Жаңа нұсқа: айқындылық пен әділдік

0 17

Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға төлемдер өсті, ал атаулы әлеуметтік көмекті тек өздері кедейшілік жағдайынан шығуға тырысатын отбасылар ғана алады.Қаңтар айынан бері елордада 10 460 отбасыға АӘК бойынша кеңес беріліп, АӘК тағайындауға 3 189 өтініш қабылданды, оның ішінде 1 284 өтініш көпбалалы отбасылардан түсті. Нәтижесінде 2 237 отбасына АӘК тағайындалса, 275 отбасына тағайындаудан бас тартылды.
Атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне күнкөріс минимумынан 70% төмен табысы бар (2020 жылы күнкөріс минимумының сомасы – 31 183 теңге, яғни 31 183*70% = 21 828 теңге) тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының табысы нормадан 1000 теңгеге артық болса, жұмыспен қамту орталығы жәрдемақы тағайындаудан бас тартады. АӘК алуға өтінімдерді кіріс­терді алдау мен жасыруды болдырмау үшін арнайы учаскелік комиссиялар бір ай ішінде қарайды. Алдау анықталса, жарты жылға отбасы тіпті қайтадан өтініш беру мүмкіндігінен айырылады.

Қандай табыс ескерілмейді?

Атаулы әлеуметтік көмек; тұрғын үй көмегі; жерлеуге берілетін жәрдемақы; 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы; 16 жастан 18 жасқа дейінгі I, II, III топтағы мүгедек балаларға мүгедектік бойынша жәрдемақы; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға жәрдем­ақы; ТЖ кезіндегі залалды өтеу; баланың дүниеге келуіне жәрдемақы; білім беру ұйымдарында аз қамтылған отбасы балаларына материалдық көмек; азық-түлік бағасының өсуіне байланыс­ты аз қамтылған азаматтарға көмек; қайырымдылық көмек; азаматтардың тегін немесе жеңілдікпен протездеу­ге сапарына ақы төлеу; протездеу кезінде азаматтардың жүріп-тұруы; санаторлық-курорттық емдеу, дәрі-дәрмек беру, протездік-ортопедиялық бұйымдар, кресло-арбалар, тегін тамақтандыру түрінде көрсетілген көмек; жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты біржолғы төлем.
Сондай-ақ өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» бағдарламасы бойынша берілген жаңа бизнес-идеяларға гранттар ескерілмейді.Еңбекке жарамды жұмыссыздарға АӘК төлей ме?

Егер отбасының еңбекке қабілетті бір мүшесі жұмысқа орналасудан бас тартса, АӘК барлық отбасына төлемейтін болады.
Есіл ауданы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қамту басқармасының бас маманы Айнұр Аубакированың айтуы бойынша жұмыспен қамту орталығы 3 рет жұмысқа орналастыру жөнінде ұсыныс береді. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі қандай да бір нұсқаға келіссе, ол жалақыны да алатын болады және АӘК (жаңа жұмыс орнынан отбасының табысына жарты жылдан кейін ғана қосылатын болады) алады. Егер табыс отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан жоғары болса, онда АӘК төлеу тоқтатылады. Егер адам ұсынылған жұмысқа келіспесе, мемлекет қайта оқуды, жаңа мамандықты тегін меңгеруді ұсынады. Егер де бас тартса, онда АӘК барлық отбасынан айырылады. Жарты жыл ішінде олар атаулы әлеуметтік көмек ала алмайды.

Аз қамтылған отбасылар қандай төлемдерді алады?

• Егер отбасында төрт және одан да көп бала болса, көпбалалы отбасыларға жәрдемақы;
• Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК);
• Аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға арналған кепілді әлеуметтік пакет.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ­Біржан Нұрымбетов бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін 1,5 немесе 3 жылға ұлғайту мәселесі күн тәртібінде тұрғанын мәлімдеді. «Бала күтімі үшін тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақының төлеу мерзімін 1,5-3 жылға дейін ұлғайту нұсқалары талқыланып жатыр. Табысы аз отбасылардағы мектепке бармайтын мүгедек балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы үйіне жеткізу мүмкіндігі де қарастырылуда» деді Біржан Нұрымбетов. Министрдің мәлімдеуінше, жыл сайын елімізде 400 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Ана мен баланы қолдау үшін бірқатар мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Министр Біржан Нұрымбетов алдағы уақытта 8 және одан көп баласы бар отбасылар мемлекеттік жәрдемақыны бала санына қарай алатынын айтты. «Қазіргі уақытта 7 баладан әрі қарай біркелкі мөлшерде жәрдемақы жоқ. Сондықтан енді 8 және одан көп баласы бар отбасыларға да біркелкі жәрдемақы беру қарастырылды. Мысалы, 8 балаға – 85 мың теңге, 10 балаға – 106 мың теңге, 15 балаға 159 мың теңге төленеді» деді министр. Естеріңізге салайық, қаңтар айынан бастап кәмелетке толмаған төрт және одан да көп балалары, оның ішінде 23 жасқа дейін студент балалары бар отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан көп балаға 74 388 теңге болып бекітілген. 8 және одан көп баласы бар отбасыларға 74 388 теңге тағайындалған болатын. Олар бұдан артық ақша алмайтын.Кепілді әлеуметтік пакет аз қамтылған отбасы балаларына арналады

Қазақстанның бірқатар қалаларында табысы аз отбасылардың балаларына кепілдік берілген әлеуметтік топтамалар беру басталды. Азық-түлік жиынтықтары бар қораптарды жеткізуді бірінші болып бастағандар – Қарағанды облысының Приозерск кенті, Бұқар жырау ауданы, Атырау облысының Исатай, Мақат аудандары және Батыс Қазақстан облысының Бөрілі, Казталов аудандары. Үш аймақта топтаманы жалпы саны 324 отбасынан 420 бала алды.
Ақпан айының соңына дейін атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алатын табысы аз отбасылардағы 1-ден 6 жасқа дейінгі 64 мың бала кепілдік берілген әлеуметтік топтамаға ие болады. Елордада орта білім беру ұйымдарында оқитын оқушылар үшін күнделікті мектеп асы, мектеп формасы (жылына бір рет), оқу құралдары (жылына бір рет) беріліп, қоғамдық көліктегі сапарлардың 50% -ы өтеледі. Мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға сертификаттар тамыз айында оқу жылы басталғанға дейін беріледі деп жоспарлануда.
АӘК алушылардың саны ай сайын өзгеретінін ескере отырып, кепілдендірілген әлеуметтік пакет алушылар саны да сәйкесінше өзгеріп отырады, сондықтан ақпан айының азық-түлік топтамалары наурыз айында беріледі.
Айта кетейік, азық-түлік жиынтығы балалардың жас санатына байланысты құрамы бойынша ерекшеленеді: 1-ден 3 жасқа дейін және 3-тен 6 жасқа дейін, бірақ әлеуметтік пакеттің құрамы аймаққа қарамастан бірдей болады. Жинақтардың құрамы физиологиялық ерекшеліктерді, азық-түліктің тағамдық және энергетикалық құндылығының арақатынасын және жасына сәйкес оларды пайдалану нормаларын ескере отырып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдары негізінде қалыптастырылды. Жинақтар әртүрлі жармаларды, пюрені, шырынды, сүтті және т.б. қамтиды. Өнімдер витаминделген, бұл өсіп келе жатқан ағзадағы витаминдердің жетіспеушілігін толықтыруға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, тоқсанына бір рет табысы аз отбасыдағы әрбір балаға (1 жастан 6 жасқа дейін) гигиеналық құралдар жиынтығы беріледі.
Әр өңір әлеуметтік пакеттер беру жөніндегі жұмысты алушыға жеткізу жолымен немесе тарату бекеттері арқылы ұйымдастырады.
6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектептерде ыстық тамақ, оқу құралдары мен мектеп киімін беру көзделеді. Сондай-ақ осы санаттағы балалар үшін мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтелетін болады. Бұл мәселелерді ҚР Білім және ғылым министрлігі үйлестіреді.
Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады. Табысы аз отбасылардың балаларын әлеуметтік қолдаудың бұл бағыты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына жатады.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша АӘК тағайындау механизмі оның айқындылығын, әділдігін және еңбекке деген ынтаны қамтамасыз ету мақсатында түзетілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды