Жаңа ұйым, жаңа қадам

0 20

Өткен жұма күні бүкіл түркі дүниесі көз тіккен түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммиті Түркияның Ыстанбұл қаласында ашылды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның төрағалығымен өткен бұл кеңеске Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің басшылары, сондай-ақ бақылаушы ел ретінде Мажарстанның премьер-министрі мен Түрікменстанның президенті қатысты. Түбі бір түркінің тұқымы бас қосқан бұл жиналыста түркі кеңесінің құрметті төрағасы, Елбасы Н.Назарбаев бейнеүндеу жолдап, «Түркі әлемінің даму тарихындағы жаңа дәуір басталғанын» айрықша атап өтсе, «Біз татулықтың жаңа кезеңіне қадам бастық» деп сөз бастаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңестің келешегіне қатысты өрелі ойлары мен ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.

6140a90acf3c36140a90acf3c416316275306140a90acf3c06140a90acf3c1

«Цифрлық технологиялар дәуіріндегі жасыл технология­лар мен ақылды қалалар» тақырыбында өткен бұл саммитте түбі бір түркі баласының басын қосқан ұйымның атауын «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп өзгертуі, сондай-ақ түркі әлемінің 2040 жылға дейінгі стратегиялық құжаты қабылдануы дү­йім жұртты дүр сілкіндірген жаңалық болды. Түркі тілдес мемлекеттердің сөзден іске көшіп, ұйымға жаңа атау беруі ұлы одақтың халықаралық аренадағы позициясын нығайтуға және оның қызметін кеңейтуге көрсететін ықпалы да айрықша екені айтпаса да белгілі. Ендеше досты қуантып, дұшпанның ұйқысын қашырған жаңа ұйымның болашағы қандай, бұл ұйымның құрылуына Қытай мен Ресей қандай реакция танытуы мүмкін деген тақырыпты тарқатып көрейік.

Түркі кеңесі қандай нәтиже берді?

Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы қаулыға 2009 жылдың 3 қазанында Әзербайжанның Нахичевань қаласында өткен түркі тілдес мемлекеттер басшыларының 9-саммитінде қол қойылды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев­тың ұсынысымен құрылған бұл ұйым өткен 12 жылда Орталық Азиядағы түркі тілдес мемлекеттер мен Түркия арасындағы сан-салалы байланыстың қарқын алуына үлкен септігін тигізді. Алғашында кеңеске Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан елдері мүше болды. 2018 жылы Венгрия «байқаушы ел» мәртебесін алса, 2019 жылы Өзбекстан республикасы түркі кеңесіне қосылды.

Түркі кеңесі аясында көптеген жұмыстар атқарылып, түркі тілдес мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас­ты нығайта түсті. Айталық, кеңеске мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлік пен туризмді өрістету мақсатында 4 жұмыс тобы өз қызметін бастады. 2011 жылы түркі кеңесінің іскерлік кеңесі құрылды. Түркі кеңесіне мүше елдердің мәдени және тарихи қалаларына 14 күндік саяхат – «Қазіргі заманғы жібек жолы» арнаулы бірлескен жобасы іске қосылды. 2019 жылы елордада өткен астана экономикалық форумында түркі сауда-өнеркәсіп палатасын құру туралы құжатқа қол қойылды. 2010 жылы түркі дүниесін зерттейтін ғылыми орталық – Түркі академиясы ашылды. 2014 жылы Әзербайжанда Түркі мәдениеті және мұрасы қоры құрылды. Түркі тілдес халықтардың мәдени-тарихи байланыстарын нығайта түсу үшін бүкіләлемдік көшпелілер ойыны да үнемі өткізіліп келеді. 2008 жылдан бері кеңес аясында қызметі парламент­аралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған түркі тілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы өз жұмысын бастады. 1993 жылы құрылған халықаралық түркі мәдениеті ұйымы да түркі тілдес халықтардың арасындағы рухани байланыстарды жандандыруға тың серпін берді. 2014 жылы Н.Назарбаев түркі тілдес мемлекеттердің ортақ телеарнасын құру бастамасын көтерді. Мұны кеңеске мүше елдер түгел қолдағанмен, әртүрлі себептерге байланысты ортақ телеарна бүгінге дейін құрылған жоқ.

