Жаңа техникамен толықты

0 16

Астананың коммуналдық қызметтер паркі биыл 60-тан астам қар тазалағыш техникамен толықты. Оның ішінде жүкті өзі аударғыштар (самосвалдар), құм шашқыштар, автогрейдерлер, тракторлар бар. Естеріңізде болар, 2019 жылдың соңында осындай 70-ке жуық арнайы техника сатып алынған болатын. Енді көктем мен жаз мезгілдерінде пайдаланылатын тағы 50 арнайы машиналар мен көліктер алу жоспарланып отыр.Елорда халқы биыл қарға қарық болды. Қараша айының ортасынан бастап күнара үдеткен ақтүтек желтоқсан айында да толастамады. «Қазгидромет» РМК-тің хабарлауынша, 22 желтоқсанда бір тәулікте 60 сантиметр­ге дейін қар түскен. Міне, екі айдың жүзі болып қалды, қаланың коммуналдық қызметтері күндіз-түні күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Тіпті тәулігіне 27 мың шаршы метр қар шығарған кездер болған. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қар қалың жауған күндері 2 мыңға тарта жұмысшы, 1 мың­нан астам техника жұмылдырыпты. 6 қаңтардағы есеп бойынша қыс басталғалы 1520011 шаршы метр қар (126668 рейс) шығарылыпты. Бұл 2018 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 14,9 пайызға артық.
Мұндайда қар тазалаушы көліктердің жетіспей қалатыны белгілі. Оның үстіне коммуналдық парктегі техниканың 50 пайызға жуығының тозығы жеткен. Арқаның аязы бір жағынан, толассыз жауған қар бір жағынан қысқанда, ескірген машиналардан ақау көп шығады. Бұл еңбек өнімділігіне кері әсер етіп, көше-көшеде қардың шамадан тыс қордалануына, көліктердің қозғалысын қиындатуға әкеп соқтырады. Ал коммуналдық қызметтер паркінің жаңартылуы осы келеңсіздіктерді жеңуге, жолшылардың еңбегінің еселенуіне мүмкіндік береді. Бұл техника «ҚДБ Лизинг» АҚ-мен септесу және қаражатты үнемдеу арқылы сатып алынды. Бір айта кетерлігі, арнайы көліктердің көпшілігі – отандық өнімдер.
Арнайы техниканы сатып алуға бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінген. Ал қыс басталғалы қаланы са­нитарлық тазалауға, яғни қол күшіне, механикалық тазалау­ға, орам іштерін және саябақтар мен гүлзарларды қардан аршуға 1 млрд-тан астам теңге жұмсалған.
Жалпы елорданы қыста қардан тазалау жұмыстарымен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Отын-­энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық бас­қармасы жанынан құрылған «Астана Тазалық» ЖШС айналысады. Ол, негізінен, әкімдіктің тапсырысы бойынша жұмыс істейді. Кәсіп­орынның қол астында 344 автокөлік пен арнайы техника бар, мұның 224-сі – меншігінде, 120-сы – шартпен бірлесіп қызмет көрсететін машиналар.
Осы салада жалданып жұмыс істейтін шағын серіктестіктер мен жеке кәсіпкерліктер көп. Қар тазаланатын жердің орналасқан ауданы, полигоннан алыстығы, жанар-жағармай шығыны, т.с.с. қарай олардың әр шаршы метрге белгілейтін тарифтері әртүрлі: 1,5 – 2 мың теңге. Қол күші қажет болса – 5 мың теңгеден жоғары. Сондай-ақ қораптарының ауқымына қарай қар таситын көліктердің сағатына шаққандағы бағалары да бөлек (5-10 мың теңге аралығында). Заң бойынша кез келген жеке кәсіпкердің қар тазалау қыз­метімен айналысуға қақысы бар. Тек, құзырлы органдар олардың жұмыстарын қадағалап отыруы үшін машиналарына GPS орнатуы тиіс. Қаланы санитарлық тазартуда олардың да қосып жатқан үлестері зор.
Сөз соңында айта кетейік, қар тазалау жұмыстарын жақсарту мақсатында қала әкімі Алтай Көлгінов жыл басынан бастап коммуналдық қызметкерлердің жалақысын 10-45 пайызға дейін көтеруге өкім етті. Оған қоса, жұмысшыларға еңбекақы төлеудің ынталандыру жүйесі енгізілді. Бұл жеке адамдардың және жеке бригадалардың жұмысын көтермелеп бағалауға, еңбектерінің тисінше еленуіне септігін тигізетіні сөзсіз.

Дәулет АСАУОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды