Жаңа құрамның міндеттері ауқымды

0 107

Кеше жаңадан сайланған VІІ шақырылымдағы Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының алғашқы ұйымдас­тыру сессиясы өтті. Қала әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен өткен отырыста мәслихат сайлауының қорытындылары жарияланып, мәслихат хатшысы сайланды. Тұрақты комиссиялар қайта құрылып, олардың төрағалары мен құрамы анықталды. Алдағы кезекті сессияға шығарылатын мәселелер мен оның төрағасы бекітілді.

БАРЛЫҒЫ– 31 ДЕПУТАТ

Сайлау қорытындысымен Нұр-Сұлтан қаласы сайлау комиссиясының төрайымы Бақыт Бектемісова таныстырды. Оның мәлімдеуінше, сайлауға қатысқан бес саяси партиядан тиісті жеті пайыз дауысты үш партия алды. Сәйкесінше, депутаттық мандаттар төмендегідей бөлінді: 83,61 пайыз дауысқа ие болған Nur Otan партиясы – 26 мандат, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы (7,44 пайыз дауыс) – 3 мандат және Қазақстанның Халық партиясы (7,41 пайыз) – 2 мандат.
Сонымен мәслихат депутаттарының саны 31 адам болды. Сессия басталмастан бұрын оларға депутаттық куәліктер мен төсбелгілер тапсырылды. Ал ұйымдастыру сессиясының төрағасы болып көпшілік дауыспен Ерлан Сыдықов сайланды.

КӘСІПКЕРЛЕР САНЫ КЕМІГЕН ЖОҚ

Қала басшысы Алтай ­Көлгінов мәслихаттың жаңа құрамын құттықтай келе, алда бірлесіп атқарылар міндеттерге тоқталды.
– Сіздерге халық үлкен сенім білдірді. Бұл зор жауапкершілікті жүктейді. Бүгін Мемлекет басшысы жаңа сайланған Парламент алдына бірқатар тапсырмаларды қойды. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық бағыттарда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын белсенді жалғастыруға баса назар аударылды. Президент өңірлердің дамуын, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жаңғыртудың маңыздылығын баса айтты. Елбасымыз негізін қалаған елордада жұмыс істеп, оның әрі қарайғы дамуына үлес қосу – әрқайсымыз үшін үлкен абырой. 2020 жылдың қорытындылары бойынша қаладағы барлық көрсеткіштер оң нәтижені көрсетті. Қиындықтарға қарамастан ортақ іске бірге жұмылып, осыны атқардық. Басты мақсатымыз – қол жеткізген көрсеткіштерді сақтау ғана емес, оларды жаңа деңгейге шығару. Бұл міндетіміз деп есептеймін. Мұның барлығын бірлестікте, күнделікті жүйелі жұмыс атқарып, халықпен тығыз байланыс орнату арқылы жүзеге асыра аламыз, – деді А.Көлгінов.
Өткен жылдың көрсеткіштеріне тоқталған елорда әкімі инвестиция көлемі 1,1 трлн теңгеден асқанын атап өтті. Кәсіпкерлер саны да артып, 145 мыңға жетті.
– Қалада кәсіпкерлердің азаюына жол берген жоқпыз. Мемлекет, әсіресе, шағын және орта бизнесті қолдау үшін қолдан келер істің бәрін істеді. Соның арқасында өнеркәсіптік өнім 1 триллион теңгеден асты. Бұл құр цифрлар емес, бұл – адамдар еңбегі, бұл – мыңдаған жұмыс орны, бұл – салықтар, бұл – елордадағы барлық кәсіпорындар жұмысы, – деді А.Көлгінов.

ЕКІ АУДАНДА ЕМХАНАЛАР САЛЫНАДЫ

Қала басшысы басымдық берілген жобаларды қаржыландыру үшін өткен жылы бюджет шығыстары 43 млрд теңгеге оңтайландырылғанын айта келе, бұл қаржы экономиканың нақты секторын қолдауға, инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік саланы қаржыландыруға бағытталғанын атап өтті.
– Басты мақсаттардың бірі – тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту. Өткен жылы 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға бердік. Мұқтаж азаматтар санатындағы адамдарға, әсіресе әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын тұрғындарға 7 мыңнан астам пәтер бердік, – деді А.Көлгінов.
Елорда әкімі әлеуметтік нысандар құрылысына ерекше көңіл бөлінгенін айтып, былтыр 10 білім нысанының құрылысы аяқталғанын жеткізді. Соның арқасында үш ауысыммен оқытатын мектептер саны сегізден төртке, ал оқушыларды сыйдыра алмай жатқан орта білім беру орындары жиырма екіден он төртке азайды. Жоспар бойынша алдағы бес жылда қалада кем дегенде 50 мектеп салынуы тиіс.
– Сол кезде мектептерде оқушылар саны асып кетпейді және білім сапасы ақсамайтын болады, – деді бұл туралы қала әкімі.
Денсаулық сақтау саласы бойынша екі ірі жобаны жүзеге асыру басталғанын айтқан ол, бұл Алматы және Байқоңыр аудандарындағы емханалар құрылысы екенін жеткізді. Қала басшысының айтуынша, дәл қазір бұл аса қажет жұмыс. Себебі аталмыш аудандарда осы мәселе өткір тұр.

