«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаңа заң: адвокаттар не үшін алаңдады?

0 529

Бір жылдан бері қызу талқыланып, әр бабы, әр бөлігі зерделенген «Адвокаттық қызмет және құқықтық көмек көрсету» туралы заң жобасына жуырда ғана қол қойылды. Әрине, аталмыш заң аясында адвокаттар қоғамдастығы тарапынан кейбір тұстарына келіспеушіліктер көп болды.

 

Кейбір әріптестер заң жобасын талқылау барысында «Кей істерге адвокаттық құпия деген ұғым «жүрмейді», сондықтан егер жоба осылай қабылданса, адвокат клиентіне қарсы куәлік етуге міндетті болады» деген пікірлер білдірді. Яғни, жобаның 38-бабында «Қазақстан Республикасының «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес, қаржы мониторингі жөніндегі құзырлы органға мәліметтер мен ақпараттар беру адвокаттық құпияны жария ету болып саналмайды» деп жазылған.
Бірқатар адвокаттарды тәр­тіптік комиссиялардың жаңа құрамын енгізу жоспары да алаң­датты. Жобада адвокаттар­дың әрекетіне әлгі комиссияларда азшылық болатын әріптестері ғана емес, енді судьялар да, әділет министрлігінің өкілдері де баға береді деп жазылған.
Сонымен қатар, жергілікті адвокаттар алқаларының төрағаларын алаңдатқан жайттың бірі- адвокаттардың алқаға мүше болу үшін төлейтін кіріс жарнасын алып тастау болды. Бұрынғы заңның талаптары бойынша кез-келген адвокаттық қызметпен айналысқысы келетін заңгер алдымен біліктілік емтиxанынан өтіп, алқада 6 ай тағлымдамадан өтуі тиіс. Тағлымдамадан өту – ақылы. Тағлымдама аяқталған соң, комиссияның оң бағасын алса, сол қорытындымен Әділет министрлігіне барып, адвокаттық қызметпен айналысуға құқық беретін лицензияны алып, алқаға мүшелікке өту үшін
840 000 теңге мүшелік жарна төлеу керек. Ай сайынғы жарна тағы бар. Ал қазіргі қабылданып отыр­ған жаңа заңда ол жағдайлар түгел алынып тасталған. Яғни, біліктілік емтиxанын тапсырып, адвокат болғысы келетін заңгер азаматтар алқаға кіру үшін мүшелік жарна төлемейді. Тегін кіреді.
Бұрынғы адвокаттық қызмет туралы заң ережесі бойынша тәртіптік комиссия құрамы адвокаттардың өздерінен ғана түзіледі. Судья немесе полиция үстімізден шағым жазса, адвокаттар әріптесінің әрекетінен ешқандай заң бұзушылық таппай, жаза қолданудан бас тартатын жағдайлар бізде жиі болады. Жаңа заң тәртібімен тәртіптік комиссия алты адамнан – екі судья, екі әділет министрлігі өкілі және екі адвокаттан құрылады. «Төрт адамның дауысына екі адамның дауысы қарсы болады, ал судьялар мен әділет минис­трлігінің өкілдері үнемі бірге болады. Сондықтан тергеуші немесе соттың әрекетіне қарсы шыққан қолайсыз адвокаттар тез арада лицензия­сынан айырылады» деп жаңа заңның осы пункттеріне қарсы болған әріптестер де болды. Мен бұрынғы сот саласының өкілі, бұрынғы судья ретінде бұл пікірді қолдамаймын. Судьялар өзіне қарсы шыққан адвокаттарды лицензиясынан айыруды мақсат тұтып алған деп айта алмас едім. Иә, істерді қарау барысында, процесс барысында судья мен қорғау­шының пікірлері бірдей бола бермейді. Сотты да ақтамаймын. Бес сау­сақ бірдей емес. Судьялар да ет пен сүйектен жаратылған пенде болғасын, олардың ішінде аласы да, құласы да бар. Сол сияқты барлық адвокаттар да бірдей емес. Халықтың мұң-мұқтажын өз мүддесінен жоғары қойып, құқығы тапталып жатқан қарапайым қорғансыз адамдарды жанын сала қорғайтын, өз ісіне берілген адвокаттар да бар. Керісінше, қайтсем пайда көрем, қайтсем көбірек ақша алып қалам деп, онсыз да басына сынақ түсіп, сарсаң болған азаматтарды алдап, арбап, соңғы тиынына дейін санап алып, түк бітірмейтін әріптестер де жоқ емес, өкінішке орай. Әрине, сондықтан адвокаттарға жаңа заңның сондай әрекеттерге тосқауыл қойған тұстары ұнамауы-заңдылық.
Десе де, бір жылға жуық қызу талқыланған заң қабыл­данды. Жарна төленбейтін болды. Бұл адвокаттар үшін жағымды жаңалық. Адвокаттық алқаға мүше болғысы келетін, бірақ кіріс жарнасын төлеуге қаражат жоқ, ынталы, білімді жастар өте көп. Сондай жандарға жол ашылу керек, кәсіби шыңдалуына мүмкіндік берілген жөн. Осы тұрғыдан алғанда, қабылданған жаңа заңның ұтымды тұстары көп.
Ертеректе адвокаттардың бәрі – клиент пен судья, прокурордың ортасында жүретін делдалдар деген пікір болған. Бірақ өз ісіне адал адвокаттар бар екенін, адвокаттардың көп нәрсеге қол жетікізе алатынын дәлелдеп жүрген білікті әріптестеріміз жеткілікті. Қазір халықтың сенімі оянып, адвокатураның беделі өсті. Адвокаттар сот қателіктері, тергеу қателіктері туралы ашық айта алады. Бұрынғыдай емес қазір адвокаттардың беделі күннен-күнге артып келеді. Адвокатура саласы бұрынғы судьялармен, прокуратура, тергеу қызметкерлерімен толығып келеді. Аталған салалар бір-бірімен тығыз байланыс­ты. Ол саланы жетік білетін мамандардың адвокатура саласына келуі – жан-жақты кәсіби дамуға үлкен ықпалын тигізері сөзсіз.

Ләззат АХАТОВА,
Астана қалалық
Адвокаттар алқасының мүшесі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды