ЖАҢАША ДАМУ МОДЕЛІ

0 229

Customs_Union_of_,_and_Russia_

Енді бірер күннен кейін елордада Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қояды. Бұл интеграциялық қадамды қазірден-ақ жаһандық саясатшылар «Дамудың жаңа динамикасы» деп бағалап отыр. Дегенмен, басқа да пікірлер жоқ емес. Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылғанына біршама уақыт болғанына қарамастан, мұндай одаққа қарсылық білдірушілер әлі де болса баршылық.

Олардың ойынша, отандық өнім өндірушілер бәсеке­лес­тікке төтеп бере алмай, құрдымға кетулері әбден мүмкін. «Жаңа одақ – республиканы өз дербестігінен айырып, оны Ресейдің құрамына енгізе отырып КСРО-ны қайта құру жолындағы бастама» деп жүргендер де кездесіп қалуда. Қазіргі кезде Ресейдің жүргізіп отырған сыртқы саясатын сонау патшалық Ресейдің кешегі отарлау саясатымен шендестіруді жөн санайтындарды да байқап жүрміз. Бірақ, Қазақстан Республикасы Президентінің айтқанындай: «Еуразиялық экономикалық одақ – тарих қойнауына кеткен кеңестік пішімдегі одақты тірілту емес. Бұл бірлестік, ең алдымен, экономикалық мүддеге негізделген одақ болмақ, басқа бөтен ой жоқ».

Әрине, кей азаматтардың бұлайша мазасыздануы тек жанашырлықтан туындап жатқанына әсте күмән­да­ну­ға болмас. Дей тұрғанмен, бұл тұста істің байыбына толық бармай, жеңіл көңіл-күйдің жетегінде кетіп жат­қан­дардың бар екендігін, тіпті, біреулер осыдан өзіне саяси ұпай жинағысы келетіндерін жоққа шығара алмайсың. Түрлі алып-қашпа сөздерге жел беріп, сыртынан тон пішіп жатқан адамдар да аракідік бой көрсе­тіп қалып жатыр.

Ендеше, істің мән-жайы­на те­ре­ңі­­рек үңі­ліп көрейік. Біздің қазақта «алыс-беріс», «барыс-ке­ліс» дей­тін сөздер ұдайы қатар, қосар­лана айты­лады. Бұл тек сөздің ұйқасы үшін қолданыл­маған, дана хал­қы­мыз кенеулі ойды мәнерлі сөз­бен кестелегенде неғұр­лым ұғынық­ты болуын ескерген. «Беріспесең алыспайсың, алыспасаң алыстайсың» деген қанатты сөз және бар. Сон­дай-ақ, «тық­қа­ның – жоғалт­қаның, бергенің – тап­қа­ның» деген тәмсіл­дің де көп нәрсені аңғартары анық. Осыларды мықтап ескерген атам қазақ ежелден өзінің алыс-жақын көрші­ле­рімен тығыз қарым-қатынаста болып келгендігін тарих­тан жақсы білеміз. Соның бір жарқын көрінісі – Ұлы Жібек жолы бойын­дағы мемлекет­термен өзі­не тиімді сауда-сат­тық орната білуі дер едік. Яғни, төрт құбы­ла­­сы тең болуына күш-жі­ге­рін ешқашан аямаған.

Олай болса, елдік мүдде қай кезде де жоғары тұрды. Осы ретте, 2013 жылғы 24-ші сәуірде Еуразия медиа фору­мы­ның ашылу салтанатында сөз сөй­леген Елбасы Н.Назарбаевтың мына бір жүрекжарды толғаулары еріксіз есіме оралып отыр: «Қазақ­стан өз тарихында тұңғыш рет тәуел­сіз­дік­ке ие болды, біздің халық тұң­ғыш рет еркіндіктің тәтті дәмін татты, сондықтан да біз еш­кім­ге және ешқашан тәуел­сіз­­ді­­гі­­міз­дің бір мысқалын да тәрк ет­пей­міз. Егер қандайда бір одақ біздің тәуел­сіз­ді­гі­мізге, біздің Ата Заңы­мыз­ға нұқсан келтіретін болса, біз сол заматында ондай одақтан бас тартып, бірден одан шығатын боламыз». Айта кетерлігі сол, Мемлекет басшысы өзінің осы бір сындарлы көзқарасын тәуелсіздіктің алғашқы күні­нен бастап ұста­нып келеді.

