Жаңабай ЖҰМАҒАЗИН, Астана қаласы Жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері: АУЫРЫП ЕМ ІЗДЕГЕНШЕ, АУЫРМАУДЫҢ ЖОЛЫН ІЗДЕЙІК

0 297

Мен жақында сіздердің ауруханада жатып, емделіп шықтым. Мұндағы дәрігерлердің біліктілігіне тәнті болдым, оларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Тек аурухананың материалдық-техникалық базасы тым нашар екен. Ғимарат ескі, дәретхана ерлер мен әйелдерге ортақ, асхана да тым тар. Бүгінгі заман талабына мүлде жа­уап бермейді. Осы мәселені алдағы уақытта шешу жоспарларыңызда бар ма?

– Иә, сұрағыңыз өте орын­ды. Негізі біздің осы ғимаратта жұмыс істеп жатқанымызға жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Кезінде Целиноград уақытында бұл ғимарат «Облсельхозхимия» мекемесінің кеңселері мен қоймаларына арналып салынған екен. Ауруханамыз қазіргі Уалиханов көшесіндегі ескі барақтардан 1991 жылы осы ғимаратқа көшірілген. Әрине, ауруханамыздағы қолайсыз жағдай жұмыс барысында көптеген қиыншылықтар ту­дыруда. Соған қарамастан біздің дәрігерлер мен медбике­лер, жалпы қызметкерлеріміз науқастарға аянбай қызмет етуде, оны өзіңіз де байқап отырсыз.

Ал енді жаңа ғимарат жөніне келсек, біз Елбасының «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасына еніп, 2007 жылы типті үлгідегі 250 төсек-орынды қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының ғимараты жобаланып, мемлекеттік сараптама бекітілген болатын. Бірақ, жалпы дағдарысқа байланысты қаражат тапшылығынан кейінге қалдырылды. Биыл жаңа қалалық жұқпалы аурулар ауруханасын салу жоспарлануда, соған үлкен үміт артудамыз. Сәтін салса, келешекте бұл мәселе шешіледі деген ойдамыз.

Жедел жәрдеммен жақында бір туысқанымды Астанадағы жұқпалы ау­рулар ауруханасына алып келіп еді, мұндағылар қабылдамапты. Неге?

– Кешіріңіз, сіздің туысқаныңыздың қай жері аурып келіп еді?

Оның іші түйіліп, шы­датпай ауырған болатын.

– Сіздің туысқаныңызда жұқпалы ауру анықталмаған болу керек. Ал, жұқпа анықталмаған жағдайда біз науқасқа кеңес беру парағын толты­рып, әрі қарай емделуге кеңес береміз. Негізі, бізге әртүрлі аурумен күніне 40-50 науқас келеді. Бірақ, жұқпалы аурулар ауруханасына клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіштері бар аурулар ғана жатқызылады, яғни оларды қабылдау бөлімінде кезекші дәрігер мен жал­пы кезекшілікте жауапты дәрігерлер қарап, жұқпалы ауру диагнозы дәлелденсе ғана жатқызады. Мұндағы аурулардың 90 пайызы жедел жәрдем арқылы келетіндер. Биылғы сәуір айынан бастап жоспарлы ауруларды портал, яғни госпитализация бюросы арқылы жатқызамыз. Ол үшін әр азамат өзінің жергілікті емханасына тіркеліп, кез кел­ген уақытта біздің ауруханаға жолдама алуына болады.

Бүгінгі таңда Елбасы денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында да денсаулыққа алдымен адамның өзі көңіл бөлуі керек деген сөздерді айтты. Бұл бағытта ау­руханада қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?

