Жаңа маусымда – «Алпамыс»

0 12

18 қыркүйекте еліміздегі бірегей өнер ордасы – «Астана Опера» теат­ры жаңа маусымын «Опералық классикаға саяхат» атты гала-опера бағдарламасымен ашады.

Гала-опера театрдың үлкен залы сахнасынан онлайн өтеді. Бағдарламаға ұлттық және әлемдік операның інжу-маржанына айналған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз», П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операларынан көріністер еніп, тыңдармандар алдында елордалық группаның талантты солистері өнер көрсетеді.
Театр дирекциясы осы жылдың екінші жартысы пен алдағы жылы жұртшылықты айтулы премьералар мен әсерлі сезімге бөлейтін концерттік бағдарламалар күтетінін айтады. Қазан айының басында Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» операсының премьералық онлайн-көрсетілімі өтеді. Сонымен бірге В.Моцарттың музыкасына көрнекті хореограф И.Килианның қойылымындағы «Алты би» эксклюзивті балеті мен Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсы және Т.Қажығалиев, Р.Гайсин мен К.Пино-Кантананың музыкасына Патрик де Бананың қойылымындағы «Дала үні» ұлттық балеті ұсынылады.
– Бұл маусымды біз өзімізге тосын форматта ашқалы отырмыз: әртістер залдағы көрерменсіз сахнада өнер көрсетеді. Қойылымдар мен концерттердің тікелей көрсетілімдері қыркүйек айына жоспарланып отыр. Қазіргі сәтте солистер осыншалық ұзақ үзілістен кейін жұмысқа белсене кірісіп кетті. Олар дайындық залдарында өнерлерін шыңдауда, алайда тыңдармандармен алғашқы кездесуіміз онлайн-форматта өтетіндігіне қарамастан, сөзсіз қобалжу үстінде. Театрдың көркемдік кеңесі ұлттық және әлемдік опера мен балет классикасын, камералық музыка концерттері және балалар мен жасөспірімдер аудиториясы бағдарламасын қамтитын сегізінші маусымның мазмұнды репертуарын әзірледі. Көптеген жоспарларымыз коронавирус пандемиясының кесірінен жүзеге асырылмаған бола­тын. Карантинге қарамастан, біз онлайн режимде белсенді жұмыс атқардық, көптеген түрлі жобалар жасадық және қашан да біздің театр­­­­дың­ өнерін сүйіп тамашалайтын азаматтардан оң пікірлер мен хаттар түрінде жауаптар алып отырдық, – деді «Астана Опера»театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.
Айта кетейік, сегізінші маусымда балдырғандарға Тибор Кочактың музыкасына жазылған Дьюла Харангозоның «Ақшақар мен жеті ергежейлі» балеттік спектаклі қызықты интерпретацияда жол тартады. Сондай-ақ театр алдағы жылдың басты жаңалығы ретінде, Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» ұлттық операсын жұртшылыққа тарту етеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 7 =