ЖАҢА ОРТАЛЫҚ – ЖАСТАРҒА ЖАНАШЫР

0 138

ERA_6049

Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаеваның төраға­лы­ғымен әкімдік жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Оған мемлекеттік мекемелердің басшылары, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Іс-шарада жаңадан ашылған «Астана жастары» ресурстық орталығының қызметі таныстырылды.

Орталық директоры Қайырболат Сахме­тов­тың айтуынша, мекеме бірнеше бағытта жұмыс істейді. Атап айтқанда, жұмысқа орналастыру, тұрғын үй туралы кеңес беру, заңдық тұрғыда көмектесу. Сонымен қатар, еріктілер қозғалысын дамытып, оларды «EXPO-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыру жұмысына тартумен айналысады. Жастарға түрлі тренингтер мен семинарлар өткізіліп, білікті де, білімді еріктілер дайындап шығарады. Адамдармен қарым-қатынас жасауға, тілді, елдің тарихын жетік меңгеруге үйретеді. Орталық бір жылда 1100 ерікті дайындап шығуды жоспарлап отыр.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева мұндай орталықтардың жастардың жаңа мүмкiндiктеріне жол ашып, биiк белестерге жетелейтiнiн айтты. Халықаралық ЭКСПО көрмесі қарсаңында болашағын бас қаламен байланыстырғысы келетіндер көбейіп келеді. Қалаға бірнеше тілді жетік меңгерген, медицина, құрылыс, энергетика, мәдениет пен көлік саласындағы мамандар қажет. Осы орайда, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді: «Басқа облыстардан келетін жастардың саны өте көп. Орташа есеппен барлық аймақтан қалаға күніне 300-ге жуық автобус, 60-қа жуық пойыз келеді. Бір күнде 30 мыңдай адам келсе, оның жартысынан көбісі жастар. Былтыр 21 000 түлек оқуға түсуге келді» деді.

СҮБЕЛІ СӨЗ

Аида БАЛАЕВА, Астана қаласы әкімінің орынбасары:

– Астанаға көшіп келетін жастар аз емес. Оларды біріншіден – жұмыссыздық, екіншіден – баспана мәселесі қинайды. Мұндай жағдайда тығырыққа тірелмес үшін осындай орталықтың болғаны жақсы. Оларға елордаға қандай мамандар жетіспейді, тұрғын үй мәселесінде қандай мүмкіндіктер бар екенін жан-жақты түсіндіруіміз керек. Айталық, «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бірнеше бағытта жүзеге асырылып жатыр. Барлық бастамалар осы орталықта жүзеге асады деген ойдамын.

Сондай-ақ, басқарма басшысы жастарды жұмысқа орналыстыру бойынша, жаңа пилоттық жоба іске қосылатынын айтты. Мобильді орталық автовокзал мен темір жол вокзалында орналасады. Келушілерге буклеттер таратылып, консультация беріледі.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × one =