Жаңа заң жемқорлыққа тұсау сала ма?

0 24

Білім саласында екі үлкен өзгеріс. Сенат депутат­тары бірнеше маңызды жаңа нормаларды қамтитын заң жобасын қарастырып, мақұлдады. Енді мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтар конкурс арқылы қабылданады. Сондай-ақ директорлардың бір орында өте ұзақ отыруына байланысты мәселе заңмен реттеліп жатыр. Бұл аталған заң жобасы білім беру жүйесіндегі жемқорлық пен тамыр-таныс­тықты ауыздықтай ала ма?

– Менің ойымша, бұл құжатта сала мамандары үшін аса маңызды болып табылатын екі ерекше норма бар. Соларға тоқталып өтейін: Біріншісі педагогтарға қатысты. Енді мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтарды конкурс арқылы қабылдау енгізіледі. Яғни мұғалімді жұмысқа қабылдауға қатысты шешім тек директорларға тәуелді болмайды. Қазіргі таңда педагогтарды жұмысқа қабылдау бойынша қолданыстағы жүйе ашықтық қағидаттарына толығымен сай деп айтуға келмейді, сәйкесінше сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берілуі мүмкін. Мәселен, кейбір өңірлерде бір пән бойынша бір ставканы төрт мұғалімге бөліп береді. Бұл өз кезегінде білім беру сапасына кері әсер етеді. Сондықтан мұндай фактілердің алдын алу үшін педагогтарды жұмысқа конкурс арқылы іріктеп, барлығына түсінікті әрі ортақ ереже бойынша қабылдау көзделді. Ережеде конкурстық іріктеудің нақты қағидалары бекітіледі. Бұл жұмыс цифрлық технологиялардың көмегімен автоматтандырылады. Сәйкесінше педагогты жұмысқа қабылдау туралы шешімді бір ғана адам емес, көпшілік қабылдайтын болады. Педагогтардың кәсібилігіне және барлық талапқа сай болуына ден қойылады, – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Мұғалімдердің конкурс арқылы әділ жұмысқа қабылданатынына тек білім беру саласының қызметкерлері ғана емес, ата-аналар да дән риза. Екі баланың анасы Гүлжан Амангелдіқызы сапалы білім сапалы мұғалімнен басталады деп санайды. «Білікті деген мұғалімдерді конкурспен қабылдаса, білім жүйе­мізде де біршама ілгерілеу болар еді. Қазір кейбір мұғалімдердің жұмысқа ақшамен, таныспен кіретіні жасыратын жағдай емес. Содан барып мұғалім деген атқа кір келтіріп жүргендер шығады. Жақсы ұстаздар жоқ емес, бар. Бірақ жаңағыдай адасып келгендер құртады абыройды. Сосын бір басына екі ауысым алып, сағатын көбейтіп алған мұғалімдердің де ісін қолға алса жақсы болар еді. Әйтпесе ақшаға бола соншама сағат алып алғандар қандай білім беріп жарытады?! Робот емес қой. Негізі, директоры жақсы мектептің білімі де жақсы болады. Оған көзім жеткен» дейді ол.
Екінші норма басшыларға қатысты. Енді мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау енгізіледі. Ротациялау институты мемлекеттік қызметте, бизнес құрылымдарында және басқа да бағыттарда енгізілген. Басшылардың жылдар бойы бір лауазымда отыруының өз артықшылықтары да бар, кемшіліктері де көрініс тауып жатады.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + 15 =