ЖАҢА ЖҮЙЕ, ЖАҢА МІНДЕТТЕР

0 115

Кеше ел депутаттары жазғы демалыстан кейінгі жұмыстарына кірісті. ҚР Парламенті палаталарының бiрлескен отырысына сәттілік тілеген қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оларға, әдеттегідей, атқарылуы тиіс жұмыс­тардың жолын көрсетіп, бағытын айқындап берді.

Алтыншы мәрте сайланған Парламенттiң үшiншi сессиясын ресми түрде ашқан Елбасы биліктегілерге қолға алған бастамаларға тікелей жауапты болуды талап етті. Оның айтуынша, бүгінде Парламент өз қызметiн жаңа жүйемен бастады. Палаталар мен Үкiметке қосымша өкiлеттiктер берiліп, соған сәйкес жауапкершiлiк жүгі артып отыр. Билiк тармақтары тарапынан бастамалар жасалу деңгейiнiң төмендiгiн сынаған Президент бұдан әрі оған жол бермеу керектігіне ерекше тоқталды. «Ашығын айтсам, менiң де кiнәм бар шығар.

Көп бастамалар жасалу керек, өзгеру қажет. Бұл жайында өткен жолы Үкiметтi ауыстырған кезде де айтқан болатынбыз. Қазiр сол мәселе қайталанып отыр» дей келе, Елбасы заңға сәйкес әркім өз iсiне жауап беретінін алға тартты. Үкiмет елдiң экономикалық саясаты мен бағдарламаларының толық жүзеге асуына, Парламент заңнамалық және қадағалаушы билiк ретiнде өкілетке ие болса, негiзгi жұмыс өңiрлердегi атқарушы билiкке жүктелмек.

Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізде жүзеге асып жатқан жаңғыру үрдісіне де мән берді. «Бiз биыл жаңғырудың жаңа көкжиектерiн ашып, iргелi процестердi жүйелi түрде жүзеге асыруға кiрiстiк. Жаңғыру үрдiсi негiзгi үш сала: экономикалық, саяси және рухани бағыттар бойынша өрбуде. Әрбiр мемлекет осы үш мәселенi қолына ұстап, өсiп-өркендейтiн болады. Бұл реформалардың негiзiнде бiз «Қазақстан-2050» стратегиясындағы мақсаттарымызға жетемiз. Түпкi мақсатымыз – өркендеген отыз елдiң қатарында болу. Болашақта бiрлiгiмiздi сақтайтын болсақ, алатын белестерiмiз әлi көп. Үшiншi сессияда осы жақсы үрдiстердi жалғастырып, қарқынды әрi сапалы жұмыс iстеуiмiз керек. Алдымызда әлi талай сүбелi шаруалар тұр. Басталған iстердi әрi қарай заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету қажет» дейдi Н.Назарбаев.

Айта кетейік, алтыншы сайланған Парламенттің екінші сессиясында Мәжілістің 38 және Сенаттың 25 жалпы отырысы өткен. Парламент қарауында 111 заң жобасы болса, оның 84-і қабылданған.

Гүлмира
АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 5 =