Жаңа жоба жұрт көңілінен шыға ма?

0 27

Қазақстанда соңғы кезде көп талқыланған тақырыптың бірі – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Егеменді ел болып, көк туымыз көк аспанда желбіреген күннен бастап күн тәртібіне қойылған бұл мәселенің бүгінге дейін күрмеуі шешілген жоқ. Тіпті айтыла-айтыла естіген құлақ ығыр болып, халық та осы тақырыптан қажиын деді. Әрине, әліпби ауыстыру – үлкен дайындықты қажет ететін жұмыс. Сондықтан «кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, болашақ жазуымыз көбірек талқыланғаны дұрыс та шығар.Дегенмен біршама уақыт талқылағанда әлі бір әліпбиге тұрақтай алмағанымыз, «осы болады-ау» деген әліпбиіміздің өзі бір қай­науы ішінде дүмбілез болып шыққаны қынжылтады. Сосын да «бекітілген әліпби» жалпы жұрт назарына ұсынылып, қазы халықтың таразысына түскенде бұл жобаға үрке қарағандар аз болған жоқ. Әсіресе, и, й дыбыстарының і әрпімен, ң әрпінің ń әрпімен, ш, ч дыбыстарының sh, ch әріптерімен таңбалануы көптің көңіліне жаққан жоқ. Себебі ілесу деген сөзді ilecý деп, иілгіш деген сөзді Іilgish деп жаздық та, ілесу ме, илесу ме, иілгіш пе, иилгіш пе, жоқ әлде иилгиш пе, өзіміз айыра алмай дал болдық. Міне, осы сияқты көрнеу көзге ұрып тұрған кемшіліктер мен көмескі кінәраттар көптің көңіліне көп күдік ұялатқаны шын болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «бекітілген әліпбиде» кемшіліктер бар екенін, тіл мамандары жаңа әліпбиді әлі де жетілдіре түсуі керек екенін ескертіп, Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырмалар берген болатын. Міне, осы тапсырмаға және Қазақстан Республикасы Премьер-министрі бекіткен «Қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі әліпбиін жетілдіру бойынша 2020-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына» сәйкес бекітілген жобаны жетілдіру және басқа да жобаларды талқы таразысынан өткізу бойынша ел аумағында бір қыдыру отырыстар өтті. Соның бірі жақында бас қаламыз­да жоғары және арнаулы оқу орындарының филолог ғалымдары мен оқытушыларының арасында өткен ашық талқылау болатын. Латын графикасындағы қазақ әліпбиінің өзгертілген нұсқасын талқылауға арналған бұл шарада ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қаба, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері, Л.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Еуразия гуманитарлық институтының, М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық-заң университетінің, Көлік және коммуникация колледжінің, Гуманитарлық колледждің ғалымдары мен білікті мамандары, мектеп мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері қатысты.
Алдымен Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қаба латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты атқарылған жұмыстарға тоқталып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асқан жұмыстардың қайта пысықталып, қорытындыланғанын, қоғам тарапынан ұсынылған пікірлер зерделеніп, ұтымды ұсыныс­тар назарға алынғанын, тәуелсіз сарапшылар тартылып, әріптердің unicode өлшеміне сай болуына назар аударылғанын жеткізді. Осыдан кейін сөз кезегін алған Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова латын әліпбиін әзірлеу бойынша әр сала мамандарынан ұйымдасқан 4 жұмыс тобының еңбектеніп жатқанын жеткізді. «Латын әліпбиіне көшу мәселесіне біздің азаматтар өте белсенді атсалысты. Бастауыш мектеп оқушыларынан тартып, зейнетке шыққан ақсақалдарымызға дейін өз жобаларын ұсынды. Біз сол жобалардың ішінен осы болады-ау деген 8 жобаны таңдап алып, орфографиялық жұмыс тобының талқысына салдық. Сол отырыста жұмыс тобының мамандары мен жоба авторлары талқылай келе, жетілдірілген әліпбидің жобасы ретінде 2 жобаны ұсынды. Бүгін сол 2 жобаны және оған қосымша «аралас жобаны» сіздердің талқыларыңызға салып отырмыз» деді ол.
Талқыда ешқандай артық­шы­лығы жоқ, латын әріптері мен кирилл әріптері араластырылып жасалған, кемшілігі шаш етектен келетін «дүрегей» жобаға ешкім назар аударған жоқ. Керісінше, акут пен умлаут жобасын көбірек талқылады. Бұл жерде Анар Фазылжанова «аралас жобаның» дайындалу барысына тоқтала келіп, Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін «латынға көшпей-ақ, кирилл әліпбиінде қала берейік» деп кері толғағандар да болғанын, бұл жоба солардың қажеті үшін жасалған болар деген күдігін де бүлк еткізді.