– Әрине, Елбасымыз халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауларында да, биылғы шыққан «20 қадам» бағдарламалық мақаласында да халық денсаулығына, медициналық қызмет көрсету сапасының жақсартылуына аса үлкен мән беріп, әрі қарай да өз бақылауында екенін ескертіп келеді. Расында да, егер әр адам өз денсаулығына алдымен өзі жауапты бол­са, өмір сүру ұзақтылығы ұлғаяды. Біздің ұжымымызда салауатты өмір салтын қалыптастыру дәрігері мен медбикесі бар, олар Салауат­ты өмір салтын қалыптастыру орталығымен тығыз байла­ныста жұмыс істеп, жұқпалы аурулардың, әлеуметтік мәні бар аурулар мен зиян­ды әрекеттердің алдын алу (темекі шегу, нашақорлыққа, маскүнемдікке қарсы т.б.) шараларын жүргізуде. Әсіресе, ауруханамызда жатқан науқастармен және осын­да келушілермен әңгіме-тренингтер өткізудеміз, қалалық спорттық-сауықтыру іс шараларына белсенді қатысамыз. Сонымен қатар жас жеткіншектермен, яғни көп жылдан бері жетекшілік ететін №35, №52 мектептер­мен салауатты өмір салтын қалыптастыру сабақтарын әртүрлі бағытта өткіземіз. Қалалық бұқаралық ақпаратпен тығыз байланыстамыз.

Жұқпалы аурулар түрінің көп екені белгілі. Солардың қайсымен ауырғандарды қабылдайсыздар? Жалпы, қалалық жұқпалы аурулар аурухана­сында қанша бөлімше бар?

– Негізі, біздің ауру­хана – 160 төсек орынды, ересек жұқпалы ауруларға Астана қаласы бойынша мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі және оның ішінде балалар гепатитін емдейтін 50 төсек-орынды жалғыз аурухана.Аурухананың жалпы аумағы 2339 шаршы метрді құрайды.

Қазіргі таңда қаламызда жұқпалы ауруларға арналған төсек орын жеткіліксіз деуге болады, өйткені жатқызылатын аурулардың 90 пайызы жедел көмек қажет ететіндер. Сондықтан, жо­спарлы ауруларға жиі орын жетпей жатады. Нақтырақ айтсақ, бізде 264 орын жеткіліксіз.

Ауруханамызда 4 клиникалық бөлім бар. Олар: ауа-тамшы жұқпасы бөлімі, ішек жұқпалар бөлімі, вирусті гепатиттер мен стрептостафилококтық жұқпалар бөлімі, жандандыру және үдемелі терапия бөлімі. Сонымен қатар қабылдау кеңес беру бөлімшесі, клиникалық-диагностикалық зертхана, бактериологиялық зертхана, орталық залал­сыздандыру бөлімшесі бар. Бізге қабылдау-кеңес беру бөліміне келген науқастардың диагнозы анықталған соң ауруларының түріне байланысты осы бөлімшелердің біріне жатқызамыз.

Атыжөнім Гүлмира Сүйінова. Ішек инфекциясы ауруымен осында түскеніме бір аптадан асты. Дәрігерлердің жиі бақылап, жағдайымды үнемі қадағалап отырғандығынан денсаулығым алғаш келгендегідей емес, әжептәуір жақсарып қалды. Сол үшін ақ халатты абзал жандарға шын көңіліммен ризашылығымды білдірсем деп едім.

– Рахмет сізге. Нақты бір ұсыныс, сұрағыңыз бар ма?

Иә, бір ұсынысым бар, алдағы уақытта жаңа ау­рухана салынса екен.

– Біздің дәрігерлер – жоғары білікті мамандар, ұжымымызда 1 медицина ғылымының док­торы, 2 медицина ғылымының кандидаты, 12 жоғары са­натты, 8 бірінші, 5 екінші санатты дәрігерлер қызмет етеді, яғни дәрігерлердің 65 пайызының санаттылық дәрежелері бар. Сонымен қатар Астана қаласының Медицина университетінің «Жұқпалы аурулар және эпи­демиология» кафедрасының ұжымымен де тығыз байла­ныстамыз. Ондағы әріптестеріміз, профессор Г.Алшынбаева басқаратын кафедра қызметкерлері бізге әртүрлі ауыр жағдайдағы аурулар кездескенде қолдан келген көмегін аянбай, жоғары білікті кеңес береді. Медбикелердің 85 пайызының санаты бар. Дәрігерлеріміз науқастарды жанын сала бар ынта-жігерімен емдеп, толығымен айықтыруға атсалысып, көптеген науқастардың алғысына бөленуде. Ал, жаңа аурхана салу жөніндегі ұсынысыңызға байланысты жоғарыда айтқанымдай, бұл мәселе келешекте шешіледі. Тек сәл шыдамдылық танытайық.

