ЖАҢАШЫЛ БАҒЫТПЕН – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА

0 173

con_0609131753

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республи­касының халықаралық аренада өз орнын ойып тұрып алуына, өркениетті дамуына серпін берді.

Тәуелсіздік алған жиырма үш жылдың ішінде экономикасы өркендеген, рухани дүниесі берік орныққан, саяси бағдары айқындалған, әлемдік демократиялық жолмен дамып келе жатқан жасампаз мемлекеттің іргесін қаладық.

Осымен тоқтамай, Елбасымыз «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір бола­шақ» атты Жолдауы арқылы еліміздің әлем­нің дамыған 30 елі қатарына енуінің негізгі бағыттары бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Дамудың даңғыл жолында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құн­ды­лықтар жүйесін айшықтап берді. Еліміз өркендеуінің алғышартына айналған бағыттардың барлығы да уақыт талабымен үндескен, маңызы мен мәні үйлескен сара жол болып табылады.

Дамыған 30 елдің қатарына кіру жос­па­рын ұсына отырып, Ұлт Көшбасшысы осы Жолдаудан туындаған тұжырымдама көп­те­ген болжамдар бойынша, алдағы 15-17 жылда Қазақстанның ауқымды серпілісі үшін «мүмкіндіктер көзі» болатынын атап өтті.

Мемлекеттік қызмет саласында мемле­кеттік институттар жұмысын жетілдіру басым бағыт ретінде белгіленді. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі, мемлекеттік қызметті әлемдік үздік деңгейге көтеру керек.

Бұл орайда, Елбасы өз Жолдауында зор өкілеттілік пен құқық иеленген шенділер мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленуге тиіс деп атап өтті.

Сөз орайында, Президентіміздің бас­та­ма­сымен Астанада БҰҰ-ның Даму бағ­дар­ла­масымен бірлесіп, Орталық Азия, Ресей, Кавказ елдеріндегі мемлекеттік қызмет саласындағы білім мен халықаралық үздік тәжірибелерді мемлекеттік қызмет саласына енгізу үшін 2013 жылы өңірлік хаб құрылғанын атап өтуіміз қажет. Хаб әлем елдерінің сарапшылары мен ғалымдары үшін мем­ле­кеттік қызмет саласындағы жетістіктер мен түйт­кіл­ді мәселелерді талқылайтын сұхбат алаңына айналды. Шетелдік сарапшылар Қазақстанның мемлекеттік қызметті жетілдіру жолындағы ұмтылысына, мемле­кет­тік қызмет моделіне жоғары баға береді.

Еліміздегі мемлекеттік қызмет саласын­дағы басты ұстанымдардың бірегейі – сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұру, оны болдырмау мен алдын алу болып табылады. Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Елбасының кейінгі Жолдауында да сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне басымдық берілді. Жемқорлық жай құқық бұзу­шы­лық емес, ұлттық қауіпсіздікке тікелей төнген қатер ретінде бағаланып, заңна­ма­лар­ды жетілдіру арқылы оған соққы беру міндеті қойылды. Бұл шаралар сыбайлас жем­қор­лық­тың деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беретіні атап көрсетілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру – аса маңызды міндет ретінде белгіленді.

Жолдауда мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл орайда, әкімшілік реформа қажетсіз қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауы қажеттігіне жете мән берілді. Дамыған елдердің өркендеу жолындағы тәжірибесі негізінде Елбасы жергілікті жерлердегі басқару органдарының халық алдында есептілігін арттырып, нәти­жеге деген жауапкершілігін күшейте отырып, көбірек дербестік беру мақсатында Үкіметке айтылған барлық мәселелер жөнінде кешенді ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Бұл да болса, жергілікті атқарушы органдар­­дың есептіліктен – еселі еңбекке бағыт бұруы, «Нұр Отан» партиясының «Нақты іске – нық қадам» ұстанымының жүзеге аса бастауының айқын айғағы.

Мемлекеттік билік құрылымының қасаң кеңестік пирамидалық басқаруды тарих қойнауына беріп, өркендеу өріне қарымды қадам басқан мемлекетіміздің билік ету ауанына жаңа леп енгізуі – жаңашылдыққа бағыт бұру, әлем елдерінің лидерлері мойындаған Елбасымыздың кемел келешекті ойлайтын көрегендігінің бір көрінісі.

Мемлекеттік кәсіпорындардың, ұлттық компаниялар мен бюджеттік мекемелердің кадр саясатына меритократия қағидаттарын енгізуді жалғастыру – әкімшілік қызмет реформасынан азаматтық қызмет реформасына да жаңа дем берудің алғышарттары болып табылады. Мемлекеттік әкімшілік қызмет саласын жетілдірудің нәтижесінде азамат­тар­дың мемлекеттік қызметке тең тұр­ғы­да қол жеткізуіне орасан мүмкіндіктер туғызды. Сол секілді, азаматтық қызметтегі көне түндікті түріп, серпін беру, қай салада болмасын нағыз кәсіби мамандардың қызмет етуіне, мемлекеттік басқару, атқару тетік­те­рі­нің үздіксіз жұмыс жасауына негіз болып табылады.

Елбасының осы Жолдауының ерекше бір қыры – халықты әлеуметтік қолдау жағына жете мән бергенінде. Оның ішінде мем­ле­­кет­тің өркендеуі мен дамуына өзіндік үлес қосып, бюджеттік мекемелер қызметінің көркін қыздыруға сүбелі еңбек етіп келе жатқан аза­мат­тық қызметшілердің еңбекақысын көтеру, қоғамның осы бір бөлшегіндегі аза­мат­тардың үніне көңіл бөлу екендігі айқын.

Жолдауда көрсетілгендей, Үкіметке аза­мат­тық қызметшілер еңбекақысының жаңа үлгісін әзірлеу және 2015 жылғы 1 шіл­де­ден бастап енгізу тапсырылды. Ол қызмет­кер­лердің еңбекақылары денсаулық сақтау саласында – 28, білім беру саласында – 29, әлеуметтік қорғау саласында – 40 пайызға дейін арттырылуы тиіс.

Әлеуметтік қолдаудың да өзіндік оң әсері барын бағамдаған Елбасы «Б» корпусы мем­ле­кет­тік қызметшілерінің еңбекақысын 2015 жылғы 1 шілдеден бастап – 15 пайызға, ал 2016 жылғы 1 шілдеден бастап – тағы 15 пай­ыз­­ға арттыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Бұл Жолдаудың халқымызды әлеуметтік қолдауымен қатар, жаңа елдік идеямен де құндылығы зор. Ұлт Көшбасшысы Жолдау­да: «Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы», деп жаңа бастама ұсынды. Бұл құндылықты: «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық» деген сөздерімен нықтады.

Халқымыз «төртеу түгел болса – төбедегі келеді» дегенде бірліктің, ынтымақтың маңызы өлшеусіз, мәні терең екенін айтқан. Біз де халық болып Президент саясатын қолдап, елдің амандығы, кемел келешек үшін күресуге ниетті болуымыз керек. Бұл – әрбірі­міз­дің азаматтық парызымыз. Жұмыла жүк көтеріп, бір тілек пен бір жүректің аясынан табыл­сақ, еліміздің одан әрі гүлденуіне үлесі­міз­ді қосамыз.

Марат МҰСТАН,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің консультанты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − one =