Ал, негізгі әңгі­ме­мізге келер болсақ, бір­де-бір мем­ле­кет­тің жекедара дами отыра өзін өзі толыққанды қамтамасыз етуі күмән туғы­за­тыны бар­ша­ға белгілі. Сон­дық­тан, осы күні шағын елдер түгілі алпауыт ел­дер­дің­ өздері экономика мен саясатта өзіне серік іздейді. Ең бастысы, эко­но­ми­ка­лық мүдде болса, екіншісі бірлесе қорғану мақсатында. Тарихқа көз жіберсек, шекараны ашып та, ашпай да одақ құру деректерін кездестіруге болады. Мәселен, ХІХ ғасырда Франция мен Монако, Швейцария мен Лихтенштейн араларындағы кедендік одақ жаңа тарихи кезеңдегі зайырлы негіздермен құрылған алғашқы құрылымдардың бірі болып саналады. Ал қазір АҚШ, Канада, Мексика үштігінің НАФТА одағы, Еуропалық одақ, Оңтүстік Шығыс Азиядағы АСЕАН, Оңтүстік Американың Аргентина, Боливия, Уругвай, Венесуэла, Парагвай және Бразилия елдерін қамтитын МЕРКОСУР сияқты ірілі-ұсақты жалпы саны 300-ге жуық ықпалдастық бірлестіктер жұмыс істеуде. Осы аталған құрылымдарға мүше мем­лекеттердің қай-қайсысы болмасын әлемдік бәсекеде өз мүддесін қорғау үшін ғана емес, бір-бірінің мүдделерін қорғау үшін де біріккен. Бір сөзбен айтқанда, бұйығы жатып, тұйық тіршілік кешу мүмкін еместігін жаһанданудың жазылмаған заңы әлдеқашан дәлелдеген.

Осындай жағдайда мұхитқа шы­ғар тура жолы жоқ, яғни әлемдік нарық алаңына шығу мүмкіндігі тым шек­теулі Қазақстан үшін оқшаулану саясаты жеңіліспен тең екендігін айтып жату­дың өзі артық. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас». Ал жаһанданған ХХІ ғасырда өзге мем­ле­кет­термен түп-тамырымыз бай­ланбаса да, ұдайы экономикалық қарым-қатынаста болуымыз қажет. Осы ретте, Қазақстан Президентінің осыдан жиырма жыл бұрынғы Еура­зия­лық одақ идеясы өзінің қажет­ті­лігін толық дәлелдеп отыр және бұл одақ тек экономикалық мақ­сат­ты ғана көздейді. Еуразиялық одақ – сатылап жүзеге асып келе жат­қан интеграциялық әріптестіктің жемісі. Бұған дейін Еуразиялық эко­но­ми­ка­лық қауымдастық, Кеден­дік одақ, Бірыңғай экономи­ка­лық кеңістік табысты жұмыс істеп келді.

Кедендік одақ еркін тауар айна­лы­мы­ның көкжиегін кеңейтсе, Бір­ың­ғай экономикалық кеңістік өнер­кәсіп­тік ынтымақтастық пен ауыл шаруа­шы­лығы салаларына серпін берді. Кеден одағы елдерінің жалпы нарығы 2 триллион АҚШ долларын, ал өндірістік әлеует 600 миллиард долларды құрап отыр. Қазақстан мен Ресей­дің арасында жалпы сомасы 32 миллиард доллар болатын 40 инвес­ти­ция­лық жоба пысықталу үстінде.