31 әріптен құралған акут жетілдірілген жобасында бұрынғы бекітілген әліпбидегі кемшіліктерді түзетуге күш салған. Яғни и, й әріптерін і әрпімен таңбалап, оның бас әрпі де ноқатпен берілген. Дей тұрғанмен жобада акут (`), макрон (¯), седиль (˛), ноқат ( ) сынды 4 түрлі ­диакритиканың болуы жазуда қолайсыздықтар тудырып қана қоймай, жазуымыздың сиқын кетіретіні де шындық. Әсіресе, ң әрпінің ń әрпімен таңбалануы онсыз да ң дыбысын айта алмайтын ұрпақ көбейіп келе жатқан бүгінгі таңда «ң» ды «н»-ға жақын әріппен таңбалауға болмайтынын алға тартқан мамандар егер акут жобасы қолдау табатын болса, «ң»-ды, сөзсіз, басқа әріппен таңбалауды талап етті.
Талқыда жаңадан жасал­ған умлаут жобасына жұрт көбірек тоқталды. Бұл жобада 5 диакритикалық белгі бар. Алайда у, ұ, ү әріп­терінің u әрпімен таңбаланып, қос нүкте (ум­лаут) мен сызықша (макрон) арқылы ажыратылып ­жазылуы жұрт арасында біраз талас тудырды. Себебі у, ұ, ү әріптерін u, ū, ü деп таңбалаудың өзіндік артықшылығы болғанмен, қолжазбада қолайсыздық тудыратынын айтып, тез жазған кезде ү деп жазу үшін ешкім u-дың үстіне қос нүкте қойып отырмай, сызықша тартып кете беретінін алға тартты. «Мәселен, бүгінге дейін төте жазуды қолданатын Қытай қазақтары т әрпін деп таңбалап, қос нүкте қойғанмен, жазған кезде екі нүктенің орнына сызықша тартып кете беретінін көріп жүрміз. Ү әрпінің ü мен таңбалануы сондай дағдыға айналып, кейін «ұ» мен «ү»-ні ажыратуда ұғым шатастығын тудырады» деген мысалды алға тартқандар да болды. Дегенмен бұл жобада ң әрпінің ŋ таңбасымен алынуын талқыға қатысқандар жылы қабылдаған сыңай танытты.
Талқыны ұйымдастыру­шылар дайындалған жоба­лардың республика көле­мінде талқыланып, әр сала мамандары арасында сауалнама жүргізіліп жатқанын, айтылған пікірлер есепке алынып, мамандар талқысына салынатындығын жеткізді. Әділбек Қабаның айтуынша, 20 ақпан күні Алматы қаласында мамандардың отырысы өтеді. Осы отырыста жинақталған ұсыныстар негізінде сараланып алынған әліпби ұлттық комиссияға жіберіледі. 36 адамнан құ­ралған бұл комиссия құрамында тіл мамандары, ға­лымдар, қоғам қайраткер­лері, билік өкілдері бар.
Талқы барысында осыдан бұрын бекітілген әліпби негізінде көп мекемелердің маңдайшалығын латын әрпімен жазып қойғанын алға тартып, әліпби тағы өзгерсе, олар тағы шығындалып қалмай ма деп сұрағандар да болды. «Көп адамдар «мекеме маңдайшаларын бекітілмеген латынмен жазып қойды, әліпби тағы өзгерсе, олар ертең тағы шығындалады ғой» деген сын айтып жатыр. Жетілдірілген әліпбиде барлық таңба өзгереді деген сөз жоқ, 90 пайызға жуығы өзгермейді. Оның үстіне, кез келген мемлекеттік мекеменің маңдайшасындағы жазу 6 айда бір рет ауыс­тырылып отырады. Себебі күнге оңады, желмен тозады. Сондықтан ол сын негізсіз деп ойлаймын» деді Анар Фазылжанова.
Латын әліпбиі төңірегіндегі мәселелермен айналысып жүрген мамандардың айтуынша, жұртшылық арасында жаңа әліпбиге көшсек, шетел кісі аттарын жазуда (мәселен, Чаплин), кейбір шетел атауларын қолдануда (мәселен, центр) қолайсыздық тумай ма деген түйткіл де бар көрінеді. Алайда мамандар әліпби жасауда шетел атауларын қалай жазуды емес, өз ана тіліміздің үндестік заңы мен орфографиялық заңдылықтарын көбірек ескерген ұтымды екенін еске салады. Бас­тысы, жетілдірілген жаңа жоба жұрт көңілінен шыға ма, халықтан қолдау таба ма, елді елеңдеткен ендігі түйін – осы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды