ЖАҢА ВОКЗАЛ – ТАРТЫМДЫ ЖОБА

0 266

Астанада жаңа темір жол вокзалын салу мәселесі бірнеше жыл бұрын көтеріліп, жобасы қағазға түскен болатын. Оны көргендер вокзал заманауи талаптарға сай, әсемдігінен бөлек қауіпсіздігімен және сыйымдылығымен де ерекшеленетінін болжап жүрді. Болжамның дәл немесе теріс екенін білетін уақыт алыс емес. Жақында вокзал құрылысын Түркияның «Сембол» компаниясының қазақстандық филиалы қолға алды. Олар 181475 шаршы метр аумақта жұмыстарын жүргізбек. Осыны таратып айтсақ, вокзал ғимаратының жалпы аумағы 33670 шаршы метрді алса, вокзал маңы автотұрақпен бірге 137134 шаршы метрге жеткізілмек. Оған коммерциялық мақсатта пайдаланатын 15302 шаршы метрді қосыңыз. Вокзалдың жолаушыларды өткізу қабілеті тәулігіне 12000-35000 адам болса, ғимарат ішіне 2500 жолаушы емін-еркін сыйып кете бермек.

Құрылыс жұмыстарын елор­дада дүбірлеп өтетін «ЭКСПО» халықаралық көр­­месіне дейін, яғни, 2017 жылы аяқ­­­тау жоспарлануда. Вокзал орналасатын орын – Мыңжылдық аллея­сы аумағында қазір тіршілік қызу қай­нап жатыр. Экскаваторлар жер қыр­­ты­сына шөміштерін батырып, алын­ған қабатты жүк көліктеріне артуда.

Соның басы-қасында жүрген «Сембол» компаниясының өкілі Бели Серин жұмыстың бастал­ға­нына қуанатынын жеткізді. Оның сөзінен түріктер өздеріне сеніп тапсырылған істің жауапкершілігін жете сезініп отырғанын ұқтық. Ең бастысы да сол емес пе?! Атқары­лар жұмыстардың барысымен таныс­тыр­ған Бели мырза бәрінен бұрын құрылыс алаңын ретке келтіру жү­ріп жатқанын айтты. Жан-жағы­мыз­ды барлап, оны өзіміз де көрдік. Шұң­қырлар тегістеліп, топырақ үйі­ліп жатыр. Маңайдағы көлшік­терге құм себіліп, судан құрға­тылуда.

Құрылыс аумағының әжептәуір болатынына да көз жеткіздік. Осыншама аумақты игеру оңай болмайтынын да болжадық. « Біз қателіктерге жол бермейміз. Сеніп тапсырылған іске олақ қарау компаниямызға жат. Құрылыс ережелеріне сүйеніп, көзделген мақсаттан ауытқымауға тырысамыз» деді Бели Серин. Инфра­құрылымнан да хабар беріп, коммуникациялар жедел тарты­латынын, қос жолақ рельс пен автокөлік жолдары төселетінін де айтып өтті. Сол мақсатта құрылыс алаңында экскаваторлардан бөлек бульдозерлер, тиегіш және тегістегіш техникалар, автогрейдер мен кран да жүр. Әсіресе, «Камаз» көліктері біраз бар екен.

Жұмысшылардың саны 100-ге жақын. Болашақта оларды 1000-2000 адамға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын айтты мердігер компания өкілі. Жалпы, жаңа вокзал Бели Сериннің Астанада салып жатқан алғашқы нысаны емес екен. «Қазмедиа» орталығының құрылысында да оның қолының табы қалған.

Вокзал жобасына кеңірек тоқталсақ, оның сызбасын Санкт-Петербургтегі «Студия 44» сәу­лет өнері шеберханасы жасаған. Конкурсқа түскен он жобалау ком­­паниясының арасында осылар же­ңім­паз атанды. Олар өздері­мен бә­секеге түскен Германия, Австра­лия, АҚШ, Қазақстан және Түр­кия­дағы әріптестерін басып озды.

Елорда басшылығына ресейліктер ұсынған жобасы несімен ұнаған? Ілгеріректе «Студия 44» сәулет өнері шеберханасының жетекшісі Никита Явейннің сұхбатын оқыған едік. Сонда ол: «Астанадағы жаңа вокзалдың ең тартымды бөлігі – арка болады. Оған қараған жан бірден қазақ сияқты көшпелі халықтың тұрмысынан хабар алады. Арқаға кереге элементтерін қосып, ол вокзал мен оған әкелетін жолдар арасындағы кемпірқосақ секілді иіліп тұрады. Мұнымен Астананың кеңдігін және әлемдегі теңдессіз қала атануға ұмтылысын көрсетпекпіз. Ол арқылы Қазақстандағы таулар мен қорғандардың елесін байқатпақсыз. Сонымен бірге, көшпенді мәдениетке етене жақын ертоқым мен садақ эле­менттерін де енгізбекпіз» деген еді.

Вокзал ғимараты бес қабаттан тұрады. «Жоба мазмұны бойынша вокзал жай ғана темір жол бекеті емес, елорданың жерүсті бас қақпасы ретінде сипатталады. Онда адам молынан шоғырланып, көліктің түр-түрі бірнеше бағытта жолаушыларға қызмет көрсететін болады. Пойыздардан бөлек қоғамдық көліктер, вокзалды әуежаймен қосатын трамвай жүйткиді. Вокзал ғимаратының бір жағында сауда қызу жүріп, қонақүй, бизнес орталығы, ойын-сауық нысаны өзара үйлесім таппақ. Яғни, ол маңайда іскерлік орта да қалыптасатын болады. Не керек, кім-кімнің болса да, Астана дегенде есіне бірден жаңа вокзал түседі» дейді «Қазақстан Темір жолы» ұлт­тық компаниясының Ірі жобаларды жүзеге асыру дирекциясының директоры Владимир Клинг.

Астана қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының ақпараты бойынша елорданың болашақта ірі халықаралық көліктік- логистикалық орталыққа айналу мүмкіндігі зор. Жаңа вокзал Еуропа мен Азия елдері арасында сауда-экономикалық, мәдени және ғылыми-техникалық байланыс орнатуға даңғыл жол ашады. Яғни, халықаралық көліктік-коммуникациялық дәлізге айналмақ.

Түйіндей айтқанда, жаңа вокзал ақын Рахат Әбдірахмановтың «Вокзал сынды солғын бақ…» деп бас­талатын өлең жолдарымен мүлде сәйкеспей, абат мекенге айналмақ.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + seventeen =