Ұстаз мәртебесі мен міндеті

0 40

Елордадағы № 77 мектеп-гимназияда «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заңды талқылауға арналған дөңгелек үстел мәжілісі өтті.Жиынға қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен, елордалық білім беру ұйымдарының басшы­лары мен педагогтары, «Әділет» білім беру қызметкерлерінің кәсіподағы мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Басқосуда №22 «Әлем» балабақшасының әдіскері Ольга Гелеверя тәрбиешілер құқығы мұғалімдермен тең дәрежеде екендігін атап өтті. «Заңда педагогтар жалақысын осы жылдан бастап 25 пайызға арттыру қарастырылған. Себебі мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтарының жалақысы жоғары емес. Және тәрбиешілерге педагогикалық шеберлігі үшін жалақы көлеміне сай 30 пайыздан 50 пайызға дейін ақы төленетін болады. Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдар ұстаздарының демалысы 56 күнге ұзарды. Одан бөлек, педагогтарға негізсіз тіл тигізгені үшін айыппұл қарастырылған» деді.
Жаңа заң туралы пікірімен Көлік және коммуникация колледжінің директоры, мәслихат депутаты Зулфухар Гаипов бөлісті.
«Бізге заңның 8 бабының 4-тармағы ұнайды. Ол бойынша негізгі жұмыс орны мемлекеттік мекеме болатын педагогтарға философия ғылымдарының докторы дәрежесіне, сондай-ақ ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі үшін 17 АЕК (45 мың теңге), ғылым докторларына 34 АЕК (90 мың теңге) көлемінде ақы төленеді деп айтылған. Бұл педагогтар үшін үлкен ынталандыру» деді ол.
Сондай-ақ Бақтияр Мәкен өз сөзінде «Педагог мәртебесі туралы» заң – педагогикалық қауымдастықтың беделі мен еліміздегі әрбір ұстаздың рөлін нығайтуға бағытталған маңызды қадам екендігін жеткізді. «Педагогтардың жағдайын жақсартатын барлық нормалар бекітілді. Мұғалімдерге халықаралық олимпиада жүлдегерлері үшін үш лауазымдық жалақы мөлшерінде біржолғы сыйақы түрінде көтермелеу қарастырылған. Әрбір бап нормативтік-құқықтық актілермен бекітілген. Олар іс жүзінде орындалады. Аталмыш нормалар балалармен жұмыс істейтін барлық тұлғаларға қатысты» деді. Әкім орынбасары заңда педагогтардың кәсіби қыз­метіндегі құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілгенін, материалдық қамтамасыз ету, көтермелеу мен әлеуметтік кепілдіктерге қатысты нормаларды қамтитынын баяндады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды