Жаңаша сабаққа дайындық басталды

0 79

«Қашықтықтан оқытудың жаңа форматтары» тақырыбында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың қатысуымен брифинг өтті. Министр брифинг барысында білім берудің жаңа форматына жан-жақты тоқталып, сабақ өткізу үдерісі туралы айтып берді.
Бүгін республика бойынша ата-аналар жиналысы өтеді. Онда ата-аналарға қашықтан оқыту жүйесіне қалай қосылу керек екені және ол қалай жүргізілетінін түсіндіріледі. Ал 3 сәуір, жұма күні еліміздің әр шаңырағында сынып сағаттары өтеді. Ол жерде де балаларға қажетті ақпарат беріледі. Ал кеше барлық оқушы үшін сынама сабақ өткізілген болатын. Асхат Аймағамбетов өз сөзінде бұл үш шараның 6 сәуірде басталатын қашықтан оқыту форматына дайындық екенін атап өтті.
Қашықтан сабақ өткізу, ең алдымен, мұғалімдердің цифрлық сауаттылығына сын болғалы тұр. Сол себепті де 16 наурыздан бастап ұстаздар сол сынақтан сүрінбеу үшін өз үйлерінде отырып, тиісті жұмыстарын атқаруда. Мектеп, колледж, университеттердің педагогтері де жаңа форматқа сәйкес арнайы курстардан өткен. Бұл курс әлі де жалғасуда. Бұл бағытта әр облыста қашықтан оқыту бойынша арнайы жобалық кеңселер құрылған. Білім және ғылым министрлігінде де дәл осындай жобалық кеңсе құрылып, бүгінде өз жұмысын жүргізуде. Министр өз сөзінде колледж бен жоғары оқу орындарында қашықтан оқыту жүйесі басталып кеткендігін айтты.
«Мектепке қарағанда, жоғары оқу орындары мен колледждердің жұмыс­тары жүйелі, дайындық деңгейлері жоғары деуге болады. Десек те, бұл бағыт бойынша да мониторинг жұмыстарын жүргізудеміз. Қазіргі уақытта сабақтардың уақытылы өтуі, кестеге сәйкес жүргізілуі секілді мәселелер – біздің бақылауымызда. Бақылау департаменттері осы жұмыстарды жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта мұндай бақылауды әрі қарай да күшейтетін боламыз» деді Асхат Қанатұлы.
Айта кетейік, бұл орайда Нұр-Сұлтан қаласындағы 35 техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының 22 661 студенті «Platonus» ААЖ, «MOODLE» білім беру порталы, Google Classroom, EduPage, Skype және электрондық пошта арқылы арнайы тапсырмалар алып оқуда. Колледждердегі 1500-дей мұғалім жаңа форматта білім беруде. 22 661 студенттің басқа қаладан келген 9 172-сі (40,5%) тұрғылықты жеріне жіберілді. Барлық студент оқу-әдістемелік құралдары (силлабус, жұмыс бағдарламасы, әдістемелік нұсқау­лықтар, дәрістік материалдар, презентациялар), электрондық оқулықтармен қамтамасыз етілген.
Еліміз бойынша ЖОО мен колледждер үшін жалпы білім беретін пәндер бойынша 350 бейне-сабақ, 380 арнайы пәндер бойынша, 220 әдістемелік ұсыныстар, 400-ден астам практикалық тапсырмалар әзірленіп, интернет-ресурстарда орналастырылған. Мұғалім мен студент бір-бірімен байланыс жасау сәттері де ескерілген. Студенттер тапсырманың соңына пікір қалдырып, орындалған жұмыстарын оқытушыға жолдап отырады.
Министр сондай-ақ, қосымша білім беру ұйымдары, музыкалық мектептер, оқушылар сарайлары көбінесе өз жұмыстарын тоқтатып, кейбір бағыттар бойынша қашықтан оқыту бойынша үйірмелерінің жұмыстарын әрі қарай жүргізіп жатқандығын айтты. Одан соң елдегі балабақшалардың жұмысына тоқталып, тәрбие ұйымдары алғашында штаттық кесте бойынша жұмыс істегенін, алайда ата-аналардың шешімдерімен бүлдіршіндердің балабақшаға баруы біртіндеп азайғанын атап өтті. «Басында ол 70 пайызға, сосын 40 пайызға дейін төмендесе, бүгінде балалардың 5 пайызы ғана балабақшаға баруда. Сондықтан, осындай өте төмен көрсеткіштерге сәйкес, біздің балабақшалар бос тұр» деді бұл орайда ведомство басшысы.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ:
«Қашықтан оқытуға келер болсақ, ауыл мектептеріне және шалғайдағы шағын жинақты мектептерде оқитын балаларға қиын болады. Сондықтан ең басты назарды осы мәселеге аударып, тиісті жұмысты бастап кеттік. Жұмыс жалпы қалай жүргізіледі деген сауалға жауап беретін болсақ, 4 бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бірінші бағыт – теледидар арқылы тиісті сабақтарды беру. Ол – «Балапан» мен «Ел арна» телеарнасы. Біз осы телеарналар арқылы сабақтарымызды тиісті кесте бойынша күніне 8 сағат береміз» деді министр.

Қашықтан оқытудың төрт бағыты

Әсіресе, мектеп бағдарламасын игеру маңызды мәселе боп тұрғанын айтқан министр, оның шешімдерін де тарқатты. Бұған дейін интернет платформалар мен екі телеарнаның көмегімен сабақтар дайындалып жатқандығы айтылса, енді қашықтан оқыту ресурсын кеңейту үшін қазақ радиосы мен «Қазпошта» АҚ көмегіне жүгінген. Бұл көмек, әсіресе, шалғайдағы оқушылардың оқу жағдайын жақсартуға мүмкіндік болмақ.
Бүгінгі күні 4-тоқсанды қамту үшін 3 360 сабақ түсіру керек. Қазіргі уақытта осы сабақтардың 300-ден астамы түсіріліп, дайын болған. Министр келесі үлкен бағыт – бұл радио екендігін айтты.
«Біз теледидар сигналы жетпейтін елді мекендерде Қазақ радиосы бар екендігін жақсы білеміз. Қазақ радиосымен де келісімге келдік, радиодан да тиісті кестеге сәйкес сабақ жүргізіледі. Үшінші бағыт – пош­та арқылы. Өздеріңіз де білесіздер, бізде 1 200 елді мекен бар. Олар өте шағын елді мекендер, оларда 3, 4, 5 оқушы ғана бар. Біз бұл балаларға да білім беруміз керек. Сондықтан да пошта арқылы да осы жұмысты жүргіземіз» деді ол.
Еліміздің бас мұғалімі төртінші бағытта интернет жүйесі арқылы сабақ жүргізілетіндігін айтты. Министр сондай-ақ қала мен ауыл балаларын қуантатын жаңалығымен де бөлісті. Әзірге оқу жылын ұзарту және жазғы демалыс мерзімін қысқарту мәселесі қарастырылмаған. Алайда елдегі індетке байланыс­ты жағдайдың келешегін болжау қиын – егер күтпеген жайттар туындаса, оқу жылы ұзартылуы да мүмкін деп қоса кетті. Сондай-ақ биылғы түлектер үшін тағы бір мәселе – ҰБТ кейінге шегерілмейтінін де мәлімдеді.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − thirteen =