Жаңаша жаңғырған туынды

0 22

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан ­Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы жаңа тұрпатта қайта басылып шықты.Кітаптың тұсаукесері «Фолиант» баспасында өтті. Шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-журналист Қайсар Әлім, актерлер Ермек Тұрғанбек, Нарқыз Айдарова және қала тұрғындары қатысты.
Аталмыш роман тұңғыш рет 1970 жылы жарық көрген болатын. Шығарма екі жастың арасындағы махаббат туралы баяндайды. Автор соғыстан он екі мүшесі түгел келген жас солдаттың өмірі, ойларын жасырмай, көпшілікке паш етеді. «Фолиант» баспасының бас редакторы Фарида Тобашалова кітап мұқабасына телехикая кадры арқау болғанын айтты. «Бұл шығарманың киелілігі – оқырманды өзіне баурап алуында. Сондай-ақ романның орыс тіліндегі нұсқасы баспамыздан жақын арада жарыққа шығатынын атап өткім келеді. Осы орайда, әкесінің шығармашылығына бейжай қарамай, кітапты баспаға дайындау барысында туындаған сұрақтарға, кітап дизайнына қатысты мәселелерде барынша белсенділік танытқаны үшін қызы Жаннат Әзілханқызына алғысымыз шексіз» деді Фарида Тобашалова.
Қалың оқырманның сүйікті шығармасына айналған, жас ұрпақты адал махаббатқа, шынайы достық пен сертіне берік болуға тәрбиелейтін романды баспа жазушының 100 жылдық мерейтойына арнап шығарды. Естеріңізге салсақ, Qazaqstan ұлттық арнасының тапсырысымен MG Prodution plus компаниясы туынды сюжеті бойынша телехикая түсірген еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 2 =