ЖАҢА ЖЫЛДА 146 СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

0 182

IMG_0160

Әр жаңа жылды үкілі үмітпен күтетініміз айқын. Жаңа жыл қарсаңында бір-бірімізге деген ақ тілектер де арнасынан асып жатады. Сондай мерекелік жарқын сәтте жүректен шығатын жылы сөзіміздің басым бөлігі сәбилердің қызығын көруге, балалардың амандығына бағытталып жатады. Демек, бала – барша адамзаттың бақыты болмақ.
Олай болса, біз бүгін биылғы жаңа жыл мерекесі күндері Астана қаласында дүниеге келген сәбилер деректемесіне көңіл бөлуді жөн көрдік. Осы орайда «Жеделсөз» айдарының сауалдарына Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының ана мен баланы қорғау бөлімі жетекшісі Сәуле Нұрашева жауап берді.

– Жаңа жылдық мереке күндері Астана қаласы бойынша қанша сәби жарық дүниеге келді екен?

– Жалпы алғанда, жаңа 2014 жылдың 1,2 және 3 қаңтар күндері елордамыз Астана қаласында  164 нәресте дүниеге келді. Атап көрсететін болсақ, елордамыз 72 ұл, 74 қыз баламен толықты.

– Жаңа жылдың алғашқы сәтінде, яғни бірінші туған сәбидің кім екенін білесіздер ме?

– 2014 жыл табалдырықтан аттаған сәтте, дәлірек айтсақ, сағат түнгі 12-ден 40 минут өткенде Мира Аймашева деген замандасымыз дүниеге сәби әкелді. №1 периниталдық орталықта босанған ана бойы 52 сантиметр, салмағы 3 келіден асатын ұл туды. Қазір ана мен бала  өз үйлерінде. Учаскелік дәрігерлер арқылы білгенімізде екеуінің де денсаулықтары жақсы.

– Елордамыз жылдан жылға сәулеті мен дәулеті қатар қарқындап, тұрғындарының саны да көбейіп келеді, осы орайда перзентханалар жағдайы талап мүддесіне жауап беріп отыр ма?

– Бұл жағынан алғанда, астаналықтар үшін барлық жағдай жасалып отыр деуге негіз бар. Астанада бүгінде үш перзентхана бар. Бұлардың бәрінде болашақ аналарды алдын ала күтуге, босандырып алуға және жаңа туған нәрестенің денсаулығын қадағалауға қажетті қазіргі заманғы құрал-жабдықтар мен тех­ника­лық қондырғылар жеткілікті. Сонымен қатар қаламыздағы Ана мен бала ұлттық  ғылыми орталығы да ана мен бала денсаулығын күту мен сақтауға орасан үлес қосып отыр. Жалпы, байқасақ, Астанамызда балалардың туу көрсеткіші жылдан жылға арта түсуде. Мәселен, 2011 жылы 19177 сәби дүниеге келсе, 2012 жылы 21266 нәресте жарық  көрсе, 2013 жылдың 11 айында-ақ 20699 кіш­кентай астаналықтар қатарымызға қосылған. Осы деректерді бағамдасақ  өзі Астана шын мәнінде жастардың қала­сына айналып бара жатқандай. Түйін­деп айтқанда, елордамыз Астанада сәбилердің жарық дүниеге келуіне және олардың бақытты өмір сүруіне жан-жақты жағдай жасалып отыр десем болады.

Жаңа жылдың басында қатарымызды толықтырған астаналық сәбилерге және олардың аналарына зор денсаулық тілейміз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 2 =