ТҰРҒЫН АЛАПТАР ДАМУЫНА ЕРЕКШЕ НАЗАР

Тұрғындарға жайлы өмір, қолайлы орта қалыптастыру үшін 150 аула, 60 қоғамдық кеңістік абаттандырылғанын айтқан ­А.Көлгінов 17 кеңістік тұрғын алаптарда салынғанын атап өтті. Жалпы алғанда шаһарда 760 мыңнан астам шаршы метр аумақ абаттандырылды. Бұл – үлкен футбол мен баскетбол алаңдары, воркаут аймақтары, балалардың ойын алаңдары.
– Сіздермен бірге тұрғын алаптар дамуына ерекше көңіл бөлеміз деп ойлаймыз. Бұл мәселе бойынша Мемлекет басшысының жеке тапсырмасы бар. Өткен жылы асфальтталған 173 көшенің 104-і тұрғын алаптарда орналасқан. Бұл – 300 мың адам, яғни қаланың әр төртінші тұрғыны тұратын жеке сектор. Тұрғын алаптарда 4 орта мектеп, 2 спорт кешені, 2 денсаулық сақтау нысаны салынды, – деді А.Көлгінов.
Қаланы газдандыру бойынша қыруар жұмыс атқарылғанын айтқан елорда әкімі 300 шақырымнан астам газ желісі салынғанын атап өтті. 2-ЖЭО-да төрт су жылыту қазандығы газға ауыстырылды. Қазір ауаға таралатын зиянды қалдықтарды азайту үшін фильтр орнатылып жатыр. Бұл қондырғы жақын күндері іске қосылып, экологияның едәуір жақсаруына әсерін тигізеді.
– Мәслихаттың VІІ шақырылымы ерекше болғалы тұр. Себебі үш бірдей партия халықтың қажеттілігі үшін жұмыс істейді. Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толады. Алда тағы алатын үлкен белестер бар. Мемлекет басшылығының алдымызға қойған стратегиялық тапсырмаларын бірлесіп өз уақытында және сапалы орындауға шақырамын, – деп түйіндеді сөзін А.Көлгінов.

ХАТШЫ –  ЕРЛАН КАНАЛИМОВ

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы болып бірауыздан Ерлан Каналимов сайланды.
– Елордамыз елдің орталығы болғандықтан Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының жұмысы да ерекше маңызға ие. Қалалық мәслихат депутаттарына артылатын жауапкершілік жүгі де салмақты. Өйткені еліміздің өңірлері бас қаламызға қарап, бой түзейді. Сондықтан VІІ шақырылым депутаттарының алдында үлкен міндеттер тұр. Пандемия кезіндегі экономикалық кедергілерді еңсеріп, дамудың жаңа белесіне шығуымыз қажет. Оның үстіне биыл тәу етер тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Осы жылдары қыруар жұмыс атқарылды. Арқа төсінде арайлы астанамыз бой көтерді. Ендігі мақсатымыз – отыз жылда жеткен жетістіктерді одан әрі еселеп, елордамызды гүлдендіруге бағытталуы тиіс. Елбасымыз ­Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев та елордамыздың дамуына айрықша көңіл бөледі. Алдымызда Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың үлкен жоспары тұр. Ендігі кезек осы жоспарды тиімді атқаруға атсалысу, – деді өз сөзінде ­Е.Каналимов.

ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯЛАР ТӨРАҒАЛАРЫ КІМДЕР?

Сессия барысында Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының төрт тұрақты комиссиясы қайта құрылып, төрағалары сайланды. Заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Талғат ­Нәрікбаев болды. Бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссия төрағалығына Нұрлан Көпешов, құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі комиссия басшылығына Батыр Котырев, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі комиссия жетекшілігіне Алтыншаш Табулдина сайланды.
А.Табулдина алдағы кезекті сессияның тізгінін де ұстайтын болды. Онда отбасыларға тәрбиелеуге берілген жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау бағытында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мәселесі қаралады.
Сондай-ақ сессияда Нұр-Сұлтан қаласының аумағын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасымен қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Түгелбаева таныстырды.

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының VІІ шақырылым депутаттары Nur Otan партиясының партиялық тізімі бойынша

1. Абдыров Айтжан
2. Айтхожин Азамат
3. Ахметов Саламат
4. Байсеркина Динара
5. Батпенов Саят
6. Дәкенов Ерлан
7. Дженалаева Салтанат
8. Жапарова Гүлжамал
9. Жанділдаев Бақдаулет
10. Жүнісов Алмат
11. Каналимов Ерлан
12. Котырев Батыр
13. Көпешов Нұрлан
14. Қожахметов Талғат
15. Нәрікбаев Талғат
16. Оразалина Динара
17. Орынбасаров Азамат
18. Өмірзақов Азамат
19. Разбекова-Төлеуханова Ләззат
20. Сәтмағамбетов Ғабит
21. Сегізбай Алмагүл
22. Сергеев Владислав
23. Сыдықов Ерлан
24. Табулдина Алтыншаш
25. Тәжімұратов Ғабит
26. Шукшев Сергей

«Ақ жол» Қазақстан демократиялық
партиясының партиялық тізімі бойынша
27. Смағұлов Асқар
28. Түсіпов Серік
29. Жанқонақов Бауыржан

Қазақстан Халық партиясының
партиялық тізімі бойынша
30. Мақжанова Назгүл
31. Оразханов Нұрдәулет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × one =