Жаңа жылдық жүздесу

0 15

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Қазақстан» орталық концерт залында «Қазақконцерт» мекемесі мен «Хабар» агенттігі бірлесіп «Жаңа жылдық кездесу-2» атты қайырымдылық концертін өткізді.Мерекелік шараның 1500-ге жуық қайырымдылық билеті әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, егде адамдар мен ардагерлерге табыс етілді.
– Біз осы жобаны екі жыл бұрын бастаған едік. Бұл жерде коммерциялық мақсат жоқ, осы жобаның ауқымында шақырылған қонақтар керемет шоу-концертті тегін тамашалады. Кез келген жыл аяқталар сәтте әрбір азамат, әрбір мекеме жетістіктері мен жыл нәтижелерін ғана саралап қоймай, қандай қа­йырымдылық жасадық, мұқтаж жандарға нендей көмек көрсеттік деген сұраққа жауап іздесе, онда біздің мемлекет те, қоғам да шынайы әлеуметтік мемлекет болатындығына кәміл сенімдімін, – деді «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев.
Жаңа жылды бәрінен бұрын балалар асыға күтеді. Сондықтан көпбалалы отбасылардан шыққан балақандарға жаңа жылдық тосын сый жасалып, оларға танымал өнер тарландары тәтті сыйлықтар үлестірді.
Сондай-ақ шара барысында жиналған қауым эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалап, фольклорлық және классикалық шығармаларды ұйып тыңдады. Жоғары деңгейде дайындалған хореографиялық композициялар мен сахналық көріністер де жаңашылдығымен көрерменді дән риза етті.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды