ЖАҢАРҒАН ПОРТАЛ ЖАСАМПАЗ БОЛА МА?

0 80

skrin-adebiet-portaly-asli

Ғаламтор кеңістігінде осыдан бірнеше жыл бұрын пайда болған «Әдебиет порталы» интернет-жобасының жаңа нұсқасы оқырмандарға жол тартты. Назарбаев универ­ситетінде өткен жаңар­ған порталдың таныстырылымына ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бастаған қоғам және мемлекет қайраткерлері, белгілі қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Есіл жағасына елорда орнаған сәттен Елбасының үндеуін қолдап, Астанаға самаладай жарық шашқан қаншама жазушы көшіп келді. Қазір бас қалада әдеби орта қалыптасты. Енді өзіміздің порталымыз бар. Осы портал әдебиеттің мүддесін көздесе, қорғаса деймін. Бүгінгі күндері әдебиетке де қорғаушы керек боп тұр, жас таланттар өсіп келе жатыр. Біздің заманымызда кітапты іздеп жүріп оқитын едік. Сол заман қайтып келсе екен деп, әдеби сын жанданса екен деп армандаймын. Бүгіндері әдеби сын жоқ, сылап-сипап айту ғана бар. Әдебиеттің тереңіне ешкім бойлап жатқан жоқ. Қазақтың байтақ әдебиетін, ұлттық құндылықтарымызды, әдебиеттің асыл мұраларын осы портал насихаттаса екен деймін» деген мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков жыр бастап, Күлтегін жазбаларын жаңғыртты.
Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Төлен Әбдік: «Уақыт тынымсыз ілгері жылжиды. Уақытқа сай заман өзгереді. Заманға сай адам, қоғам, өмірдің сипаты өзгереді. Бір кездерде журнал, газеттердің тұсауын кесуші едік, ал қазір қолға ұстауға келмейтін, интернеттен ғана оқитын әдеби порталды таныстырып отырмыз. Өмір деген осылай жаңарады. Соған сай қалыпқа түсуіміз керек» дей келе, адамгершілік деген идеяға қызмет ететін әдебиеттің өмірде алар үлкен орнына, қазіргі насихатына тоқталды. Сөзінің соңын Алаш ардақтыларына арналған «Жеңіс пен жеңіліс» атты өлеңін оқып берді.
Бұдан соң министрден бастап, Жанат Әскербекқызы, Қалқаман Сарин, Қанат Омар, «Әдебиет порталы» интер­нет-жобасының жетекшісі Бауыржан Қарағызұлы шараны поэзия кешіне айналдырғандай болды.
Биыл туғанына 120 жыл толатын шертпе күйдің шебері Әбікен Хасенов ұлтымыздың арда ұлы Сәкен Сейфуллин атылды деген хабарды естігенде, күңіреніп отырып «Қоңыр» атты күй шығарған. Әбікеннің бүгінгі ізбасары дейтіндей азамат, күйші Қайрат Айтбаев осы күйді тартып берді.
Ал интернет-жобаның жетекшісінің айтуынша, портал әлі де толықтырылып, жасалу үстінде. Сонымен қатар, порталға жаңа авторлар тартылуда. Елдегі және алыс-жақын шетелдердегі қазақ ақын-жазушыларына ақпараттық қолдау көрсетіп, қазақ әдебиетін әлемдік аренаға шығаруды, қазақ және әлем әдебиетінің кең ауқымды электронды қорын жасақтауды мақсат еткен ұжымға сәттілік тілеп, одан жасампаз идеяларды күтеміз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 4 =