Жаңаөзендегі тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар сотталды

0 83

Сотталушы В.Козловтың жекеменшігінде 19 пәтер, бірнеше автокөлік және жер телімі бар болып шықты

Өткен жылдың желтоқсан айында болған Жаңаөзен оқиғасы «елім» деген әр адамның жанын ауыртып, жүрегіне жара салғаны анық. Қарапайым жұмысшылардың бейбіт шеруі аяқ астынан жаппай тәртіпсіздікке ұласқанын көрген жұртшылық мұның артында елдің бірлігіне ірткі салғысы келетіндер тұруы мүмкін, олар мұнайшылар мен жұмыс берушілердің арасындағы келіспеушілікті өз мүдделеріне ұтымды пайдаланып кетті деп шуласқан еді. Көзі қарақты қауымның айтқаны айдай келді. Араға от тастағандар анықталды. 8 қазан күні Ақтауда «әлеуметтік алауыздықты қоздырды» (ҚР ҚК-нің 164-бабы), «көпшілікті конституциялық құрылысты күшпен құлатуға шақырды» (ҚР ҚК-нің 170-бабы) деген айыппен Владимир Козловқа, Ақжанат Аминовқа және Серік Сапарғалиға қатысты қылмыстық іс қозғаған сот процесі аяқталып, үкім шықты.  

«Жау жоқ деме, жар астында…»

Тәуелсіздігін алғалы бері Қазақ елі іргесінің бүтіндігін, бірлігінің күштілігін, ынтымағының жарасымдылығын мақтаныш етті. Елімізде мекендеген 130-дан астам түрлі этнос өкілдері ≪Ортақ шаңырағымыз – Қазақстан≫ деп, өзара тату тұруды өздеріне парыз санады. Осындай берік орныққан бірлігімізге ірткі салып, алауыздық тудыратындар арамыздан шығады деп кім ойлаған?! Алауыздық пен араздықтың соңы жақсылыққа апармай, талай елдің тоз-тозы шыққанын көпшілік естіп-біліп жүр. Соларға қарап сабақ алып, өз еліміздегі берекелі өмірге шүкіршілік етіп жүргенде ойламаған жерден Жаңаөзен оқиғасы шықты. ≪Өзенмұнайгаз≫ жұмысшыларының бейбіт ереуілі жаппай бей-берекетсіздікке ұласып, ушығуына не себеп? Еткен еңбегіне тиісті ақыны талап еткен еңбеккерлер қанша ашынса да дәл Тәуелсіздік күні тәртіпсіздік жасамас болар? Өйткені, бұл ата- бабамыздан арман болып, әрең қол жеткізген қастерлі күн, оны жүрегі ≪қазақ≫ деп соққан әр адам қадір тұтып, құрметтеуге міндетті. Қанша жерден қарын ашса да, ешкімнің де туған қаласын, туған жерін қиратуға ары да, қолы да бармаса керек. Әлдекімдердің арандатуы деп күмән туғызғаны да – осы жайттар. Елімізде ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруге, біртұтас мемлекет пен қоғамды жікке бөлуге, этносаралық және діни алауыздықты, өшпенділік пен араздықты өршітуге бағытталған әрекеттерге қатаң тыйым салынады. Сондықтан болған жағдайдың жай-жапсары терең зерттеліп, тексеріле бастады. Елбасының Жарлығымен өңірде төтенше жағдай жарияланып, арнайы комиссия да құрылды.

16 тамыз күні Ақтауда≪әлеуметтік алауыздықты қоздырды≫ (ҚР ҚК-нің 164-бабы), ≪көпшілікті конституциялық құрылысты күшпен құлатуға шақырды≫ (ҚР ҚК- нің 170-бабы) деген айыппен Владимир Козловқа, Ақжанат Аминовқа және Серік Сапарғалиға қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын.

Сот ашық өтті

Арандатушыларды анықтау, мәселенің мән-жайы жұртшылықтың көз алдында өтті деуге болады. Ешкім Жаңаөзен оқиғасына байланысты жайттарды бүркемелеген жоқ. Бұлай деуімізге себеп – сот ісінің ашық тәртіпте өтуі. Оған қатысқысы келгендердің бәріне де есік ашық болды. Сот ісі барысына сотталушылардың туған- туыстарымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары, түрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері жеке көзқарасына, ұстанған позициясына қарамай, бәрі де қатыса алды. Тіпті, Польша, Украина, Ресей, Ұлыбритания, Норвегия, Ирландиядан, АҚШ пен Германияның Қазақстандағы елшіліктерінен бірнеше бақылаушы мен құқық қорғаушылар болғанын айтқан жөн. Атап айтқанда, Ж.Куанышалин, Е.Жовтис, Блэкмен Леонел Фрэнсис, Руби Сантхоу, Мария Мусиа.

Сот отырысында 3 мемлекеттік айыпталушыдан басқа, 5 қорғаушы қатысып, 42 куәгер мен 8 сарапшы тыңдалды.

Ал айыпталушыларға сот ісінен басынан бастап-ақ, еліміздің Конституциясындағы кепілдіктерге сәйкес, өзін-өзі қорғауға, білікті заңгерлерден көмек алып, олардың зерттеулеріне қатысып, өз дәлелдерін ұсынуға, сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге мүмкіндік жасалды.

Сотта кім не деді?

Сот мәжілісінде Ақжанат Аминов пен Серік Сапарғали өз кінәларын толық мойындады. Істі қарау барысында Аминов ≪Өзенмұнайгаз≫ өндірістік филиалындағы ереуіл қалай өрбігенін толық баяндап берді. Оның айтуынша, 2008-2011 жылдар аралығында олар еңбек заңнамаларын бұзу әрекеттеріне қарсылықтарын заңнан тыс аштық, ереуіл жариялау арқылы білдіріп отырған. Бұлардың қай-қайсысы да 20 күннен артыққа созылмайтын дейді айыпталушы. Ал 2011 жылы басталған заңсыз акцияға саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстар араласып, оқиға тым саясиланып кеткен. Оның ақыры жергілікті халықтың бейбіт өміріне сызат түсірген бей-берекетсіздікке апарып соқты. Аминов басында ≪Алға≫ партиясы мұнайшылардың талабын орындатуға қол ұшын беріп, жалақыларымыз көтерілуіне септеседі деп ойлаған. ≪Олар біздің ереуілімізді өз мақсат-мүдделеріне пайдаланып, арандатқанын кеш түсіндім≫, –дейдіол.

Айыпталушы Сапарғали да мұнайшылардың талабы заң шеңберінен тым шығып кеткенін мойындады.

Ал В.Козлов айыбын мойындамаса да, тіркеуден өтпеген ≪Алға≫ партиясын бұдан бұрын да ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны және ≪БТА Банк≫ АҚ мен оның еншілес құрылымдарынан 7 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат ұрлағаны үшін айыпты болып отырған қашқын банкир Мұхтар Әбләзов қаржыландырып отырғанын айтты. Айыпталушы В.Козлов мойындағандай, ≪Алға≫ партиясы жұмыстарын ұйымдастыруға және мұнайшылардың іс-әрекеттерін қолдауға тікелей М.Әбләзовтың қатысы болған. Ол скайп желісі арқылы тұрақты байланыс жасап тұрған.

≪Алға≫ партиясы басшыларының бірі Әмірова В.Козловтың тапсырмасы бойынша мұнайшылар арасында үнпарақтар таратқанын, оларға қаржылай көмек көрсетіп тұрғанын, жұмысшыларды алаңда барынша ұзақ уақыт ұстап тұруға, олардың санасына ымыраға келу мүмкін емес дегенді сіңіруге бағытталған іс-әрекетке барғанын баяндап берді.

Ал сұралған ереуілшілердің бірі – Қарашев өзіне Козлов пен Әмірова мұнайшылар үшін және сайлауалды науқан үшін (ол мәслихатқа түскен) және жалақылары 600 мың теңге болу керектігі жөнінде үнпарақтар таратуға ақша бергенін мойындады.

Сонымен қатар, мұнайшы Лұқпанов өзінің Козловпен әңгімесінен кейін, ≪Алға≫ партиясының жетекшісі М.Әбләзов екендігі, мұнайшылардың Мәскеу мен Варшаваға сапарын сол қаржыландырғаны белгілі болғанын жеткізді.

