©2020 Астана Ақшамы
Жаңа жылды жаңа пәтерде қарсы алды
Жаңа жыл қарсаңында астаналық 76 отбасы баспаналы болды. Оларға Лепсі көшесіндегі жаңа тұрғын үйдің пәтерлері берілді.
Пәтер кілті үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік аз қамтылған отбасылары мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне табыс етілді. Жаңа пәтерлер Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының «Сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана» санаты бойынша берілді.
– Астанаға өзге өңірлерден келіп, елорданың дамуына үлес қосып жатқан жас отбасыларды, кәсіби мамандарды қолдау өте маңызды. Сіздерге жаңа жыл мерекесі қарсаңында баспана кілтін тапсырғанымыз үшін қуаныштымыз. Жаңа пәтерлеріңізге қуаныш пен бақыт толсын, – деді елорда әкімі Бақыт Сұлтанов құттықтау сөзінде.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында алдағы уақытта ірі қалаларда халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған жалға берілетін баспана құрылысының көлемін ұлғайту міндетін қойған болатын.