©2020 Астана Ақшамы
ЖАҢА ЖЫЛ ЖӘНЕ ЖАДИ ҚЫЗ
Малайзияда туып-өскен Жади қыздың астаналық атанғанына биыл тура 5 жыл болды. Осы төрт жыл ішінде елорда тұрғындары арасында әжептәуір танымал болып та үлгерді. Жаңа жыл қарсаңында отандық телеарналар мен мерекелік кештердің жұлдызы болған Жадимен жақынырақ танысу үшін біз де үйіне әдейілеп іздеп бардық.
Жади деп отырғанымыз – кәдімгі жылан. Жылан болғанда да, жай жылан емес. Салмағы 20 келі тартатын, ұзындығы 3 жарым метр болатын алып қара теңбіл питон. Оны үш жылдан бері елордалық Динара Мейрамқызы баласындай баптап келеді.
Жылан жылы Жади үшін табысты басталғанға ұқсайды. Иесімен бірге салтанатты кештерде ортаға шығып бір рет билеуінің өзі кемі 10 мың теңге тұратын оған Жаңа жыл қарсаңында тапсырыс әдеттегіден әлдеқайда артық түсіпті.
Бұған дейін Астана қаласы мемлекеттік филармониясының «Шалқыма» би ансамблінде өнер көрсеткен Динара қазір шәкірті Айдана Дүзенова екеуі сахнада жыланмен жеке өнер көрсетеді.
Динараға жыланды циркте жұмыс істейтін құрбысы ұсыныпты. Алғашында жүрексінгенімен, қызығушылығы басым түсіп, асырап алмаққа тәуекел етеді. Алмас бұрын, әбден зерттейді. Не жейді, не ішеді, адамға зияны бар ма, жоқ па, қанша уақыт өмір сүреді, неше метрге дейін созылады…. Аз уақыт ішінде кәдімгі жылантанушы маманның өзі болып шыға келді. Алдымен ауылдағы ата-анасына қоңырау шалды. Шошып кетпесін деп, жағдайды жайлап отырып жеткізді. Қайдағы?! Жылан асырап алатынын естігенде екеуі екі жаққа шоршып кетті.
– О заманда бұ заман жылан асырағанды кімнен көрдің? – деді шешесі.
– Елдер соғым байлап жатқанда сен жылан асырап семіртейін дедің бе? – деді әкесі.
Қызының көңілін қимай ақыр соңында амал жоқ, екеуі де келісімін берді. Сол жыланның арқасында тапқан табысы бүгінде Динараның өзіне де, ауылдағы ата-анасына қарайласуына да жетіп жатыр.
«Тіпті, ата-анам хабарласқанда алдымен жыланның қал-жағдайын сұрайтын болды» дейді күліп.
Біз барғанда Жади қалың ұйқы құшағында екен. Өзімен танысу үшін арнайы қонақтар келіп тұрғанын айтып, иесі оятып алды. Жыланды тек жыртқыш деп танитын басымыз ұйқысын бұзғанымыз үшін кәріне ілініп қалармыз деген оймен дымымызды шығармауға тырыстық. Ақырын сөйлесіп, аяқтың ұшымен жүрдік. Жо-о-оқ! Жадидың жүзі жылы екен. Жатырқаған жоқ. Жылжып жанымызға келді. Жүрісі де салмақты. Кинолардағы шалт-шұлт қимылдайтын түсі суық оқ жыландардың қатарынан емес екені көрініп тұр. Жайлап басынан сипадық. Динара оны солай еркелетеді екен. Әншейінде тілі сумаң-сумаң етіп тұратын ол басынан сипай қалсаң, қаққан қазықтай қатып қалады екен. Мұнысы сипағанды ұнатқаны деп түсіндірді иесі. Басынан сипай отырып, қолымызға көтердік. Абайсызда құйрығына тиіп кеткеніміз сол еді, аяғымызға орала кетті. Жүрегіміз тас төбемізге шықты! Сөйтсек, жыланның құйрығы ең осал жері саналатындықтан, тиіп кеткен жағдайда қауіпсіздігін қорғау үшін осындай қарсы әрекетке барады екен. Тіпті, сахнада өнер көрсетіп тұрған сәтте құйрығын байқамай қатты қысып жіберген Айдананың қолын жаралаған кезі де болыпты. «Жатқан жыланның құйрығын баспа» деген халық даналығы бекер айтылмаған екен.
Десе де, Жадидың анау айтқан бұзықтығы жоқ. Тек, терісі түлейтін сәтте тыпырлап, жер-көкке симай кететіні бар дейді иесі. Аптасына 1 рет суға түседі, мал дәрігерлерінің арнайы тексеруінен уақытылы өтіп тұрады. Теледидар көргенді ұнатады дейді. Кейде, әлденені түсінетіндей, теледидарға тесіліп жатып алатыны бар екен. Ал, тамағы тойса, ұйықтағанды дұрыс көреді. Тамақ демекші, оны тамақтандыру Динара үшін аса жауапты іс. Айына бір қоян жейді. Арнайы тексерістен өткен, ауру-сырқауы жоқ қоян беруге тырысады. Жемтігін бүтіндей жұтқанда аузы 10-15 сантиметрге дейін созылатын көрінеді. Жалпы, Жадимен тектес жыландардың арасында 3-4 қоянға дейін қылғытатындары бар көрінеді. Бірақ, онысы өзіне зиян. Денесін май басып, салмағы шектен тыс ауырлап кетуі мүмкін. Артық салмақты жыланды көтеріп 5-10 минут бойы өнер көрсету жіптіктей қыздарға да ауыр тиері анық.
Бүгінде Астанада алып жыланды Динара секілді үй жағдайында асырап отырғандар саусақпен санарлық. Оның бар жағдайын жасап, отбасының бір мүшесіндей бағып-қағып отыр, сондықтан, Динара «2013 Жылан жылы маған да жайлы, жағымды болар» деп үміттенеді.
Біз қайтар кезде төсек астында жатқан Жади қасымызға келіп қоштасқандай сыңай танытты. Мұнысына кәдімгідей ішіміз жылып қалды. Ақылды, сыпайы, табысы мол Жадидей болса, 2013 Жылан жылы біз үшін де жаман бола қоймас деп ойладық.
Шынар ДОСАН