Сауда-саттықта да серпін берді

Түркі ұйымына келер жылы мүше болатын Түрікменстан Республикасын қоса есептесек, ұйымға мүше елдердің жалпы халық саны 180 миллионнан асады. Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл үлкен нарық саналады. Қазірдің өзінде түркі елдерінің жалпы сауда көлемі – 21 миллиард доллар. Бұл бүкіләлемдік сауданың 3 пайызын құрайды. Болашақта бұл көрсеткішті 10 пайызға дейін өсіру жоспарланып отыр. Осы реткі басқосуда Түркия президенті Ердоғанның «құрлық, әуе, теңіз жолдары арқылы тығыз байланыста болмасақ, көрнекті нәтижеге қол жеткізе алмаймыз» деп қадап айтқанын ескерсек, болашақта ұйымға мүше елдер арасындағы сауда-саттық көлемін арттыру үшін жаңа сауда жолдарына басымдылық берілетіні анық.

2020 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласы мен Қытайдың Шанхай қаласын жалғайтын темір жол желісі іске қосылғаны белгілі. Екі құрлықты, екі теңізді, 5 мемлекетті ендей өтіп, жалпы ұзындығы 8700 шақырым жолды 12 күнде еңсеруге мүмкіндік беретін бұл темір жол желісі – Еуропадан Қытайға баратын ең қысқа жол. Жаңа линия Ыстанбұлдың Черкезкёй темір жол вокзалынан басталып, Мармарай тоннелі арқылы Босфор бұғазынан өтіп, Анкара арқылы Түркия мен Грузия шекарасында орналасқан Карсқа жетеді. Осы жерден 2017 жылы іске қосылған жаңа Карс-Тбилиси-Баку көлік дәлізіне қосылады. Каспий жағасына жеткеннен кейін су жолы арқылы Қазақстанның Ақтау портына ат басын тірейді. Одан әрі Қазақстанды басып өтіп, Циян провинциясы арқылы Шанхайға жетеді. Әрине, бұл тасымал бағытының Қытай мен Түркия үшін ғана емес, ортадағы Қазақстан, Әзербайжан елдері үшін де тиімділігі көп. Қытай мен Түркия тауар тасымалы жағында уақыттан және жолақыдан ұтса, ортадағы елдердің қоржынына әрі-бері өткен жүктен түсетін кедендік салықтың өзінен қыруар пайда қалады. Сондай-ақ бұл жол алдағы уақытта түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы сауда-саттықты жандандыруға, шұғыл жағдайда гуманитарлық тұрғыдан тез көмек көрсетуге де кең жол ашады.

Таулы Қарабақ соғысының жеңісі Түркияның Орталық Азия нарығына шығатын жолын кеңейтіп қана қоймай, түркі елдері жұдырықтай жұмылса, ешкімге жем болмайтынын анық аңғартты. Шыны керек, түркі мемлекеттері 30 жыл бойы Түркі Одағын құрудан жасқанып келді. Әсіресе, қашанда Ресейдің қас-қабағына қарайтын Орталық Азиядағы елдер Түркиямен жақындасамын деп орыс пен қытайдың кәріне жолығудан қатты алаңдайтын. Түркі кеңесінің бірден одақ болып құрылмай, ұйым болып ұйысуының арғы жағында да осындай мәселе жатыр. Дегенмен соңғы жылдары Ресейдің Батыстың санкциясына ілінуі және халықаралық сахнада Түркия ықпалының үздіксіз артуы, сонымен қатар Түркияның Орталық Азияда өз ықпалын қалыптастыруға күш салуы Орталық Азиядағы елдердің экономикалық сауда қатынасын жаңа бағытқа бет алдыруына мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде Ресей ықпалындағы кеден одағының ірге кеңейтуіне тежеу рөлін атқарып, одақта рықсыз орында тұрған Қазақстанның Ресей «ұзын сызса жүріп, қысқа сызса тұратын» жағдайын өзгертуіне де үлкен мүмкіндік береді.

Көршілердің көңілі күпті

Түркі ұйымынан Қытай мен Ресейдің айрықша секем алатыны айтпаса да түсінікті. Атап айтқанда, Ресей қырғыз, қазақ, өзбек, түрікмен, әзербайжан елдерінің Мәскеуден ақырын-ақырын алыстап, «алты мемлекет, бір ұлт» саясатын атқарып отырған Анкараның төңірегіне топтасуынан алаңдаса, Қытай Түркияның Орталық Азиядағы ықпалының артуын, сондай-ақ түркі халықтарының бірлесуін өзіне үлкен қатер санайды. Оның үстіне, түркі елдері арасындағы байланыс тек экономика, мәдениет, ғылым-техника саласымен ғана шектелмей, әскери саладағы ынтымақтас­тықты да нығайта түскені, дәлірек айтқанда, Әзербайжан, Түрікменстан елдерінің Түркияның жаңа қаруларын сатып алуы, қазақ, қырғыз, өзбек елдерінің де Түркияның «байрактар» сынды заманауи соғыс құралдарын алу үшін келіссөздер жүргізе бастауы бұл елдерді «уақыты өткен» ескі қару-жарақпен жарылқап отырған Ресейдің мазасын қашырды. Қарабақ соғысы да тек Ресей қаруына сүйенудің күні өте бастағанын айқын аңғартты. Қарабақта ғана емес, Сирия мен Ливияда да алдын қайта-қайта орап кеткен түріктердің Орталық Азияға «тұмсығын тыққанымен» қоймай, Украинаға қару сатқанына іштей қатты қапалы. Кеше кеңес, бүгін ұйым құрған елдердің ертең одақ құру ойы да жоқ емес екенін орыстар да сезіп отыр.

Болашақта түркі ұйымы құрылатыны жөнінде 2006 жылдан бастап айта бастаған Қытай сарапшылары түркі ұйымын Қытайдың Орталық Азияға жасайтын ықпалына үлкен тосқауыл деп санайды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қытай түркі ұйымының экономикалық жақтағы рөлінен гөрі жағдайға жасайтын ықпалына барынша назар аударуда. Себебі қытайлар болашақта түркі ұйымы күшейсе, ұйғыр, қазақ, қырғыз, өзбек сынды 15 миллион түркі ұлты қоныс­танған Шыңжаңға да әсер жасауынан қатты алаңдайды. Оның үстіне, Орталық Азиядағы мемлекеттер тәуелсіздік алғаннан кейін аталған өңірде ұйғырлар да тәуелсіздікке ұмтылып, қанды қақтығыстар орын алды. Сосын да шығар, түркі ұйымы құрылғанда,
Қытай  басылымдары «Түріктер Осман түрік империясын қайта тірілтудің қамына кірісті» деген сыңайдағы мақалаларды қарша боратып, «Ұйғырлардың түркілермен ешқандай қатысы жоқ» деген саяси үгіт-насихатты үдетті. Сауда жағында одақтасқанмен, саяси жақта алыстан арбасып отырған Түркияның Орталық Азиядағы ықпалының кеңеюі де Қытайдың ұйқысын қашырып отыр.

Қытай соңғы кездері Ресей айналып Еуропаға шығудың, Пәкістан арқылы Батыс елдерімен сауда жасау қадамын жеделдетсе, қазіргі таңда өздері террористік ұйым деп санайтын тәліптерге көмектесіп, Ауғанстанды қайта құруға қыруар қаржы салып жатыр. Қытайдың мұндағы мақсаты – Орталық Азиядағы сауда жолы бөгелген жағдайда Ауғанстан мен Пәкістан арқылы Еуропа елдеріне, Араб түбегіне баратын жаңа жол ашу. Бұл да түркі ұйымының кері әсерінен сақтанудың тағы бір тәсілі деп тұспалдасақ теріс болмайтын секілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight + six =