©2020 Астана Ақшамы
ЖАҢА ҚОНЫСҚА КӨШТІК
«Астана ақшамы» газетінің ұжымы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жаңа жылды жаңа қоныста қарсы алды.
Басылым бүгіннен бастап Есілдің сол жағалауындағы «Нұрсая-2» тұрғын үй кешенінде орналасқан газеттің жаңа редакциясынан тарала бастайды.
Қазақта «Көршің жақсы болса, қонысың жайлы болады» деген сөз бар.
Редакция ғимаратының оң қапталында еңсесі биік – «Ақорда», сол жағында қаланың бойтұмарына айналған – «Бәйтерек», арқа тұсында елдің айбынын асқақтатқан – Қорғаныс министрлігі, қарсы алдында келісім мен бейбітшіліктің кепіліне айналған Сыртқы істер министрлігінің ғимараты орналасқан.
Мемлекеттік билік органдары, дипломатиялық өкілдіктер, жетекші университеттер, заманауи медициналық клиникалар мен ең ірі мәдени ошақтар да осында орын тепкен. Сол жағалаудағы маңызды мекемелердің қатары енді міне, халықтың көзі, құлағы һәм тілі бола білген газет редакциясымен толығып отыр.
Тәуелсіздікпен бірге жасасып келе жатқан елорданың бас басылымының ең алғашқы саны қазіргі Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры ғимаратында жарық көрген болатын. Одан кейін де редакция бірнеше рет қоныс аударды.
Газеттің атауы да екі рет өзгертілді. Алайда, басылым өзіндік ұстанымы мен бағытынан айныған жоқ.
Жиырма жылдан астам уақыт бойы «Астана ақшамы» газеті сан саланы қамтып, толғағы жеткен тақырыптар төңірегінде салмақты мақалалар жариялап келеді.
«Жақсы жерге жатсаң, жақсы түс көрерсің» дейді. Еңселі ғимаратқа қоныс тепкен редакция ұжымының қаламының қуаты артып, жазары көбейеді деген сенімдеміз.
Шынар ДОСАН