Жаңа оқу жылының жаңалықтары

0 85

Жылда сары күзбен қатар келетін Білім күні мерекесі де жақындап қалды. Ел бойынша жаңа 2020-2021 оқу жылында орта мектеп оқушыларының жалпы саны 3,3 миллион баланы құрайды. Елордасы – Нұр-Сұлтан қаласында биыл 202 мыңнан аса оқушыға білім беріледі деп болжанып отыр. Оқу жылы әдеттегідей 1 қыркүйекте басталады. Бірақ «Алғашқы қоңырау» мерекесі қазіргі жағдайға байланысты онлайн форматта өтеді.

«КЕЗЕКШІ СЫНЫПТАРҒА» 42 МЫҢ БАЛА БАРАДЫ

Жаңа оқу жылында оқушылар қашықтан оқытыла бастайды. Бірақ бастауыш сыныптарға «Кезекші сыныптар» ұйымдастырылады. Бұл ретте барлық санитарлық шаралар қатаң сақталады. Педагогтердің 30 пайызға жуығы штаттық режимде, оның ішінде кезекші топтарда сабақ беру үшін жұмысқа шығады.
Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының мәліметінше, «Кезекші сыныптарда» оқушылар саны 42 мыңға жуықтайды. Бұл – қаладағы барлық бастауыш сынып оқушыларының 50 пайызы. «Кезекші сыныптардың» жалпы саны – 3002. Қалада биыл бірінші сыныпқа баратын 26 мың бала тіркелді. «Кезекші сыныптарда» оқуға олардың ата-аналарынан 24 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Оқу жылынан бастап балаларды мектепке жіберу, жібермеу мәселесін ата-аналары шешеді. Оқытудың өзі бірнеше топқа бөлінеді. Бір сыныпта оқытылатын оқушылар саны 15-тен аспайды. Бір сабақтың ұзақтығы 40 минут болады. Күніне 3-4 сабақтан өткізіледі.

12 МЫҢНАН АСА МҰҒАЛІМ ОНЛАЙН КУРСТАРДАН ӨТТІ

Нұр-Сұлтанда 12 мыңнан аса педагог (мектеп, колледж педагогтары, балабақша тәрбиешілері) қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша онлайн-курстардан өтті. Балалар, ата-аналар және балабақша қызметкерлері үшін жұмыс алгоритмдері жасалды. Барлық нысандар санитарлық талаптарға сай дайындалған. Бұған қоса «Елордалық электронды мектеп» электронды платформасы әзірленді. Онда қысқа мерзімді сабақ жоспарлары, бейнесабақтар, білім берудің цифрлық ресурстары және т.б. орналастырылған. Білім берудің барлық деңгейлеріндегі педагогтар үшін осы платформа оңай әрі қолжетімді болады.

ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУДЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

Ал орта мектептер қашықтан оқытуға қаншалықты дайын? «Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейде қазір 3021 оқушы болса, соның 453-і «Кезекші сыныптарда» оқуға ниет білдіріп отыр. Бірақ бұл сан әлі де өзгеруі мүмкін. Мектебіміз «Кезекші сыныптарға» балаларды қабылдауға да, қашықтан оқытуға да дайын. Санитарлық шаралар толығымен қамтамасыз етілді. Санитайзерлер, антисептиктер, түрлі бактериалды сабындар, қажетті тепловизорлар, тоннель, дезинфекциялаушы төсеніштер сатып алынды. Бетперделер, қолғаптар қажет мөлшерде бар. Кезекші топтағы оқушылар саны 15-тен аспауы керек. Осыған сай мектебіміздегі сыныптар да лайық­талып дайындалды» дейді мектеп директоры Сафура Төлекова.
Оның айтуынша, оқушылар 15 минуттық аралықпен мектепке кіреді. Яғни, таңертең 08.00-де бір сыныптың 15 оқушысы қабылданса, келесі сынып 15 минуттан кейін кіргізіледі. Сол сияқты сабақтардың арасындағы үзілістер әр сыныпқа әртүрлі уақытпен белгіленеді. Бұл оқушылардың бір жерге шоғырланбауы үшін маңызды, жалпы қауіпсіздік мақсатында жасалды.
Кезекші сыныптарға мұғалімдерді іріктеуде де өзіндік талаптары бар. Ең алдымен, ұстаздың келісімі маңызды. Одан кейін мұғалімнің жасына көңіл бөлінеді. Үлкен жастағы немесе созылмалы аурулары бар, дәрігерлік есепте тұрған кісілер сабақ беруге шақырылмайды. Ал оқу жылы қашықтан өткізілгеніне қарамастан ұстаздардың жалақысы сол күйі сақталады.
– Мектебіміздегі барлық педагог­тар жыл сайынғы медициналық тексерістен өтті. Соның негізінде рұқсат етілген мамандар ғана мектепте жұмыс істейді. Бұған қоса, мектеп ішінде «Кезекші сыныптар» болған уақытта ересек адамдар санын мейілінше азайтамыз. Тек осы сыныптардың педагогтары, тазалық жұмысын жүргізетін қызметкерлер, балалардың қауіпсіздігіне арнайы бұйрықпен бекітілген мамандар ғана қызмет етеді, – дейді мектеп директоры.

ОҚУЛЫҚПЕН ҚАМТУ – 100 ПАЙЫЗ

Бір сыныпта бір мұғалім жұмыс істеу қағидаты сақталады. Ал оқу жоспарындағы барлық пәндер мектепте оқытылмайды. «Кезекші сыныптарда» негізгі пәндердің сабағы ғана өтеді. Қалған пәндер онлайн форматта қашықтан жүргізіледі.
Елордада жаңа оқу жылына балаларды оқулықтармен қамту 100 пайызды құрайды. Барлық оқулықтар Білім және ғылым минис­тр­­­­лі­гі бекіткен тізімге сәйкес келеді. Қазіргі күні барлық баспадан оқулықтар жеткізілді. 1-5-сынып пен 10-11-сынып оқушыларына кітаптар толығымен берілді.

«БІЛІМ LAND» ПЛАТФОРМАСЫНДА ОҚИДЫ

Кеше жаңа оқу жылының басталуына орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мектептердің алдағы оқу жылында қандай платформалармен қашықтан оқитынын баяндады.
– Барлық мектептерде «Білім LAND» платформасын пайдалануға келісімшарт жасалды. Елорданың 40 мектебінде «Дарын онлайн» платформалары қолданылады. Ал бағалау жүйесі өзіміздің дәстүрлі «Күнделік» электронды журналы арқылы жүргізіледі. 30 тамыздан бастап оқушылар мен мұғалімдердің бәріне осы платформалар қолжетімді болады. Логин, парольдары белгіленіп, таратылды, – дейді басқарма басшысы.

БИЫЛ 13 МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Биыл елордада былтырғымен салыстырғанда екі есе көп мектеп пайдалануға беріледі. Білім басқармасы басшысының мәлімдеуінше, жыл соңына дейін 13 орта білім беру нысанын пайдалануға беру жоспарлануда. Соның ішінде 7 мектеп пен 6 мектептің қосымша ғимараты бар. Жаңа оқу жылының басында 3 мектеп пен 2 қосымша ғимарат пайдалануға беріледі. Қалған білім беру нысандары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІММЕН ҚАМТУ АРТАДЫ

Бас қалада инклюзивті білімге де ерекше көңіл бөлінген. Егер былтыр инклюзивті біліммен қамту 80 пайыз болса, биыл бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Тұңғыш Президент – Елбасы қорының бас­тамасымен екі жаңа мектептің негізінде 1 қыркүйекке дейін 30 орындық 2 инклюзивті қолдау бөлмелері ашылады. Шілдеден бастап «Асыл мирас» кабинеті жұмыс істей бастады. Онда халы­қаралық сертификатқа ие және замануи әдістемелерді меңгерген мамандар жұмыс істейді. Қыркүйек­ айында зияткерлік қабілеті төмен 100 балаға арналған №3 арнайы мектеп, күзде көру қабі­леті нашар балаларға арналған балабақша пайдалануға беріледі.
Жаңа оқу жылында елорда мектептерінде қосымша білім берудің 8 филиалы және тағы 2 қоғамдық орталық ашылады. Жаңа мектептердің бірінші қабатында балаларға арналған шағын орталықтар, оңалту орталықтары, балабақшалар, медициналық кабинеттер сияқты әлеуметтік нысандар жұмыс істей бастайды.

ҰСТАЗДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРАДЫ

Ұстаздардың әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмаған. Былтыр қала әкімдігі тарапынан мұғалімдер тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік жәрдемақы түрінде 1 миллион теңге сомасына өтеусіз негізде 275 тұрғын үй сертификаты бөлінді. Осы жылы да мұғалімдердің тұрғын үй жағда-йын­ жақсартуға көмек беріледі.
Атап айтқанда, биыл «Қазақстандық ипотекалық ұйыммен» 1 мың әлеуметтік пәтер беру туралы келісімге қол қойылды. Бұл баспанаға мұғалімдерден басқа медицина қызметкерлері, полицейлер, әлеуметтік қызметкерлер, мәдениет және спорт қызметкерлері де үміткер бола алады. Былтыр жұмысын енді бастаған мұғалімдерді қолдау мақсатында 350 орындық жас педагогтар үйі салынды.
Қала әкімдігі мұғалімдердің кәсіби дамуына үнемі көңіл бөледі. Атап айтқанда, «Ozat» жобасын іске асыру аясында мектептер мен колледждердің 400 мұғалімі РІЅА тапсырмаларына білім алушыларды даярлау бойынша біліктілікті арттыру курстарында оқудан өтті. Кембридж университетімен бірлесіп SHARE жобасы іске қосылды. Соның ішінде мұғалімдер бірлесіп зерттеулер жүргізеді, ақпарат алмасады, біліктілігін көтеру бойын­ша басқа да жұмыстар қарас­тырылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × one =