ЖАҢА МЕКТЕП – ЖАҢА ЗАМАН ЖАРШЫСЫ

0 256

Биыл елордамызда құрылысы енді біткен төрт жаңа мектеп қолданысқа берілді. Соның бірі – №70 мектеп-лицейдің ең алғашқы қоңырауына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

– Мемлекет сапалы білім алу үшін жағдай жасауға ерекше назар аударып келеді. Тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде біз жүзеге асырған істер дамуымыздың іргетасына айналды. Ағынға қарсы жүзіп үйреніңдер, сәл аялдадың ба – толқын сені кері ала жөнеледі. Үнемі ақылыңды серік етіп, біліміңді жетілдіріп, спортпен шұғылданыңдар. Даму үшін білім мен спорт сендердің алдарыңда жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген құттықтау сөзінде.

Қазақстан Президенті тек биылдың өзінде елімізде 146 жаңа мектеп есігін ашқанын, ал 2015 жылға дейін 522 мектеп салынатынын айтты.

– Заманауи жабдықтармен жабдықталған бұл мектепте 1200 бала білім алады. Бүгінде Астанада 270-ке жуық білім беру мекемесі жұмыс істейді. Егер өткен жылы Астана мектептерінде бірінші сыныптарға 10 мыңға жуық бала қабылданса, олардың қатары биыл 12 мыңнан асты. Бұл – елорда­мызда халық санының қарқынды өскенінің көрсеткіші. Бұл мектепте спортпен шұғылдану, рухани және мәдени даму үшін барлық жағдай жасалған. Өткен жылы астаналық оқушылар халықаралық олимпиа­далар мен ғылыми конкурстардан 23 алтын медаль жеңіп алды. Енді осы жоғары деңгейді астаналық оқушылар да, ұстаздар да өз биігінде ұстап тұруға тиіс, – деп Елбасы білім айдынындағы жетістіктер туралы пікірін шегелеп айтты.

Жаңа лицей Б.Момышұлы көшесі мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысында, Оқушылар сарай­ына іргелес орналасқан. Атал­мыш лицей бірінші сыныптан үш тілді меңгертуге лайықталған. Негізгі бағыты жаратылыстану-математикалық білім беру. Жетінші сыныптан жоғары қарай сынып­тарда осы пәндер ағылшын тілінде өткізілетіні де зор мақтаныш болмақ. Мектеп-лицейдің жалпы аумағы – 10 мың шаршы метр. Бірінші сынып оқушылары үшін ло­гика, шахмат және тоғызқұмалақтан қосымша үйірмелер өткізу үшін ұзартылған күн тобын ұйымдастыру жоспарланған. Мұнда 44 оқу кабинеті, 360 орындық акт залы, оқу залы мен кітапхана, 356 шар­шы метрлік асхана, ағаш, металл өнімдерімен жұмыс жасау, мата өңдеу, сондай-ақ аспаздық шебер­ханалары бар. Ауданы 422 және 276 шаршы метр болатын спорт, гимна­стика залдары жасақталған.

№70 мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жа­малхан Іңгебаеваның айтуынша, қазіргі кезде 70 мұғалім жұмысқа қабылданған. Оның 25 пайы­зын жоғары оқу орнын жаңадан тәмамдаған жас мамандар мен магистрлер құрайды. Сондай-ақ, оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін бірінші және жоғары санаттағы ұстаздарды қабылдауға басымдық көрсетілген.

«Мемлекеттің істеп отырған барлық шаруасы жастарды тәрбиелеп өсіріп, 21 ғасырға сай, ең жоғарғы деңгейде білім беру», – деп түйіндеді Мемлекет басшы­сы. Салтанатты рәсімге ерекше көңіл-күймен келген бүлдіршіндер Елбасы алдында ән салып, тақпақ оқып, өнерлерін ортаға салды. Ұстаздар мен ата-аналар да алғашқы қоңыраудың үніне елтіп, бейбіт күннің ашық аспанына түрлі-түсті шарларды ұшырған балаларына қарап қуанышқа кенелді.

Шынар ӘБІЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen − 1 =