Естуімше, қаламыздағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасында анасы бала­сымен жатқаны үшін ақы төлейді екен. Сіздерде ше, емделу тегін бе?

– Ауруханамызда емделетін науқастардың барлығы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде толығымен ақысыз тексеріледі және емделеді. Дегенмен, бізде де бірнеше ақылы қызмет түрлері бар. Мәселен, сырттан, яғни басқа емхананың жолдамасымен немесе өз еркімен келген науқастарға қабылдау кеңес бөлімінде кеңес беру, өз қалауларымен клиникалық, бактериологиялық әртүрлі жұқпаларға тексеру тегін емес және 3 жастан асқан балалары­мен жататын ата-аналарға да тек ақылы қызмет көрсетіледі.

Жаңабай Дербесінұлы, айтыңызшы, осы жұқпалы аурулардан сақтанудың жолдары қандай?

– Барлық жұқпалы аурулар таралу немесе жұғу жолда­рына байланысты үлкен 4 топқа бөлінеді: ішек жұқпасы, аэрогенді жұқпа, қан арқылы және қарым-қатынас жол­дарымен жұғу. Сол жұқпа бойынша тұрақты түріне бай­ланысты кешенді алдын алу іс-шаралар жоспарын құрып, жұмыс жүргізудеміз. Мыса­лы, ішек жұқпасы тағам, су, әсіресе, жуылмаған жеміс-жидектер арқылы жұқса, В, С, Д гепатиті қан арқылы, ал В гепатиті жыныс жолдары­мен де жұғады. Сондықтан ішек ауруымен ауырмау үшін суды қайнатып ішу керек, тағамдарды, әсіресе, жылдам бүлінетін сүт, ет тағамдарын үнемі тоңазытқышта сақтау, жеміс-жидектерді жуып жеу сияқты қарапайым қағидаларды сақтаса, адамдар ішек жұқпасымен ауырмас еді.

Ал, гепатитке келсек, қан арқылы жұғу мүмкіндігіне байланысты тері жарақаттануынан да болады. Демек, әр адам өзінің жеке басының гигиенасын сақтап, шаштаразға, әдемілік салон­дарына барғанда бір реттік құралдарды қолдануды талап етсе, татуировкалардан, ең бастысы, біздің қазақ халқына жат қылық – бейәдеп жолға түсіп, ауруды жыныстық жол­мен жұқтырудан аулақ болса деймін. 1998 жылдан бастап инфекциялардың алдын алу шараларының бірі – вакци­нация, яғни В гепатитіне қарсы екпе енгізілді. В гепатитіне қарсы екпе жаңа туған сәбилерге, медицина қызметкерлеріне, студент­терге беріледі, сонымен қатар А гепатитіне қарсы екпе мек­тепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға беріледі, сол себепті болар, В гепатиті бүгінгі таңда 30 пайызға азайды. Жалпы, «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген қағиданы ұстансақ, көп аурудың алдын алған болар едік.

Астанада гепатит орталығы ашылды. Де­генмен, гепатитпен ауыратындар қатары әлі де болса азайған жоқ. Осы орталықпен байланыстарыңыз қандай?

– 2011 жылы гепатит орталығы қалалық №4 емхана­да ашылды. Біз ол орталықпен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Ауруханамызда гепатит кеселінен емделіп шыққан науқасты орталыққа жібереміз, ол адам сол орталыққа тіркеліп гептолог дәрігерлердің бақылауында бо­лады. В және С гепатитімен ауыратындарға үкімет та­рапынан қаржы бөлінуде, ондай науқастар жергілікті емханасынан толық тексеріліп, В немесе С анықталса, орталыққа барып, ақысыз ары қарай толығынан тексеріліп, вирусқа қарсы ем алу үшін кезекке тұрады, ем-шара да ақысыз жасалады. Сонымен қатар орталықта құрылған со­зылмалы В, С, Д гепатитімен ауыратын науқастарға вирусқа қарсы терапия тағайындау комиссиясының құрамында Денсаулық сақтау басқармасының бас гепатолог маманы ретінде менің емдеу ісі жөніндегі орынбасарым Сәуле Қабиқызы Атығаева да бар. Болашақта жаңа аурухана салынса, гепатит орталығы біздің мекемеде де болады деп жоспарлаудамыз.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × one =