©2020 Астана Ақшамы
ЖАҢА ТАЛАПҚА САЙ БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК
Сәрсенбай МЫҢБАЕВ, ҚР кәсіподақтары Федерациясы төрағасының орынбасары, Астана қаласы кәсіподақтары Кеңесінің төрағасы:
– Еліміздегі зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы өзгерістерге, әсіресе, әйелдердің зейнет жасына қатысты халық арасында әрқилы қисын айтылып жатыр. Бұл туралы елордалық кәсіподақ мүшелерінің пікірін білгіміз келеді…
– Тек біздің ғана емес, көптеген дамыған Еуропа, ТМД елдерінің көпшілігі әйелдердің зейнет жасын көтеруге мүдделі болып отыр. Осылайша зейнетақымен қамсыздандыру саласын жетілдіру арқылы ғаламдық үрдіске бейімделу үстінде. Себебі, жер шары тұрғындарының егде тартуы, олардың экономикалық белсенді халықтың санынан артуы белең алып келеді. Австрияда әйелдер зейнеткерлікке – 65 жаста, Данияда – 65 жаста, ал Ирландияда – әйелдердің зейнетке шығатын жасын 2028 жылға дейін біртіндеп 68 жасқа дейін көтеру көзделген.
Қазіргі кезде көптеген шетелдерде (Ұлыбритания, Германия, Франция, Норвегия, Швеция, Оңтүстік Корея, Чехия, Әзірбайжан, Украина, Эстония және т.б.) зейнет жасын арттыру есебінен зейнетақы жүйесін халықтың жасына бейімдеу пайдаланылады.
Бұл ретте Еуроодақтың 18 елінде әйелдердің зейнеткерлік жасы ер адамдардың зейнеткерлік жасына 2020 жылы теңестіріледі, бесеуі оны кейін жасауды жоспарлап отыр.
– Бүкіл дүниежүзіндегі қалыптасып келе жатқан үрдіске көпшіліктің үрке қарауының себебі неде деп ойлайсыз?
– Оның басты себебі халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізбегендіктен де болды. Сөйтіп, қарапайым тілмен айтқанда, «аспаннан жай түскендей» әсерде қалып отыр. Енді біреулеріне күні ертеңнен бастап 63 жастан зейнетке шығатындай көрінеді. Олай емес қой, бұл он жылдың ішінде жарты жылдан бастап көтеріліп отыратын болады.
Бұл, әрине, өте күрделі нәрсе, зейнет жасын жарты жылдан бастап көтергенмен, қордаланып қалған мәселенің түйіні бірден шешілмейді. Әйелдердің әлеуметтік мәселесі, еңбек қатынастары, жалақысының көлемі қайта қарауды талап етеді.
Әйелдердің жалақысы ерлермен салыстырғанда өте төмен. Әйелдердің 75-80 пайызы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласында еңбек етеді. Әйелдердің Жинақтаушы зейнетақы қорларындағы қаражаты орта есеппен 320 мың теңге болыпты дейді. Егер олардың жалақысын көтермесе, үстемеленген бес жылда қанша қаражат жинап үлгереді?
Әйелдерді 63 жаста зейнетке шығарудың тағы бір түйінді тұсы бар. Оның салдары жастар арасындағы жұмыссыздыққа апарып соғуы мүмкін. Өйткені, әркім өз орнында отырса, қосымша жұмыс орны ашылмаса, өскелең ұрпақ қайда барып еңбек етеді? Әйелдердің жұмыс істейтін саласындағы ерекшеліктерді де ескерген жөн. Ойлап көріңізші, 63 жастағы балерина, не 63-тегі цирк акробаты немесе 63 жастағы краншы қалай жұмыс істейді? Мұндай мәселеге Үкімет тарапынан да тың шешім қабылдау қажет. Бұл бағытта мемлекет тарапынан бағдарламалар жоқ емес, алайда, мәселе олардың тиімділігін арттыруда.
