«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жаңа саябақ жұртшылықты қуантты

0 6

Алматы ауданындағы Б.Момышұлы мен М.Төлебаев көшелерінің қиылысында «Жерұйық-2» саябағы бой көтерді. Шараның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Нұрбол Нұрсағатов қатысты.

парк

 

Нұр-Сұлтан қаласының ­Урбанистика орталығымен бірлесе отырып, аталмыш аудан әкімінің аппараты жүзеге асырған жоба аясында салынған жаңа қоғамдық кеңістікте тұрғындардың табиғи ортада белсенді демалуына барынша жағдай жасалды. Қала тұрғындарына арналған жаңа демалыс орны жапырақты ағашпен және көпжылдық бұталармен, түрлі гүлмен көгалдандырылады. Аумаққа кеспетас төселіп, маңай толықтай жарықтандырылды.

Жаңа саябақтың бой көтеруіне бас қаладағы «Техсервис» ЖШС мамандары белсене атсалысты. Жұмыс барысында «Оңтүстік-шығыс» шағын ауданында тұратын азаматтардың талап-тілек, өтініші ескерілді.

– «Жерұйық-2» саябағын тұрғызу ісімен біздің мекеме тікелей айналысты. Бұл жер, негізі, соңғы 15-20 жылдан астам уақыт бойы қараусыз қалған болатын. Соның бәрін жөнге келтіріп, 5400 шаршы метр жерге брусчатка төселді, 30 орындық, 30 урна, 2 ойын кешені салынды. Сондай-ақ екі спорт алаңы бой көтерді, оның біреуі – футбол, ал екіншісі – волейбол алаңы. Мұның бәрі, әрине, халық үшін, елорда тұрғындары мен қала қонақтарының игілігі үшін жасалды, – деді «Транстехсервис» ЖШС директоры Павел Койлов.

Сондай-ақ парк аумағында экологиялық таза материалдан салынған әртүрлі жас санатына арналған ойын алаңдары, волейбол, баскетбол және футбол алаңдары, жүгіру жолы және ворк-аут аймағы қарастырылған. Қала тұрғындарының демалуы үшін ағаштармен қоршалған жаппалар, әткеншектер мен гамактар орнатылды. Сонымен қатар мұндағы орындықтар мен шағын архитектуралық пішіндер саябақтың көркін келтіруде.

Аудан әкімдігі ұйымдастыр­ған шараға тұрғындар да дән риза. Жақсы істің бастамашысы болған аудан әкімдігіне алғыс білдіргендердің бірі – Қордай көшесі, 2-үйде тұратын Айсұлу Нарынбекқызы. Ол бұл аумақ бұған дейін лас әрі сұрықсыз болғанын, аудан әкімдігі қаражат бөліп, игі істі қолға алғаннан кейін құлпырып, есік алдының көркейгенін айтып, қуанышын жеткізді.

«Бұрын мұндайды тек теледидардан көретінбіз. Енді, міне, үйіміздің маңы осылайша құлпырып, көз қуантуда. Аудан әкімдігіндегілердің шетелден көргенін біздің қаламызға әкеліп, ауламызды гүлдендіріп жатқанына, әрине, қуаныштымыз. Астанамыз абаттана берсін. Қаламыз ғана емес, ауламыз да құлпырып, керемет қуанып тұрмыз, осы іске атсалысқан барша азаматтарға, аудан әкімдігіне айтар алғысымыз шексіз, – деді елорда тұрғыны.

«Жерұйық-2» саябағының ашылуы мерекелік шараға ұлас­ты. Осылайша шара барысында «Темірлан» аула клубы мен ­«Замандас» аула клубының спортшы жастары арасында шахмат және тоғызқұмалақ спортынан Алматы ауданы әкімінің турнирі өтті. Жеңімпаздар естелік сыйлық­пен марапатталды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды