Жаңа нысандар бой көтереді

0 21

Елорданың тұрғын үй көмегін көрсету ережесіне өзгерістер енгізілді. Бұл аталмыш ережені еліміздің тиісті заңнамаларына сәйкестендіру үшін жасалды. Атап айтқанда, былтырғы күзден бері осы мәселені реттейтін бірқатар құжаттар қайта қаралды. Ал ережені қалалық мәслихат өткен жылдың көктемінде бекіткен еді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің қатысуымен өткен қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында осыны Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Илья Скуб хабарлады.– Тұрғын үй көмегін астанада тіркелген және тұрақты тұратын үй иелері немесе баспананы жалға алып отырған аз қамтылған отбасылар алады. Көмек коммуналдық және байланыс қызметтерін тұтынуға, жеке тұрғын үй қорынан үйді жалға алуға беріледі, – деді И.Скуб.
Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Асылбек Есенбаев жеті нысан құрылысына арналған 61 жер телімін мемлекет мұқтаждығы үшін сатып алу ұсынылғанын жеткізді. Бұл телімдер «Мыңжылдық» аллеясында саябақты салуға, С 189 көшесінде 600-800 орындық көпсалалы аурухана құрылысына, «Газаппаратура» зауыты аймағындағы Есіл өзені жағалауы аймағын абаттандыруға, Т.Жүргенов-А.Байтұрсынұлы – Ж.Нәжімеденов-23/16 көшелері аумағында паркингі, әлеуметтік-мәдени нысандары бар көппәтерлі тұрғын үй кешенін көтеруге арналады.
Сондай-ақ Ш.Қосшығұлұлы және Жамбыл көшелері қиылысында да дәл осындай көппәтерлі тұрғын үй кешені бой көтереді. Тәуелсіздік даңғылы мен А.Тоқпанов көшелері бойында А2 көшесі салынады. А.Иманов – Б. Бейсекбаев көшелерінде гүлзар жайқалатын болады.
– Жер телімдерінің барлық иелері өтемақы сомасымен таныстырылды. Олардың жазбаша келісімдері бар, – деді баяндамашы.
Сонымен қатар сессияда Нұр-Сұлтан қаласы учаскелік сайлау комиссияларының жаңа мүшелері сайланды. Оның себебі, өткен жылдың қаңтарынан биылғы мамырға дейін бұл комиссиялардан әртүрлі себептермен 490 адам шығып кеткен. Оның үстіне заңнамаларға сәйкес бірнеше сайлау учаскесі қысқартылды. Мұны қалалық мәслихаттың аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау жөніндегі уақытша комиссиясының төрағасы Мирас Шекенов хабарлады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + 13 =