– Жаңа жобада жұмыс берушілердің де жауапкершілігін көтеретін, олардың әлеуметтік саладағы белсенділігін арттыратын шаралар қамтылған ғой. Сіз осының бәрі жеткілікті дәрежеде деп ойлайсыз ба?
– Еңбек жағдайлары зиянды жұмыспен айналысатын адамдарды зейнетақымен қамсыздандырудың жаңа схемасын енгізіп отыр. Ерекше жұмыспен айналысатын адамдар жұмыстарының ерекшеліктерін ескере отырып, олардың дербес зейнетақы шоттарына 15 пайыз зейнетақы жарналары түсетін болады деп жобалануда. Оның 10 пайызы қызметкердің жалақысынан және 5 пайызы жұмыс беруші есебінен жүргізіледі. Біз мұны тағы да 5 пайызға көтеру туралы ұсыныс енгізіп отырмыз.
– Қалай ойлайсыз, бұл бір жағынан жұмыс берушілердің жауапкершілігі, олардың жұмысшыға қолайлы жағдай жасау сияқты әлеуметтік мәселелерге мойын бұруына себеп бола ма?
– Жұмыс берушілердің жұмыскерлерге құрметін қалыптастыру керек. Қаламызда ондай кәсіпорындар жоқ емес. Мәселен, астаналық «Зеленстрой» акционерлік қоғамында әлеуметтік мәселелер біршама шешілген. Еңбеккерлерді жұмыс істеу орнына жеткізіп, кәсіпорын есебінен демалдырып, емдеп, балаларының демалысын ұйымдастырады. Мұндай қадамды тек қолдау керек. «Астанателеком», «Астана су арнасы» да осы мәселенің оң шешімін табуда. Мұндай кәсіпорындарда бастауыш кәсіподақ ұйымы да жұмыс істейді.
Қоғамдағы әлсіз жандардың орны лайықты бағаланған дұрыс. Әйелдерді отанасы дейді. Шаңырақтың берекесі – әйелден. Оны жаңа жүйедегі жобада ескеру керек.
Астана жағдайында, 50-ден астам адамы бар ірі және орта кәсіпорындарда және шағын (1-50 адамы бар) мемлекеттік бюджеттік мекемелерде, банктерде, сақтандыру ұйымдарында, қоғамдық бірлестіктер мен қорларда орташа есеппен 246,8 мың адам жұмыс істейді. Өндіріс орындары жоқ. Көбіне мемлекеттік қызметкерлер, қызмет көрсету орындарында, білім, денсаулық саласында қамтылған. Олардың жартысынан астамы – кеңсе қызметкерлері. Алайда, оларды ауыр қызмет атқаратын адамдармен салыстыруға келмейді. Коммуналдық салада, жылыту орталықтарында, құрылыстарда еңбек ететін әйелдердің жұмыс жағдайын жеңілдету керек. Бұл жаңа техника, жаңа технологиялар немесе басқа да кешенді нәрселер болуы мүмкін. Сайып келгенде, әлеуметтік әділдік болған кезде бұл мәселелердің тігісі жатып, ағымға сай жаңа стандарттар қалыптасады.
– Ал оның алғышарттары қандай?
– Оның басты шарты да, ойымның тоқетері де мынадай. Зейнет жасындағы адамдардың күрмеуі мол түйіндерінің тиімді шешімінің негізі және жалпыға ортақ қағидаттары бар. Бұл – міндетті түрде макроэкономикалық жағдай.
Бұл – әлеуметтік жағдайды айтпағанның өзінде, мемлекеттің қаржылық-экономикалық мүмкіндіктері, еңбек нарығы, егде және зейнеталды адамдардың жұмыспен толық қамтылуы. Адамдардың өмір жасы ұзақтығының қамтамасыз етілуі. Яғни, әрбір азамат зейнетке шыққаннан кейін орта есеппен 15 жылдан астам өмір сүріп, бейнетінің зейнетін көруі керек.
Әңгімелескен: Айгүл УАЙСОВА