Жаңа театр елорданың руханиятын жандандырады

0 49

Елордада бой көтерген жаңа театр руханияттың отын маздатар өнер ордасы болмақ. Қаланың көркіне сәулет беріп қана қоймай, мәдениеттің мәйегіне айналар театр­дың ашылуын астаналықтар күн санап күтуде. Әсіресе, өнер майталмандары үшін бұл – керемет қуаныш әрі жауапкершілік. Осы орайда Қазақстанның халық әртісі Тілектес МЕЙРАМОВ біздің сұрағымызға жауап берді.– Тілектес аға, жақын арада елордада жаңа театр ашылмақ. Бұл қуанышты көп күттіңіздер ме?
– Бұл ең әуелі біздің халықтың, өнерсүйер қауымның қуанышы деп есептеймін. Өйткені біздің елордамыз­да, жас астанамызда мұндай еңселі ғимараттың бой көтеруі, әрине, бір ерекше құбылыс деп айта аламын. Өйткені бұл – баяғыдан бері айтылып келе жатқан нәрсе. Соның шешімі табылғаны бізді қуантады. Бұл, көрермендердің ұсынысын ескере отырып, осындай мәселеге бет бұрған Елбасымыздың еңбегі деп есептеймін. Өйткені расында да қай ұлт болсын, қандай мемлекетті алсаңыз, оның астанасында ең әуелі өзінің ұлттық театры болады. Ертеден келе жатқан Еуропа елдерін былай қойып, жас мемлекеттердің өзінде де, мысалы, ұлттық қазақ театрының болуы – заңды құбылыс. Бірақ енді әртүрлі себептермен біздің астанамыз­дың осында ауысқанына біраз жыл болса да, шешімін таппай келе жатқан мәселе еді, осы екі-үш жылда мәселе шешілді. Жақын арада құрылысы аяқталуға жақын. Асыға күтудеміз.
– Жаңа өнер ордасының шымылдығын ашуға дайындық қалай жүріп жатыр?
– Қазір енді бүкіл театр болып өз тарапымыздан сол басшыларымыздың, мемлекетіміздің осындай қамқорлығына біз де атсалысып жатырмыз. Жасыратын ештеңе жоқ, қалың көрер­мен хабардар. Өйткені қазір біз енді сол Абай өмірі туралы бүкіл режиссерлеріміз бар, актерлеріміз бар, соған жұмыла еңбек етудеміз, театрдың бүкіл труппасы қатысады. Басқа театрдан да адамдар шақырамыз ба деп отырмыз. Осындағы өнер ұжымы бар. Бұл енді жалпы мерекелік жақсы кеш болады деген ойдамын.
– Ұлы ойшылдың 175 жылдығымен тұспа-тұс келген жаңа театрдың тұсаукесері құптарлық іс сияқты…
– Әрине, бұл енді жалпы қай театр­ды алып қарасақ та, әсіресе үлкен театр­лардың паспорты деп айтуға болады. Тарихқа қарап үңілсеңіз, сонау көп жылдық тарихы бар ­М.Әуезов театры әрбір маусымын Абай спектаклімен ашады. Осы үрдіс Қ.Қуанышбаев театрында да сақталған. Біз, мінекей, 13 жылдай болды, әрбір маусымды Абай спектаклімен ашып келеміз. Көрерменге жақсы ұнаған спектакльдердің бірі, бірегейі деп ойлаймын. Екіншіден, бұл Абайға деген құрмет деп есептеймін. Бұл тек ақынның биылғы 175 жылдығына байланысты емес. Жалпы, қай қазақ болмасын, қай өнерде болмасын, біз Абайға соқпай өте алмаймыз. Өйткені осыдан бір жарым ғасыр бұрын қазақтың мұң-зарын ашып айтып кеткен. Өзінің сөзімен қарағанда, «мыңмен жалғыз алысқан» Абайға әрбір қазақ қарыздар деп есептейміз.
– Өзіңіз айтып отырсыз, барлық театр өнердегі қадамын ұлы ақыннан бастайды деп, ал жаңа театр Абай образын көрсетуде қандай ерекшеліктерді ұсынады?
– Біздің бұл спектакльді құрғандағы мақсатымыз – мүмкіндігімізше Абай даналығын өзге жұртқа насихаттау. Егер де ертең қолдау тауып жатса, шет елдерге шығып жатсақ, бұл енді Абай хакімнің алдындағы бір борышымыз орындалды деп есептер едік. Әрбір халықтың, өздеріңіз білесіз, мысалы, немістердің Гётесі бар, ағылшындардың Шекспирі бар, Шығыстың Конфуцийі бар, ал енді біздің мақтанышымыз, табынарымыз – ол Абай.
Он адамның тоғызы «Абай атамыз айтыпты», «Абай атамыз … деген екен» деп сайрай жөнелеміз, бірақ оның маңызы қандай, оның арғы жағында не жатқанына көп адам мән бере бермейді. Абай жолын, Абайдың қара сөздерін, кітаптарын, өлеңдерін насихаттай берсек, келешек ұрпағымызды дұрыс тәрбиелеуімізге де үлесімізді қосар едік. Өйткені Абай – біздің барымыз, Абай – біздің ұранымыз!
– Жаңа театрдың бой көтеруі сіздерге жаңа шабыт, шығармашылық серпін беретін шығар?
– Біз енді қызу дайындық үстіндеміз, театрдың тұрған жері де жақсы. Елбасының, Мемлекет, Үкімет басшыларының қамқорлығына еселі еңбегімізбен жауап беруге тырысамыз және сол үрдістен шығамыз деген сенімдемін. Мысалы, сол үрдістен шығуға біздің толық мүмкіндігіміз бар деп есептеймін. ­Қ.Қуанышбаев театры қай жағынан болмасын, репертуар жағынан, қазақ театрының туын ұстап келе жатқан бірден-бір ұжым екенін біз мақтанышпен айтамыз. Бұл театрда елге танымал, әбден толысқан, кемеліне келген режиссерлер жұмыс істейді. Ең бастысы, орта буын өкілдері, жастарымыз өте мықты. Біз Алматыдан болсын, өзіміздің университетімізден болсын, осы ­театрға үлкен талап қойып қабылдаймыз. Сол сенім білдірген жастардың барлығы қазір үмітті ақтап жүр. Ал жаңа театрдың аурасы бізге екі есе шабыт берері анық.
– Сіздерге шығармашылық ­табыс тілеймін!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × four =