ЖАҢА НЫСАНДАР ЕСІГІН АЙҚАРА АШТЫ

0 18

Кеше Нұр-Сұлтан қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен елордамыздағы білім беру ұйымдарының жаңа ғимараттары таныстырылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй кешендерінің төменгі қабаттарынан әлеуметтік маңызы бар нысандар ашу туралы бастама көтерген еді. Айтылған сөз жерде қалған жоқ. Бұл мәселені қала әкімдігі қолға алып, жүзеге асырды.

Бас шаһарымызда талантты балалар жетерлік. Білімге бет бұрған оқушылар мен студенттерді, ерекше қажеттілігі бар балаларды демеу жағынан бұл бастаманың әлеуметтік маңызы зор. Білім беру ұйымдарының жаңа нысандарының ашылуына қалалық мәслихат депутаттары Мәжит Шайдаров, Рамзия ­Өмірбаева, Зұлпыхар Ғайыпов, Мирас Шекенов, ­Сергей Солодовников қатысты. «Біз бүгін қала мәслихатының әлеуметтік салаға жауапты депутаттарын шақырдық. Жазғы сессияда қала әкімдігінен білім бөліміне арнайы қаражат бөлінген еді. Әкімдіктің қолдауымен жаңадан іске қосылатын тұрғын үй нысандарының бірінші қабатынан бос орындар алып, білім беру мекемелерінің қосымша орталықтарын аштық. Барлығы жеті нысан пайдалануға берілді. Осы тәжірибені басқа аудандарда да жалғастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Әр орталықтың дизайны да ерекше. Бірден көзге түседі. Елорданың ата-аналары мен оқушыларына, студенттеріне жақсы жағдай жасалды деп ойлаймын» деді Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.

«ArtTumar» сәндік-қолданбалы өнер орталығы

Қаламызда №2 өнер мектебінің 11 орталығы бар. Соның ішінде «ArtTumar» сәндік-қолданбалы өнер орталығы мектеп жанынан жұмыс істейді. Көркем тоқыма, ағаш ою, зергерлік өнер, құрақ құрау, кесте тігу, қыш өнері, тері өңдеу сыныптары бойынша барлығы алты бағыт қамтылған. «Өнер орталығының сыйымдылығы 552 балаға шақталған. Арнайы станоктармен, тігін машиналарымен жұмыс істеу кішкене балаларға қауіпті. Сондықтан орталық 10-15 жас аралығындағы оқушыларды қабылдайды. Бұл жерде ұлттық қолөнерімізді дәріптейміз» деді орталық директоры Гүлмира Жангелдіқызы.

№86 «Зияткер» балабақшасының  екінші орталығы

Елордамыздағы ең өзекті мәселелердің бірі балабақшадағы орын тапшылығы екені анық. Жаңа нысандарды ашу барысында Білім басқармасы мектепке дейінгі мекемелерді де назардан тыс қалдырмаған. Заманауи педагогикалық технологиялардың барлық талаптарына сай жасақталған екі бірдей оқу ғимараты бүлдіршіндердің игілігіне берілді. Балабақшада барлығы 3 топ жұмыс істеуде. Алдағы уақытта тағы 5 топ ашылады.

Аспаздық студия

Кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттеріне арналған «Аспаздық студия» ерекше безендірілуімен көздің жауын алады. Барлық халықаралық стандарттарға сай жасақталған мейрамхана кешенінде оқу процесіне қажетті заттың бәрі бар. Аспаздық студияға республикалық бюджеттен ішкі құрал-жабдықтары алынса, жергілікті бюджеттен жөндеу жұмыстары жасалған. Жастарымыз кәсіптік білім алғаннан кейін осы орталық арқылы ірі мейрамхана желілеріне жұмысқа орналаса алады. Әлем бойынша жұмысшы мамандықтар арасындағы ең танымал «worldskills» жарысына осы студияда дайындалуға болады. Сондай-ақ нысанда қысқа мерзімді курстар өткізу де жоспарланып отыр. Алдағы уақытта кәсіптік білім алатын мамандар аспаздық студиядан білімдерін жетілдіруіне болады.

Ерекше балаларға екі нысан


№2 психологиялық-педагогикалық түзету мен №3 психологиялық, медициналық-педагогикалық кабинеттері бұрын мектептерде орналасқан еді. Бірақ мектептің бір кабинетінде барлық баламен бірдей жұмыс істеу оңайға соқпайды. Сол себепті мүмкіндігі шектеулі балаларды анықтау, оларға дұрыс диагноз қою және педагогикалық-коррекциялық қолдау көрсету мақсатында екі нысан ашылды. Ал жаңа ғимаратта әрбір маманға жағдай жасалған. №3 кабинетке 0-16 жасқа дейінгі балалар келеді. Оларға педагог-мамандар кеңес береді. Мысалы, бала логопедке бара ма, әлде басқа маманға баруы керек пе? Ғимараттың қарсы алдында 50 метр жерде психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті тұр. Бұл жерде мамандар баланың диагнозына байланысты емдеу шараларын қолданады.

«ARQA ALAN» балалар мен жасөспірімдер орталығы

«ARQA ALAN» ұлттық спортты дамыту орталығының төріне күш атасы Қажымұқанның бейнесі ілінген. Мұнда қазақ күресі, тоғызқұмалақ пен шахмат, асық ату үйірмелері жұмысын бастап кеткен. Спорт орталығы 550 балаға арналып салынған. Жаттықтырушылары да осал емес. Қазақстан мен Азияның чемпиондары сабақ береді.
«Қалалық білім басқармасының жаңа нысандарының ашылу салтанатына куә болдық. Әрбір орталықтың кіреберісіндегі логотипінен бастап, ішкі дизайны заманауи және ұлттық ерекшеліктердің бірігуімен үйлесім тапқан. Қазіргі қоғамда жастар арасындағы қылмыс деңгейі көбейді деп жүрміз ғой. Соның барлығы өз орындарын таба алмай жүрген жастарымыздан шығып жатыр. Бұл орталықтардың ерекшеліктері – барлық балаға қолжетімділігінде. Білім басқармасы жаңа нысандар ашу арқылы бірнеше мәселені шешіп отыр. Біріншіден, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасаса, екіншіден, инклюзивті білім беруде. Үшіншіден, жастарды дуальды оқыту. Яғни, қаламыздағы колледждер өз студенттерін осы орталықтарға әкеліп оқытса, теориямен бірге тәжірибені байланыстырар еді. Осы тұрғыда қала әкімдігі мен білім басқармасының жүзеге асырып жатқан жұмыстары қоғамға орасан зор пайдасын тигізетініне сенемін» деді Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Зұлпыхар Ғайыпов.

Көркем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 3 =