ЖАҢА ЖҰМЫС КЕСТЕСІ ҚАШАН БАСТАЛАДЫ?

0 131

Кеше елорда әкімдігінде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезеңінде Астанада жол қозғалысын көліктік қамтамасыз ету және ұйымдас­тыру мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған қалалық Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов, «Астана LRT» ЖШС басқарма басшысының орынбасары Рустам Халилев қатысты.

pavpavva

Жиында қала мекемелерінің жұмыс уақытын саралау, жаңа учаскелерге «Shuttle Bus» бағдарларын және «Bus Lane» жолақтарын енгізу, Қабанбай батыр даңғылының бойында солға бұрылуға тыйым салу, сонымен қатар, көліктік хабтар құру мәселелері кеңірек айтылды.Әуелі басты жаңалыққа тоқталайық. 1 маусымнан бастап елорда жаңа жұмыс уақытына көшеді. Оны Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов жеткізді. Оның айтуынша, жыл санап қала халқы мен көлік санының өсуіне байланысты жұмыс уақытын ұтымды пайдалану өзекті мәселеге айналған. Бұл үрдіс әлемде кеңінен қолданылады. Әсіресе, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі қарсаңында және көрме кезінде елордада көлік саны артады. Ол өз кезегінде кептелісті көбейтеді.

– Соған байланысты жұмыс уақытын саралау экономикалық санаттармен жүргізілді. Құқық қорғау саласы, медицина, білім беру ұйымдарының, балабақша және мектептердің жұмыс уақыты өзгермейді. Құрылыс ұйым­дарының жұмыс уақытын сағат 9-дан 7-ге, қаланың коммуналдық қызметтері мен өнеркәсіптік және өндірістік секторларын 9-дан 7.30-ға, Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен қаржы институттарын 9-дан 10-ға, сауда-ойын-сауық ұйымдарын 10-нан 10.30-ға, ұлттық компанияларды 9-дан 9.30-ға ауыстыру ұсынылады, – деді ол. Сонымен бірге, респуб­ликалық басқару және жергілікті атқарушы органдардың жұмыс уақытын сағат 9-дан 8.30-ға, ал жоғары оқу орындары мен мамандандырылған оқу орындарының жұмыс уақыты 9-дан 10-ға ауыстырылатындығын айтты. Бұл өзгерістердің бәрі көшедегі кептелісті азайтады.

Сондай-ақ, Б.Игенбердинов қоғамдық көліктің қолжетімділігін қамтамасыз ету және ЭКСПО-ны көлікпен жабдықтау, халықаралық және өңірлік делегацияларға арналған транспортты ұйымдастыру үшін 423 автобус сатып алынғандығын баяндап, барлық көліктер мамыр айының соңына дейін жеткізіледі деп мәлімдеді. Оның сөзінше, бүгінде қалада 81 қоғамдық көлік бағдары бар. Оның 11-і ЭКСПО аумағы арқылы өтеді. Көрме өткізілетін кезеңде аталған 11 бағдарға қызмет көрсету үшін қосымша 103 автобус беріледі. Бұл қоғамдық көліктердің қозғалысындағы уақыт аралығын 5-7 минутқа қысқартады.

Сонымен қатар, қаладағы жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру мақсатында 28 қиылысқа талдау жүргізіліп, нәтижесінде қиылысқа жақын жерде болатын кептелістерді азайтуға 38 оң жаққа бұрылу құрылысының адрестік бағдарламасы әзірленді. Бұдан бөлек, жолаушылар тасымалының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға арналған көлік ағындарын басқарудың бірқатар жаңа әдістері енгізілмек.

Біріншіден, ЭКСПО аясында 12 жаңа учаскеде «Bus Lane» қоғамдық көлік жолақтары іске асады. 20 мамырдан Сарыарқа, Тұран, Бейбітшілік даңғылдарында, 27 мамырдан Тәуелсіздік, Сарайшық, Тәшенов, Жұмабаев, Қабанбай батыр даңғылдарында, ал 3 маусымнан бастап жаңа жолдардың салынуына байланысты Нәжімеденов пен Байтұрсынов көшелерінде және Республика даңғылында арнайы автобус жолақтары қолданысқа енеді.  Тағы бір тың жаңалық, 27 мамырдан бастап елордада алғашқы ақылы тұрақ өз жұмысын бастайды.

Азамат Есенжол

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − nine =