналистика саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Өзінің табиғи қарапайымдылығымен, ұшқыр ойларымен және іскерлігімен елге сыйлы болды. Өмірде адал еңбек етіп, өз ісінің білгір маманы ретінде соңына өшпес із қалдырған Батыр Кәкімжанұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды» деп жазылған Президенттің жеделхатында.

27 наурызда Tengrinews.kz негізін қалаушы және Alash Media Group холдингінің басшысы Батыр Қазыбаев ауыр науқастан 53 жасында қайтыс болды. Ол – белгілі қазақстандық журналист әрі жазушы, көп жыл бойы облыстық және республикалық газеттердің редакцияларында басшылық қызмет атқарған, Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы болған Кәкімжан Қазыбаевтың ұлы.

Батыр әкесінің жолын қуып, журналистиканы таңдап, табысты медиаменеджер болды. Ол 10 жылдан астам уақыт құрамына Tengrinews.kz, Vesti.kz, Massaget.kz ақпараттық порталдары кіретін Alash Media Group медиахолдингін, «Жұлдыз FM» радиостанция­сын, «Ретро FM» Қазақстан, «СТВ» телеарнасын басқарды, «Жетінші арнаның» негізін қалады. Сондай-ақ Батыр Қазыбаев Қазақстандағы алғашқы Tengri FM рок-радиостанциясын, ал кейінірек елдегі алғашқы қазақ тіліндегі «Жұлдыз FM» толқынын құрды. Ол негізін қалаған The Spirit of Tengri этникалық музыка фестивалі Алматының туристік картасы ғана емес, үлкен мәдени жобаға айналды.

Медиаменеджер қазақтілді аудиторияға бағытталған жобаларға да ерекше назар аударды. Massaget.kz жастар сайты іске қосылды. Tengrinews.kz сайтының қазақ тіліндегі нұсқасы, «Жұлдыз FМ» радиостанциясы, бүгінде қоғамдық-саяси сайтқа айналған «Алаш айнасы» газеті ашылды. «Қазір қазақ тілінде жаңа контент пайда болып жатқан қызық уақыт, оған қатысу – мен үшін мақтаныш» деген еді Батыр Қазыбаев.

Отандық медиа саласын дамытудағы Батыр Қазыбаевтың еңбегі лайықты бағаланды. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Өкінішке қарай, өткен жылы тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Парасат» орденімен марапатталғандағы жаңалықты сырқаттанып жатып естіп, салтанатты жиналысқа бара алмады. Жоғары мемлекеттік марапатты НұрСұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен бұрынғы Әділет министрі Марат ­Бекетаев үйіне арнайы барып, ел басшысының атынан салтанатты түрде тапсырды.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және «Elorda Aqparat» ЖШС ұжымы Батыр ­Қазыбаевтың туған-туыс­тары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды