ЖАҢА ОҚЫТУ ТӘСІЛДЕРІ ЖАҢЫЛДЫРМАЙДЫ

0 174

konferenciya_mo_627

Назарбаев зияткерлік мектептері, ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, Кембридж университетінің Білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген Қазақстан Республикасының педагог қызметкерлерінің білік­ті­лігін арттырудың деңгейлі бағдарламасы ұстаздар қауымының көптеген түйткілді сауалдарының түйінін тарқатты. Бұл бағдарлама идеясын жақсы түсінген әр ұстаз үлкен белестерге жетіп қана қоймай, ауырт­пашылығы мол мамандығының ләззатын сезінеді.

Білім саласына дендеп енген соны өзгеріс, жаңалық бізге, барша білім алушылар мен білім беру­ші­лерге ауадай қажет еді. Себебі, әлем қарқынды даму үстін­де, сол қарқынға ілесу үшін бұрын­ғы­ үйреншікті дүниелерден тез арада арылуымыз және заман, қоғам қажеттілігі мен сұранысына сай өзгеруіміз қажет. Себебі, бағ­дар­ла­маның ең басты идеясы – әр адам­ның жасына, мүмкіндігіне, ерек­­ше­­лігіне қарамастан, олардың қатып қалған, ешкімге (өзіне де, өзгеге де) пайдасы жоқ ұста­ным­­да­рын өзгертіп, жаңаша көзбен қарауға алып келеді екен. Мұға­лім­нің өзі де, өзге де байқап, білмейтін қыр­лары ашылып, көкірегі кеңейе түседі.

«Мұғалім мәртебесін көтеру керек» деп көп дабылдап, ай­қай­лап жатамыз. Бірақ іс пен әре­кет шамалы-тын. Осы өзекті мәсе­ле­нің оңтайлы шешімі – жоға­ры­да айтылған бағдарлама болары анық… Әр ұстаз әлемдік оқыту тәсілін жете түсініп, өз тәжі­ри­бе­сіне енгізсе, ол биіктен көрініп қана қоймай, барлық мәртебелер мен марапаттардың, ең бастысы, шәкірт махаббатына бөленеріне мен сенімдімін. Ал, шәкірт көп мүмкіндіктерге ие болып, бар білімі мен білігін өмірде қолдана білетін жан-жақты тұлға болмақ. Мәселен, мен бағдарлама аясында меңгерген тәсілімді былай қолдандым: оқушыларымды жинап, өздерін еркін сезінсін деген оймен аз-маз көңіл-күйлерін көтердім. Содан кейін оларды топтарға бөлдім. Бірақ бір топқа сабаққа еш қызығушылық танытпайтын енжар оқушылар түсіп қалды. Енді не болар екен, бұлар өзге қатарластары алдында таулары шағылып қайтатын болды-ау деген қорқыныш мазалады мені. Жоқ, бәрі керісінше болып шықты, әр түрлі проблемалық сұрақтардың жауабының ең ұтымдысы мен құндысы солардың аузынан шығып отырды. Өзгелер оларға таңқала қарады, оң бағаларын берді. Бар жоғы 45 минут ішінде өзіме қажет ақпаратты жинай алдым, сонымен қатар, оқушылардың осы үрдіске үлкен қызығушылық танытқанын байқадым. Ал, мен алаңдаушылық танытқан шәкірттерім өзгелердің үлкен ықыласына бөленіп, өздерін ерекше сезінді.

Әлем өзгереді, әлеммен бірге мен де, өзгелер де өзгереді, ол – оңтайлы өзгеріс, бұл өзгеріс біздің шәкірттердің жарқын күндері мен болашағының кепілі болмақ.

Үміт ИСАБЕКОВА, мұғалім

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 4 =