Егер Кедендік одаққа дейін ет сату үшін екі жылда бір рет Ресей немесе Беларусь мал дәрігерлерін шақыртып, олардың тексерістерінен өтіп, рұқсат қағаздарын алып, тағы да реестрін күту қажет болса, қазіргі уақытта өзіміздің ветеринарлық серти­фи­катпен Ресейдің түкпір-түкпі­ріне сатуға мүмкіндіктер туды. Мұны өте маңызды деп білемін. Себебі, Ресей жылына 1,5 – 1,7 млн тонна ет импорттайды, оның ішінде 700 мың тонна сиыр етін алады. Ресейге, негізінен, Уругвай, Парагвай, Бразилия сияқты мемлекеттер мұздатылған ет жеткізеді. Ал біз Ресейге жаңа сойылған ет бере аламыз. Ресей сондай-ақ жылына 2,5 млн тонна жеміс пен көкөніс импорттайды, бұл да біз үшін маңызды мәселе.

Жалпы, Кедендік одақ құрылғалы бері Қазақстанда өңделген өнімдерді экспорттау көлемі тұрақты өсіп келеді. 2012 жылы алдыңғы жылмен салыс­тыр­ғанда осы көрсеткіш 14 пайыз­ға ұлғайса, 2013 жылдың қоры­тын­ды­лары бойынша, Қазақстан экс­пор­ты­ның жалпы көлеміндегі өңдел­ген өнімнің үлесі өсіп, 24,1 пайызды құраған. Қазақстан экспортында машина жасау өнімдері 55 пайызға, үлпек пен тері шикізаты 117 пайызға, тоқыма мен аяқ киім 55, ал азық-түлік тауарлары мен ауылшаруашылық шикізат үлесі 47 пайызға өскен.

Бизнес – заманның қозғаушы күші. Бұл даусыз. Қазір қазақ кәсіпкерлері там-тұмдап болса да шетел нарығына дайын өнімді шығарып жатыр. Та­уар өндірушінің де табысы еселенді. Отандық кәсіпкерлер үшін 17 миллион тұтынушы он есе өсіп, 170 миллионға айналды. Мұның тигізер әсері өте зор. Қазақстанның өңдеу саласына келуге әзірге батылдық таныт­пай отырған болашақ инвес­тор­лар нарықтың көлеміне де қарай­тын болады. Қазірдің өзінде еліміз­дің өңдеу өнеркәсібіне шетел инве­с­ти­ция­ларының көлемі екі есе асып, 28 миллиард долларға жетіп отыр. Бұған өзге мемлекеттерге қарағанда Қазақстанда кәсіп көзін ашып, бизнес жүргізген әлдеқайда тиімді екендігі де әсер етуде. Өйткені, біздің елімізде салық көлемі аз әрі кәсіпкерлерге барлық жағдайлар жасалған.
Еуразиялық одақтың қарапайым аза­мат­тарға да тиімді жағы баршы­лық. Мәселен, қазақстандық азамат бұрын­ғы­дай міндетті тіркеуден өтпей-ақ, 30 күн бойы Ресейде еркін жүріп тұра алады. Сонымен қатар, Одақ мүшелерінің барлық азаматтары Қазақстанда, Ресейде, Беларусьта жұмысқа орналасарда бірдей құқық­тар­ мен міндеттерге ие болады. Қазір дипломдары растауды қажет етпейтін одаққа мүше үш елдің жоғары оқу орындарының тізімдері дайындалу үстінде. Айталық, «Назарбаев Уни­вер­си­тетінің» түлегі Беларусь және Ресей­де жұмысқа орналасуына толық құқы бар. Одақтас үш елдің еңбек мигранттарына қатысты жеңілдіктер де бірдей қарастырылған.

P. S.

Иә, қалай болғанда әр жобаның өз тиімділігі, қауіп-қатері болады. Тәуекел ету арқылы ғана белгілі бір жетістікке қол жеткізуге мүмкіндік бар. Еуразиялық экономикалық одақ – бұл өте серпінді жоба. Менің ойымша, біздің мемлекетіміз бұл ұйымға бірігудің халық үшін, ел үшін қаншалықты тиімді болатынын жеті рет өлшеп барып шешім қабылдап отыр. Сондықтан, алдағы уақытта ел осы экономикалық одаққа мүше болудың игілігін көреді деген сенімдемін. Өйткені, осы жүзжылдықта «экономикалық тартылыстың» әлемдік орталығы Азияға, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың аумағына қарай ауысатынына ешқандай күмәнім жоқ.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
саясаттанушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 + ten =