Жаңа заманға – озық технология

0 239

Астанадағы мұнай, тамақ және жеңіл өнеркәсібі технологиялары бойынша мамандар даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны – Қазақ технология және бизнес университеті келешекте атқарылар білім беру, қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік жұмыстар ауқымына «Қазақстан-2050» стратегиясын басты бағдар, негізгі өлшем етіп алды. Жолдаудан туындайтын мәселелер университет кеңесінде талқыланып,  іс-шаралар бағдары белгіленді. 

2011 жылы қабылданған жаңа «Ғылым туралы» Заңда ғылымды бас­­қарудың бес басым бағыты анықталған. Осыны жүзеге асыруға бай­­ланысты мемлекет комақты қар­­жы бөліп келеді. Мысалы, осы са­лаға 2010 жылы 20 миллиард тең­ге бөлінсе, 2012 жылы ол 48 мил­лиард­қа жетіп, отандық ғылымды дамыту тетігі жүйеленді. Олар: әлемдік ғылыми-техникалық ақпа­рат­қа қол жеткізу, Қазақстанға шетелдік аса танымал ғалымдарды шақыру, ғылыми ұтқырлықты дамыту, жоғары рейтингті журналдарда мақалалары жариялаған ғалымдарды ынталандыру, жастарды тарта отырып еліміздің ғылымын өркендету.

Біздің ҚазТБУ – ұлттың орын­дал­ған армандарының бірі. Ол —­ Алматы технологиялық институтының филиалы негізінде 1998 жылы ашылған техникалық университет, солтүстік аймаққа 18 мамандық бойынша бакалаврлар, 5 мамандық бойынша 200-дей магистрлар даярлауда. Колледжімізді 10 мамандық бойынша жас кадрлар бітіріп шығуда.

Ел дамуына қатысты Президен­ті­міз қаншалықты биік мақсаттарды, асқақ армандарды алға шығарса, уни­верситетіміз мамандар даярлау, сонымен бірге ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргі­зу­ге де талапты күшейтті. Оннан астам ұлт өкілі топтасқан білім бе­ру мен­ ғылым ордамызда сол талап­қа сай болу басты парыз саналады. Мі­не­ки, осылайша бір мақсатқа жұмылған ұйым Болон келісімі – Magna Charta Universitaum сияқты беделді халықаралық ұйымдарының қағидаларын орындауда. Іргелі білім мен жоғары кәсіби білікті болашақ мамандар даярлау жолындағы профессорлық-оқытушылар құра­­мын­­да қызмет көрсетушілердің 56,8 па­­йызының ғылыми дәрежесі немесе атағы бар.
ҚазТБУ бәсекеге қабілетті болашақ мамандар даярлау барысында іргелі отандық және шетелдік өнеркәсіптік кә­сіпорындармен, мемлекеттік ұйым­дармен берік байланыс ор­нат­қан. ҚазТБУ студенттерінің тео­рия жүзінде алған білімдерін тә­­жірибе тұрғысында шыңдауына зор мүмкіндік жасалған. Олардың кәсiби тәжiрибесi университеттің келiсiмшарты бойынша қаланың 107 кәсiпорындарымен, олардың iшiнен 3 жылға ұзақ мерзiмді 98 келiсiмшарт жасалған. Еліміздің бiлiм беру мекемелерiмен бiздің мамандықтар бойынша 15 меморандум жасалған. Студенттер отандық жүзден аса кәсіпорындарда және өзге де мекемелерде өндірістік іс-тәжірибеден өте алады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті тағайындаған стипендия иегерлері Гюзаль Бегдерова мен Дарья Крохолева жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге де атсалысуда. Студенттерге ректор гранттары, жатақханада әлеуметтік қорғау жеңілдіктері қарастырылған.

Қазақстан Республикасы­ Прези­ден­тінің сайлауында белсенділік танытқандары үшін Қазақстан Рес­­пуб­ликасы Президенті Н.На­­зар­­баевтың алғыс хатымен (сту­­дент­­­­­­теріміз Ғалымжан Исма­ғұ­­лов және Лаура Меңдіғалиева) жә­­не оның Іс басқармасы атынан ма­­рапат­­талғандар баршылық. XІІ­­ халықаралық «Шабыт» шы­­ғар­­машылық фестивалі қалып­­тас­қан дәстүр бойынша «Сәндік қолданбалы өнер» көрме-байқауға 200-ден астам суретшілердің шы­­ғар­­машылық-туындылары 4 күн бо­йы шеберлік сыныбы, дөңгелек стол, деректі дизайн фильмдер кө­­рер­­мендер назарына ұсынылды. Нә­­­тижесінде дизайн мамандығының студенттері Р.Омарова, С.Толметов, Т.Шайхин қатысып сетификаттармен марапатталды.

Алматы қаласында Республикалық ғылыми-форум – «Ақ бата», «Королева паутины», «Весенняя капель», «Реанимация весны» конкурсына қатысқан дизайнерлеріміз жүлделерді иеленсе, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де ҚР-ның сәулет, дизайн және бейнелеу өнері саласында өткен қалалық «Тәуелсіздік тынысы» шығармашылық көрмесіне қатысқан студентіміз Әйгерім Исаева «Алтын ине» номинациясының иегері атанды. Астанадағы «Көрме» орталығында «Ғылым және білім беру-2012» атты көрме өткізуге технология және экономика фа­­куль­тетінің оқытушылары мен сту­­дент­­тері өз қолдарымен жасаған кондитерлік тағамдар және нан өнімдерін сөреге қойып келушілерге жарнама ретінде көрсете білді.

Жаңа жыл қарсаңында мүгедек балалар үйіндегі кемтар балаларға мейірімділік, демеушілік жәрдем беру мақсатында оларға арнап ертегілер кейіпкерлерінің бейнесі сомдалған 25 дана жаңа жылдық костюмдер тігіліп сыйға тартылды.

Екі қолға – бір жұмыс – осы күні әлеуметті толғандырған өзекті мәселе. Бұл ретте халықты жұмыспен қамту мемлекеттік маңызды сая­­сат­­тың бірі болуы – заңды. Мем­лекеттік дең­­гейдегі мәселе бол­­ғандықтан, арнайы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қа­­был­­данды. Бұл бағ­­дар­­ламаның діт­­тегені – жұмыссыз азаматтарды еңбекке бейімдеп, жұмысқа орналастыру. Соңғы жылдары «Жол картасының» шарапатын көрген азаматтар аз емес. Осы мақсатта Университет жанындағы Орталықта аталған бағдарламаны іске асыру барысында мыңнан аса тыңдаушыларға оншақты жұ­мыс­­шы мамандықтары бойынша куә­­­ліктер берілді. «Кадрларды қайта даярлаудың курсын бітірушілердің тоқсан пайызынан астамы жұмысқа орналасу қуанышына ие болды» дей­­ді аталған орталықтың админис­­тра­­торы магистрант Сәния Жұма­ди­лова.

Әлемге әйгілі әл-Фараби: «Ғалым адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет ету» деген екен. Тәуелсіздіктің 21 жылдығында ғалымдарымыз осы сөздің растығын дәлелдеді. Экономикамыздың қиын кезінде де ғылымнан қол үзбей, ел болашағына қызмет етті. Енді жаңа тыныс, жаңа мүмкіндіктер ашылды. «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойылған міндеттер индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру жаңа биіктерді бағындыруға жұмылудамыз. Қазақстан ғылымы мен білімі қазір тарихи кезеңді бастан өткеріп отыр. Оның тарихилығын халқымыз бен Елбасымыздың «мәңгілік ел» мұратына қызмет ету анықтайды. Қазір біздің саламыз түбегейлі жаңару, жаңғыру үстінде, демек, жаңа биіктерге жете бермек.

Пернебек ОШАҚБАЕВ,
қазақ технология және бизнес университетінің профессоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × five =