Жаңартылатын энергия үлесі артады

0 8

Премьер-министр Асқар ­Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің (ИКЖК) отырысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту және ҚР-ның төмен көміртекті экономикаға көшуі мәселелері қаралды.

Инвестициялық кеңес

Жаңартылатын энергия көздеріне шетелдік инвестицияларды тарту келешегі туралы ҚР-дағы Америка сауда палатасының (АТП) атқарушы директоры Дорис Брэдбюри, ҚР-дағы АТП президенті Кеннет Мак, ЭЫДҰ жаһандық қатынастар жөніндегі хатшылығының Еуразия бөлімінің басшысы Уильям Томпсон, Қазақстанда аккредиттелген Ұлыбритания елшісі Кэти Лич, ЕО елшісі Кестутис Янкаускас, Нидерланды елшісі Хайме де Бурбон, ЕО жанындағы Канаданың арнайы елшісі Стефан Дион, сондай-ақ GE, Total Energies, Orano Group Kazakhstan (KATCO), Eurasia Group компаниялардың өкілдері және т. б. баяндама жасады. Қабылданып жатқан шаралар туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Энергетика министрінің бірінші орынбасары Мұрат Жүребеков баяндады.

Үкімет басшысы Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күрес аясында өз міндеттемелерін іске асыру бойынша шараларды ұлғайтып жатқанын атап өтті. Бұл ретте күш-жігер экономиканың тұрақтылығы мен декарбонизациясын арттыруға бағытталған. Қазақстан Париж келісімін іске асыру үшін 2030 жылға қарай Үкімет парниктік газдар шығарындыларын 15 пайызға азайтуды таргеттейді. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан ұлттық деңгейде айқындалатын шығарындыларды азайту жөніндегі үлесін жаңартты және 2022-2025 жылдарға арналған тиісті Жол картасын әзірледі.

Премьер-министр Үкіметтің энергия өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін бұрын жоспарланғандай 2025 жылға қарай емес, 2023 жылға қарай 6 пайызға дейін екі есе арттыруға ниетті екенін атап өтті. Үкімет басшысы Қазақстанның баламалы энергетиканы дамыту саласына шетелдік капитал мен озық технологияларды тарту үшін инвестициялық ортаны жақсарту жөнінде бірқатар шаралар қабылдағанын жеткізді. Нәтижесінде 2020 жылы жаңартылатын энергетика саласында жалпы қуаты 600 МВт жуық болатын 25 жоба пайдалануға берілді. Инвестиция көлемі $510 млн асты. Алдағы төрт жыл ішінде жалпы қуаты 2400 МВт болатын және инвестиция көлемі $2,5 млрд астамды құрайтын 60-тан аса жаңа ЖЭК жобасын пайдалануға беру жоспарлануда.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 4 =