«ЖАҢАРҒАН ҮЙІМІЗДІ ТАНЫМАЙ ҚАЛДЫҚ» ДЕЙДІ ТҰРҒЫНДАР

0 106

ERA_6706

Астанада осы күндерге дейін 2011-2020 жылдарға арналған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша 16 көп қабатты үй жөнделді. Солардың он екісі осы жылдың еншісінде. Ең соңғы тапсырылғаны Мирзоян көшесі 19 мекенжайында орналасқан.

Кеше аталмыш бағдарлама­ның орындалуына жауапты органдар атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысып шықты. Аталмыш мекенжайдағы бес қабатты үй 1984 жылы салынған. «Өркен қала» ЖШС мердігерлерді тартып, осы үйдің шатыры мен қасбетін, жертөлесін, пәтерлерге кіреберіс алаңдарын жөндеді. Инженерлік желілерді ауыстырып, автоматты жылу беру пунктін орнатты. Үйді жаңғырту жұмыстарына 113 млн теңге жұмсалды.

«Бағдарламаның іске қосылғанына 3-4 жылдың жүзі болды. Сарыарқа және Алматы аудандарындағы ескірген көп қабатты үйлерді жөндеп жатырмыз. Бірақ, бұл жұмыстарға жыл сайын бюджеттен қаржы бөліне бермейді. Мәселен, былтыр қаржы болмағандықтан үйлерді жаңғырту жүргізілмеді. Биылғы бюджетте аталған жұмыстарға қаржы қарастырылып, біраз үй жөнделді. Келесі жылы да ақша бөлінер болса, отыз шақты үйді жөндейміз» дейді Тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Талғат Рысбеков.

Осы үйде 2006 жылдан бері тұратын Сәния Бермаханова атқарылған жұмыстарға өз пікірін білдірді. «Бұрын төбемізден су кетіп жататын. Әбден тозған үйімізді жөндеу жұмыстарынан кейін танымай қалдық. Іші-сырты жайнап шыға келді. Ол үшін ПИК басшымыз Геннадий Савенкоға рахмет айтуға тиістіміз. Бұл кісі: «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша үйімізді жөндете аламыз. Осыған қажетті құжаттарды тапсырайық» деп, бізді үш жыл бойы үгіттеді. Біз, шынына келгенде алғашында оған сенбедік. Ақыры Геннадий Николаевич бізді сендірді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесіне көңіліміз толып отыр» дейді.

Жөндеу жұмыстарынан кейін де кейде ақаулар шығып жататыны жасырын емес. Мына үйді жаңғырту қаншалықты сапалы атқарылды деп, Талғат Рысбековтен сұрағанымызда ол: «Қазір нақты ештеңе айта алмаймын, ақаулар болса кейіннен шығуы мүмкін. Бірақ, әзірге жұмыс сапасыз атқарылды деп, мердігерлерге орынсыз кінә арта алмаймыз» деп жауап берді.

 Аманғали ШМИТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × one =