Сот процесінде куәгерлердің сөздері ғана емес, барлық жағдайлар мен зерттеулер жан-жақты сараланып, жылт еткеннің бәрі мұқият тексерілді.

Кешенді психологиялық-филологиялық сараптаманың биылғы қорытындысына сәйкес, М.Әбләзовтың ұйымдасқан қылмыстық топта ең жоғарғы лауазымдық тұлға болып табылатыны, оның тіркелмеген ≪Алға≫ партиясының ресми емес жетекшісі ретінде әрекет жасайтыны және 2010 жылы 30 сәуірде өткен бейне-мәслихат барысында ≪Алғаның ≫ мүшелері оппозициялық күштерді біріктіруге, әлеуметтік- экономикалық саладағы наразылықтарды өз мүдделеріне тиімді пайдаланып, Қазақстандағы билікті ауыстыруды басты мақсаттары етіп қойғаны айқындалды.

Осы кезеңде В.Козлов ≪Алға≫ партиясының аумақтық бөлімшесінің басшысы қызметін атқарған. Оның міндеті – ≪Халық майданы ≫ саяси қозғалысының іс-әрекетіне басшылық жасап, биліктің келбетін келеңсіз көрсету, бас көтерушілерге қаржылай, заңдық көмек беріп, Жаңаөзен қаласындағы ереуілді қолдау болған.

В.Козловтың сөзінен ақша қаражатты бөлу жөніндегі есепті М.Кетебаевтың жүргізгені байқалды.

В.Козловтың, С.Сапарғалидың, Ж.Мамайдың, Б.Атабаевтың іс- әрекеттері Жаңаөзен қаласындағы мұнайшылар бас көтеруіне саяси реңк беруге бағытталғаны мәлім болды. Бұл В.Козловтың Жаңаөзен қаласына аттандырған С.Сапарғалидың, Ж.Мамайдың, Б.Атабаевтың мұнайшыларды оппозициялық материалдармен қамтамасыз еткендерінен де көрінеді.

2010 жылғы 30 сәуірде өткен бейне-конференциядағы, телефон арқылы сөйленген сөздердегі және аудио-бейне материалдардағы мәтіндерге талдау жасалып, оның нәтижесі М.Әбләзовтің, М.Кетебаевтың, В.Козловтың, М.Сизовтың, С.Сапарғалидың, Ж.Мамайдың, Б.Атабаевтың іс-әрекеттерінің түп тамырында – Қазақстан Республикасындағы билікті ауыстыру пиғылы жатқаны мәлім болды.

Жазықтылар жазасын алды

Қаралған іс бойынша Ақтау қалалық соты үкім шығарды.

Сот үкімі бойынша, Козлов Владимир Иванович ҚР ҚК 235-бабы 1-бөлігімен, 164-бабы 3-бөлігімен, 170-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, ҚР ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігімен жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен түпкілікті мүлкін тәркілеп, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Аминов Ақжанат Меңдібекұлы ҚР ҚК 235-бабы 1-бөлігімен, 164-бабы 3-бөлігімен, 170-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған ҚР ҚК-нің 55-бабын қолдана отырып, ҚР ҚК 58-бабының 3-бөлігімен жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен түпкілікті 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

ҚР ҚК-нің 63-бабы негізінде А.Аминовқа тағайындалған жаза шартты деп есептеліп, оған 3 жыл сынақ мерзімі белгіленді. А.Аминовқа қолданылған ≪қамауға алу≫ түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылып, ол сот залынан қамаудан босатылды. Сапарғали Серік Садықұлы ҚР ҚК 170-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚР ҚК 63-бабы негізінде С.Сапарғалиға тағайындалған жаза шартты деп есептеліп, оған 3 жыл сынақ мерзімі белгіленді.

С.Сапарғалиға қолданылған ≪қамауға алу≫ түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылып, ол сот залынан қамаудан босатылды.

Сот үкімімен келіспеген тараптар үкім шығарылған күннен бастап 15 тәулік ішінде, қамаудағы сотталғандар үкім тапсырылған кезден бастап сол мерзімде Маңғыстау облыстық сотына апелляциялық тәртіппен шағым беруге немесе наразылық келтіруге құқылы.

«Ақшам-ақпарат»

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 3 =