Жаңартылған жүйе озық үлгі бола алды ма?

0 143

Биыл жаңа оқу жылында жаңартылған білім беру жүйесіне еліміздің мектептері толық көшіп болады. 2016 жылы ел мектептерінің 1-сыныбынан басталған жаңа жүйе 2020 жылға дейін кезең-кезеңмен барлық сыныптарды қамтыды. Сарапшылардың айтуынша, бұл – әлемдік тәжірибенің озық үлгісі. Ендеше білім бағдарламасындағы жаңартылған жүйеге мектептер толықтай әзір болды ма? Бұл реформаның тиімділігі неде? Осы уақытқа дейін жаңа мазмұнда білім беру бағдарламасы өзін қаншалықты ақтады? Жақында халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қалалық филиалының ұйымдас­тыруымен республика мұғалімдері арасында сауалнама жүргізілді. Осы орайда білім саласындағы өзекті сұрақтарға біз де жауап іздеген едік. Республикалық «QAZBILIM» орталығы директоры, химия ғылымдарының PhD докторанты Аятжан АХМЕТЖАНМЕН болған сұхбатты ұсынамыз.

– Аятжан мырза, «Білім мазмұнын жаңарту» бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеуде қазақстандық педагог-практиктердің және ғалымдардың ұсыныстары ескеріліп жасалған дейді. Осыған қарамастан, білім саласына сын көп. Неліктен?
– Білім беру мазмұнын жасағанда, қазақстандық ұстаз­дардың пікірі ескерілген деген – жаңсақ пікір. Білім беру бағдарламасы Кембридж бағ­дарламасы негізінде жасал­ған Назарбаев зияткерлік мектебінің бағдарламасын жалпы білім беретін мектептерге бейімдеу болды. Өкінішке қарай, біріншіден, бүгінгі жалпы мектептердің әлеуеті мен жағдайы мүлде есепке алынбады. Екіншіден, ұлттық, әлеуметтік ерекшелік ескерілмей, алдымен орысша жазылып, сосын қазақшаға аударылған шала-­жансар бағдарлама болды. Мектеп басқа, бағдарлама басқа, бала басқа болды. Ұшаққа арнал­ған доңғалақ машинаға жарамайды. Дәл сол секілді жағдай. Кез келген реформа шығу тегіне емес, қолданылатын жеріне бейімделу керек. Сондықтан жаңа бағдарлама түйенің мұрнын жұдырықпен тесудей орашолақ. Сондықтан ол түзелмей, сын азаймайды.
– Жаңа мазмұнда білім беру үшін елімізде көптеген пән мұғалімдері біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Нәтиже қалай деп ойлайсыз?
– Білім беру бағдарламасын жа­ңарту аясында мұғалімдер мето­дологиялық тұрғыда қайта дайын­даудан өтті. Бірақ ол үйрен­генді қазіргі жалпы білім беру мектеп­терінде қолдану мүмкін емес. Се­бебін жоғарыда айттым. Сон­дық­тан одан үлкен нәтиже күту – әбестік.
– Сонда ол босқа кеткен уақыт болғаны ма?
– Енді өзіңіз ойлаңызшы, алды 9 ай, арты 3 ай тілдік дайындықтан өтті. Бірақ 9 ай ағылшын тілін үй­рену арқылы ағылшын тілінде сабақ беру мүмкін бе? Жоқ! Сондықтан бәрі де ақылға қонымсыз, үстірт.
– Ал енді қаншама педагогты осы жаңа мазмұнда білімін тереңдету үшін мемлекеттен қыруар қаржы бөлінді. Бағдарлама шеңберінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ және «Назарбаев зияткерлік мектептері» тарапынан ұйымдастырылатын іс-шаралар бар емес пе?
– Бастапқы кезінде айтқанбыз. Ол – далаға кеткен ақша. Есіл экономика. Оның сұрауы болу керек еді. Сұралмады. Алдыңғы министр командасы осы іспен әлі істі боп ұсталып жатыр. Вице-министрден атшы-қосшыға дейін біраз адам жемқорлық бабымен істі болды. Сондықтан бұл істің нәтижесі туралы айтудың өзі – сөз шығындау.
– «Жаңартылған білім мазмұнын» одан әрі жетілдіру керек деп Білім министрінің өзі де мойындады. Біраз сын айттыңыз. Білікті маман ретінде қай тұрғыдан жетілдіру керек деп ойлайсыз?
– Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен кездескенде бұл ұсынысты айттым. Яғни, біріншіден, бағдарламаны мектептің шарт жағдайына бейімдеу. Мүмкін істерді алға шығарып, 100 қойдан 120 қозы алу науқаны секілді мүмкін емес шаруаны қысқарту. Мұғалімдердің методологиялық емес пәндік дайындықты шыңдау секілді дүниелер аса маңызды. Министр мойнындағы жүк тым ауыр. Жігері жетсе, қабілеті жетерлік деп ойлаймын. Әрине, осыны түйсінетін үйлесімді команда керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + 16 =